04.12.2024 Барлық жаңалықтар
Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінде (Energo University) инженерлік білім беру саласындағы Республикалық оқу-әдістемелік бірлестігінің энергетика саласына кадрларды даярлау мәселесіне арналған кеңейтілген отырысы өтті.
Іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің, ҚР Энергетика министрлігінің өкілдері, сондай-ақ «Қазатомөнеркәсіп», «Қазақстан атом электр станциялары» сияқты ірі энергетикалық компаниялардың және басқа да сала кәсіпорындарының өкілдері, сонымен қатар Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты.
Сарапшылар салада кадр тапшылығының өткірлігін және жастардың энергетикаға, әсіресе оның бір бағыты – жылу энергетикасына деген қызығушылығының төмендігін атап өтті. Сонымен қатар, бұл саланың рөлі жыл сайын артып келеді, себебі оның өнеркәсіптің дамуына, экономикалық өсімге және Қазақстан азаматтарының әл-ауқатына тигізетін ықпалы зор.
Сала ардагері, «Самұрық-Энерго» АҚ басқармасында ұзақ жылдар бойы қызмет атқарған және Energo University-дің Қамқоршылар кеңесінің мүшесі Тютебаев Серік білім беру ұйымдарынан бастап бейінді министрліктерге, энергетикалық компанияларға және пікір көшбасшыларына дейін барлық қатысушылардың бұл мамандықтың беделін арттыруға белсенді түрде қатысуы қажеттігін атап өтті.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің төрағасы Кобенова Гүлзат осы бағытта министрлік жүргізген жұмыстармен, соның ішінде «Жылу энергетикасын» білім беру бағдарламаларының жеке тобына бөлу арқылы талапкерлерді тартуға арналған шараларымен бөлісті.
Отырыс қорытындысы бойынша энергетика мамандығының беделін арттыру бойынша барлық мүдделі тараптардың бірлесіп жұмыс жүргізуі туралы келісімі жасалды.