«Жастар конституциялық құқығын біле ме?» тақырыпта дөңгелек үстел өтті

«Жастар конституциялық құқығын біле ме?» тақырыпта дөңгелек үстел өтті


08.06.2020 Барлық жаңалықтар


Қазақстан Республикасының конституциясына  25 жыл

«Жастар конституциялық құқығын біле ме?» тақырыпта дөңгелек үстел өтті

Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінде Қазақстан Республикасы Конституциясының қабылдануының 25 жылдығына арналған «Жастар Конституциялық құқығын біле ме?» тақырыпта «Әлеметтік пәндер» кафедрасының аға оқытушысы Р.К. Танирбергенова РЭТк-18-2 тобының студенттерімен дөңгелек үстел ұйымдастырды.

      Іс-шараның мақсаты жастар арасында Ата заңымыз жөнінде түсінікті тереңдету, пікірлесу арқылы олардың оң көзқарасын қалыптастыру. Студенттерге Конституция тараулары мен баптарын талдату барысында  міндетіміз басты заңымыздың қолданылу аясын ажырата білетін және бүгінгі өмірмен тығыз байланыста қарай алатын азаматтарды тәрбиелеу болып табылады.

 «Ата Заң - біздің азаттық алғалы атқарған барлық істеріміздің алтын таразысы! Сондықтан, Ата Заңды ардақтау - келешекке керуен тартқан мемлекетіміздің әрбір азаматының асыл парызы. Егемен еліміздің мемлекеттілігін, тәуелсіздігін, демократиялық құндылықтарын айғақтайтын бірден бір құжат - бұл Конституция. Осыны ұмытпайық» – деп кіріспе сөзбен дөңгелек үстелді ашып берген Рабиға Көлекбайқызы, - студенттерді биылғы келе жатқан мерейтоймен құттықтап, Ата заңның тәуелсіз Қазақстан тарихында алар орнының ерекше екендігін атап өтті. Бүкіл ел болып, халықтық референдум негізінде қабылданған Ата Заң - Қазақстан халқының күнделікті өмірінің айнасына айналғанын ескерте отырып, бүгінде тұрақтылығы нығайып, тыныштығы бұзылмаған елдердің қатарында тұрмыс кешуіміз жиырма бес жыл тарихы бар Ата Заңымыздың арқасы екендігін жастардың есіне салды.

         «Жастар қарапайым құқынан хабардар ма?» - деген оқытушының сауалына бірінші болып сөз алған топ жетекшісі  Жүнісбек Алтынай: «Қазақстан Республикасының Конституциясы – Қазақстанның Ата (негізгі) заңы.  Қазақстан халқы мемлекеттік биліктің қайнар көзі – өзінің егемендік құқығын баянды етті. Ата заң қабылданған күн 30 тамыз – мемлекеттік мереке – ҚР Конституциясының күні деп жарияланғанын», - атап өтті. Тарихқа мейрам болып енген күн 1995 жылғы 30 тамыз - Қазақстан Республикасының Конституциясы жалпы ұлттық референдумда қабылданды. Содан бері оған бес мәрте өзгерістер енгізілгенін атап көрсетті: 1998, 2007, 2011, 2017 жылдары және 2019 жылы соңғы түзетулер жасалынған екен. Оның құрылымы кіріспеден, 9 бөлімнен, 98 баптан, көптеген тармақтар мен тармақшалардан тұрады. Конституция – барлық заң салаларының негізі, ал оның нормалары – басқа заңдар үшін басты қағида болып есептеледі. Қорыта айтқанда, «Конституция дегеніміз – қоғамдық және мемлекеттік құрылыс негіздерін, мемлекеттік органдар жүйесін, олардың түзілу реттілігі мен қызметін, азаматтардың құқықтары мен міндеттерін айқындайтын мемлекеттік заң»- деп ойын сабақтады.

Жарыссзді жалғастырған Саримова Айгерим: «жастардың ҚР Конституциясына енжар қарамайтынын, студенттердің әрқайсысының өз мақсаттарына жетуі, өз міндеттерін дұрыс атқаруы, өз еліміздің патриоты болуы арқылы қол жеткізуімізге болады» деп түсіндірді...

Бір жарым сағатқа созылған қызу талқылауды бағыттап отырған аға оқытушы Рәбиға Көлекбайқызы студенттердің талқыға салған мәселелері көкейтестілігін атап, олардың ертеңгі күнге үлкен сеніммен қарайтын ұстанымдарына ризашылығын білдірді: «Бүгінде жастар өз құқықтарын жақсы біледі деп айта аламыз. Себебі, Қазақстан Республикасының Конституциясы күнін АЭжБУ студенттері жыл сайын атап өтуді дәстүрге айналдырған. Құқықтық біліммен тәрбиелеу барысында біз шығармашылық қабілеттердің қалыптасуы мен дамуына, интеллектуалды жеке қажеттіліктерді қанағаттандыруға, студенттердің өнегелі болып өсуіне, әсіресе, патриоттық және азаматтық қасиеттерінің болмысын жаңғыртып, туған жердің мүддесін қорғау мақсатында конституциялық міндеттер мен азаматтық борышын орындауға дайындығын шың­даймыз» – дей келе, белсенді қатынасқан студент жастарға тәлімі терең іс-шараларды университет деңгейінде өткізуге қолқабыс беріп, мұрындық болып жүрген университетіміздің Тәрбие ісі жөніндегі проректор Серік Қапанұлы Махмұтов және Әлеуметтік пәндер кафедрасының меңгерушісі Болат Жоламанұлының аттарынан алғысын білдірді. Студенттерді Егеменді Еліміздің болашағына бей-жай қарамауға шақырды. Ел болашағы келер толқын жастардың қолында болатындығын, бүгінгі жарыссөзге қатынасқан жастардың бағытына көңілдің толатындығын айтып, бүгінгі дөңгелек үстелге қатысып, өз ой-пікірлерін білдіріп, іс-шараның мағыналы өтуіне үлесін қосқан оқытушылар да, шараға қатынасқан студенттер де бір-біріне білім мен ғылым жолында сәттілік тілеп, ризашылықтарын жолдады. 

 

 

 

Танирбергенова Р.К.

Әлеуметтік пәндер кафедрасының аға оқытушысы

ENERGO UNIVERSITY