21.05.2020 Барлық жаңалықтар
Инклюзивті білім беру – заман талабы
Даму мүмкіндігі шектеулі мүгедек тұлғалардың білім алуы қазіргі білім беру жүйесінде ерекше орынға ие болып, еліміздің білім беру саласындағы реформаларда ізгілікке бағытталып отыр. Қазір Халықаралық қауымдастықтың алдындағы басты міндет мүгедектігі бар (денсаулығында даму мүмкіндігі шектеулі) тұлғалар үшін әртүрлі жобалар мен бағдарламалар негізінде «кедергісіз ортаны» ұйымдастыру. Мұнда ең алдымен денсаулық шектеуінің деңгейіне сай барлық адамдарға жалпы және кәсіби білім алатын, қоғамдық өмірге белсенді түрде қатыса алатын инклюзивті білім беру кеңістігін қалыптастыру туралы айтылады. Бүгінгі күні денсаулығында даму мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін бейімді әлеуметтік ортаны құру дүниежүзілік қауымдастықтың жалпы, атап айтқанда Қазақстандық қоғамның да стратегиялық дамуының бір бағыты болып отыр. Мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында «Мүгедектер құқықтары туралы» БҰҰ Халықаралық конвенциясы, елімізде 2015 жылдың 20 ақпанында ратификацияланып Заңдар әзірленді. Аталған Конвенцияның Ережелік нормаларын жүзеге асыру үшін, 2015 жылы «ҚР-ның мүгедектердің құқықтарын қорғау мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданып 24 заңнамалық актілерге түзетулер енгізілді. Мұнда басты назарда, мүгедектердің табысты жұмыспен қамтылуы мен өздеріне тиісті орын табуының маңызды шарты ретінде, олардың жоғарғы білім алу мүмкіндігін қамтамасыз ету болып отыр. Осы орайда ЖОО-на өте маңызды міндеттер жүктелді. Атап айтқанда, даму мүмкіндігі шектеулі мүгедек тұлғалардың педагогикалық проблемаларын зерттеп, оларды шешуде әлемдік тәжірибеге сүйеніп, отандық мамандарды тартып әрі бірігіп жұмыс жасау қажет. Оқу орындарында педагогикалық-психологиялық кеңес беретін орталықтар ашып, дефектолог, сурдопедагог, тифлопедагог және т.б. мамандарды тарту қажет. Профессор-оқытушылар құрамының біліктілігін арттыру мақсатында қайта дайындық курстарынан өткізу қажет. Оқу бағдарламаларын да қайта қарап толықтыру. Оқу орындары талапқа сай жабдықталуы тиіс.
Инклюзивті білім беруді еліміздің ЖОО-на енгізу барысы жайлап жалғасын тауып келе жатыр. Мысал ретінде Алматы энергетика және байланыс университетіне тоқталуға болады. Қазіргі уақытта университетте даму мүмкіндіктері шектеулі студенттер де білім алуда. Университеттің талапқа сай жабдықталуы жағын айтар болсақ, оқу ғимараттарының басым бөлігінің бұрыннан қалыптасқан жобалық ерекшеліктеріне байланысты бірден кедергісіз ортаны толық құру мүмкін емес, өйткені ғимараттарға қайта жөндеу жүргізу үлкен қаржылық салымдарды қажет етеді. Дегенмен бұл бағытта айтарлықтай жұмыстар атқарылды. Университет аумағындағы жаңа (D) оқу ғимараты барлық қажетті талаптарға сай келеді. Яғни, мүмкіндігі шектеулі студенттердің мүдделерін ескеретін стандарттарға сәйкес (автотұрақ, оқу корпусының ішкі қозғалысына кіріс, шығыс мүмкіндіктеріне деген қол жетімділік және т.б.), олардың инклюзивті білім алуына жағдай жасалынған. Сондай-ақ, университеттің басқа да оқу ғимараттарында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, мүгедектер арбасын пайдаланушылар үшін пандус орнатылды. Университет аумағы мен оқу ғимаратына кедергісіз кіруді қамтамасыз ететін ақпараттық элементтермен жабдықталды, атап айтқанда зағиптар мен нашар көретіндерге арналған баспалдақтардың алғашқы және соңғы сатыларына ашық сары түсті жолақтар орнатылған. Еденге ашық сары түспен боялған бұдырлы жабындар төселді.
Техникалық қол жетімділікті қамтумен қатар, университетте мүмкіндіктері шектеулі студенттердің физикалық ерекшеліктерін ескеріп, оқу және оқудан тыс әрекет етуде оларды қолдау жүйесін қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде. Оқу бағдарламаларына түзетулер енгізіліп, жеке сабақ кестесі бойынша оқыту мүмкіндіктері қарастырылып, студенттер үшін қашықтықтан оқыту енгізілді. Әлеуметтік-психологиялық қорғау бойынша да (материалдық көмек, демалыс орындарына тегін жолдама және т.б.) түрлі шаралар ойластырылды. Кеңес беруші қызметтер, психологиялық қызмет көрсету түрлері және институттардың оқу процесін бақылауы ұйымдастырылды. Білім ордасы университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы үшін инклюзивті білім беру саласында біліктілікті арттыру курсын құруды және енгізуді жоспарлап отыр, бұл мүмкіндігі шектеулі студенттермен жұмысты жақсартуға ықпал етеді.
Қорыта айтқанда, инклюзивті бағыт үрдісі білім беру жүйесіне ену арқылы мүмкіндігі шектеулі студенттерді оқуда жетістікке жетуге ықпал етіп, өз саласының білікті маманы болуға, жақсы өмір сүру мүмкіншілігін қалыптастырып, интеллектуалдық әлеуетін жүзеге асыруға көмектеседі. Сондай-ақ, жастарды адамгершілікке, қайырымдылыққа және толеранттылыққа тәрбиелейтіндігі сөзсіз.
АЭжБУ,Әлеуметтік пәндер кафедрасының аға оқытушысы, Әбдіқалық А.Ә.