13 шілде күні -«Жалпы ұлттық аза тұту күні»

13 шілде күні -«Жалпы ұлттық аза тұту күні»


13.07.2020 Барлық жаңалықтар


Құрметті әріптестер, ағайындар, бауырлар,

Дүние жүзін шарлаған жұқпалы індет Қазақстанға да ерекше ауыр тиді. Еліміздегі орын алған індеттің тарауы мен өлімнің көбеюінің себеп-салдары туралы (дәрі-дәрмектің тапшылығы, емдеу орындарының жетіспеуі, қауіпке басын тіккен дәрігерлердің көптеп құрбан болуы т.б.) ақпараттарды күнделікті оқып бәріміздің жүрегіміз ауырады, жылап та аламыз.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та үндеуінде: «Әр қазақ - менің жалғызым» дегендей, әр азаматымыздың қазасы жүрегіме қатты батады. Мынау алапат індет арамыздан талай асылдарымызды жұлып әкетіп жатыр. Бүгінде қара жамылып отырған азаматтарымыздың қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын» - дей келе, 13 шілде күнін «Жалпы ұлттық аза тұту күні» деп жариялады.

Біздің қосарымыз, елімізде мекен еткен әр отандастарымыздың өмірі бізге қымбат және қайғылы жағдай бәріміздің басымыздан өтіп жатыр. Кеше ғана журналистиканың дамылсыз алдыңғы шебінде пневманияға шалдығып өмірден бақилық болғандардың есімдері жарияланды. Қаза болғандар тізімінде аралас болған Республикалық «Айқын» газеті бас редакторының орынбасары, Қазақ руханиятына өлшеусіз үлес қосқан Жолдасбек Дуанабай ағамыз (1990 жылдары алғаш «Лениншіл жас» газетіне мақала ұсынып жүргенде таныс едім), кішіге қамқор азамат, тілші-ғалым, Еуразия институтының деканы Қайрат Мамаділ сияқты курстас жігіттердің кетіп қалғанына көңіл айтамыз. Жаны жанатта болсын деп тілеуден басқа қолдан келер дәрмен жоқ. Биыл университетіміздің 45 жылдығына орайластыра Алматы энергетика институтында 1976 жылы құрылып, аты аңызға айналған «Ұлан» ансамблінің жетекшісі белгілі композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Кеңес Дүйсекеевті «Парасат» клубының құрметті қонағы ретінде шақыру жоспарымызда еді. Ол кісіден де айрылып қалдық...

Үш-төрт айдың өзінде Алматы энергетика және байланыс университетін үлгілі білім ошағына айналдыруға еңбек сіңірген профессор-оқытушылар қауымының көшін бастаған шынайы Ұстаз, Ұйымдастырушы, Ғалымдар болған асыл аға-апаларымыздың да қатары сиреп қалды. Олардың туған-туысқандарына университет ұжымының атынан қайғырып көңіл айтамыз.

Қазақ артына мол байлық қалдырған адамды емес, елі үшін игі істер жасаған, көпке үлгі болған адамды кемеңгер санаған. «Артыңа пұл қалдырғанша, ұл қалдыр, бөз қалдырғанша, сөз қалдыр» деген екен. Жаны жәнәттің төрінен орын алған Ұстаздарымыздың еңбегі, игі істері жалпы адамзат баласы үшін нағыз мұра болып саналады. Олар біріншіден, Ақылды, өнегелі ұрпақ қалдырды; екіншіден, Ақыл-білім беретін, халыққа жақсы-жаманды ұғындырып, ізгілікке жетелейтін ілім-кітап қалдырды.

«Жақсы адамның өлімі де өнеге» деп айтады халқымыз. Марқұмдардың өмірде істеген жақсы істерін көпке үлгі ету арқылы мағыналы өмір сүруге, береке-бірлікке үндейміз. Барлық ауыртпалықтан арылып, халқымызды рухани серпілуге шақырамыз. Жақсы күндеріміз алда деп тілейміз.

Құрметті әріптестер, Сіздерді Тәуелсіз Қазақстанның экономикасы мен мәдениетінің дамуына шешуші ықпал ете алатын, өзгерген қоғамның жаңа интеллектуалдық әлеуетін толықтыратын, ел игілігіне адал еңбек ететін, бойына ұлттық рух пен дәстүрді, өркениетті әлем дамуының озық сипаттарын сіңірген жоғары білікті мамандар даярлаудағы жарты ғасырға жуық уақыттан бері жалғасып келе жатқан даңқты дағдыларымыздан танбайық дегім келеді.

Әлеуметтік пәндер кафедрасының меңгерушісі  Болат Кабдушев.

ENERGO UNIVERSITY