Энергетика мамандарын даярлау мәселесі бойынша Энергетика министрлігінде жиналыс өтті

Энергетика мамандарын даярлау мәселесі бойынша Энергетика министрлігінде жиналыс өтті


11.07.2024 Барлық жаңалықтар


11 шілдеде Астанада Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінде вице-министр Сұңғат Есімхановтың төрағалығымен елдің энергетика саласы үшін кадрларды даярлау мәселелері бойынша жиналыс өтті.

Жиналысқа ірі энергетикалық компаниялардың басшылары – «Самұрық-Энерго» АҚ, «KEGOC» АҚ, «ЦАЭК» АҚ, «Kazakhmys Energy» ЖШС, «Еуразия Груп» ЖШС, «Қазақстандық коммуналдық жүйелер» ЖШС, Қазақстан электр энергетикасы қауымдастығының өкілдері және елдің басты энергетика университеті – Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің (Energo University) басшылығы қатысты.

Жиналысқа қатысушылар энергетика саласында кадр тапшылығы жағдайында салалық мамандарды даярлайтын университет пен бүгінгі студенттердің жұмыс берушісі болып табылатын өндірістік компаниялардың бірігу қажеттігін атап өтті.

Energo University ректоры Ғани Нығыметов энергетикалық компанияларға университеттің Индустриялық кеңесіне кіруді және осы алаңда диалог негізінде энергетика саласындағы білікті мамандардың тапшылығы мәселелерін, сондай-ақ жақында Президент қол қойған «Жылу энергетикасы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының аясындағы міндеттерді бірлесіп шешуді ұсынды. Қатысушылар жаңа бастамаларға, соның ішінде инженерлер қатарынан өз қызметкерлерін оқытуға арналған нысаналы гранттарды қаржыландыруға толық қолдауларын білдірді.

Жиналысқа сондай-ақ Алматы энергетика және байланыс университетінің халықаралық серіктесінің өкілі – Мәскеу энергетика институтының халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Александр Тарасов қатысты. Ол Energo University-мен бірлесіп энергетиктерді мақсатты даярлау орталығын құруға және АЭжБУ базасында МЭИ-дің толыққанды филиалын ашуға қызығушылықты танытты. Бұл салаға жас білікті кадрларды күшейтуге және оларды тікелей компаниялардың сұраныстары бойынша даярлауға мүмкіндік береді.

Бұдан басқа, осы жылдың қыркүйек айында АЭжБУ базасында Анхальт қолданбалы ғылымдар университетінің (Германия) филиалын ашу жоспарлануда. Бұл халықаралық серіктестіктің форматы Қазақстандағы энергетикалық білімнің сапасы мен тартымдылығын арттыруға елеулі үлес қосады деп күтілуде.

ENERGO UNIVERSITY