08.10.2020 Барлық жаңалықтар
«Адамзаттың бәрін сүй...» атты бірінші курс студенттерінің тақырыптық декадасының қорытындысы
Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артында сөз қалдырған
- деп төрелігін өзі шешкен Абай бүгін жарқын бейнесімен де, жалынды жырымен де бізбен бірге 175 жыл бойы өмір сүріп келеді, мәңгі өмір сүре бермек те. Мұның дәлелі - қазақтың бас ақыны, композиторы, ағартушы, аудармашы, ойшылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын мемлекеттік және халықаралық деңгейде атап өтіп жатқанымыз. Айтулы оқиғадан қалыс қалмай, 6 қазан күні «Тіл білімдері» кафедрасы да, қазақ әдеби тілінің негізін салушы Абай Құнанбайұлына арналған «Адамзаттың бәрін сүй...» атты бірінші курс студенттерінің онлайн тақырыптық декадасын өткізді.
Декада бірнеше сайыс кезеңінен тұрды. Бірінші кезең бойынша «Өлең-сөздің патшасы» ақынның өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқу шеберлерінің сайысы өтті. «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы ерінбе ...» дегендей, бұл сайыс кезеңінде студенттердің Абай өлеңдерін нақышына келтіріп оқуы, дыбыстық үйлесім, екпін, дауыс ырғағын, әуенін сақтап айтуы сияқты талаптарға сай болуы бағаланды. Қазылар алқасы қатысушылардың жіберген бейнероликтерін осы талаптар бойынша бағалап, үздіктерін анықтады. Сайыс жеңімпаздары: 1-орын - Мағжан Алпамыс, СИБ-20-4; 2-орын иегерлері - Әділ Муфтахи, АУк-20-3 және Кәмшат Сапуанова, ЭЭк-20-8; 3-орын иегері - Зарина Хасенова, ИЭБЭк-10-1 тобы. Бұдан бөлек, қазылар алқасы жатқа оқу шеберлері арасынан бірнеше аталым бойынша студенттерді атап өтті. Олар:"Полиглот. Ең көп тіл білуші" - Алдияр Айсанов, ЭЭк-20-2; "Ең әсерлі орындаушы" - Елина Жалын, РЭТк-20-1; " Ең шынайы орындаушы" - Аружан Нүкен, ЭЭк-20-10; "Шабыттандыру шеберлігі үшін" - Диана Хамзахунова, ЭСХк-20-1; "Ең лирикалық орындаушы" - Акежан Ануарбек, ЭЭ-20-16; "Ең тартымды орындаушы" - Вячеслав Кан, РЭТ-20-3; "Қазақ тіліне сүйіспеншілігі үшін " - Мария Сорокина, АУ-20-6.
Екінші кезең «Абайдың сөз өрнегі» каллиграфия сайысы бойынша да үздіктер анықталды. Каллиграфия- көркем әрі анық жазу өнері. Яғни, қатысушылар Абай өлеңдерін әсемдеп жазу бойынша сайысқа түсті. Ең жақсы деп танылған жұмыстар қорытынды кезеңде көпшілік назарына ұсынылды. Бұл кезең бойынша жеңімпаз деп Айбек Жубанов табылды, АУк-20-13 тобы; 2-орын - Бота Жамадилова, АУк-20-13; 3-орын иегері - Әділ Муфтахи, АУк-20-3. Қазылар алқасы бұл сайыста да бірнеше аталым бойынша студенттер есімін атады. Олар: "Ең әдемі жазу иесі" - Жанат Әмитова, АУк-20-14; "Ең әдемі жазу иесі" - Фархат Хамзин, АУ-20-8; "Бірегей жазу иесі" - Жамбыл Сагидуллаев, ЭЭк-20-9; "Ынталығы үшін" - Диана Хамзахунова, ЭСХк-20-1; Іңкәр Нұрмұханбет, ТЭк-20-1 және Гүлмарал Ашимова, РЭТк-20-2.
Декаданың қорытынды кезеңінде «Жүрегімнің түбіне терең бойла» білімділік пен тапқырлық, шапшаңдықты талап ететін онлайн-викторина өткізілді. Қатысушыларға ұлы ақынның өмірі, шығармашылығы, қайраткерлік қызметі жайлы қызықты сұрақтар мен бейне сұрақтар қойылды. Студенттердің Абай әлемін, Абай мұрасын тануда көп еңбектенгендерін көріп шын көңілден тәнті болдық. Адамзаттың ақылшысы болған Абай шығармаларының өміршеңдігіне, әр кезеңде де өз оқырманының жүрегіне жол табатынына, өшпес мұра боп қалатынына тағы бір мәрте көз жеткіздік. Бұл сайыс бойынша жеңімпаз болып - Әділ Муфтахи аталды, АУк-20-3 тобы; 2-орын - Айсанов Алдияр, Эк-20-2; 3-орын - Көркемай Мирамбек, ПИк-20-1.
Үш сайыс кезеңі бойынша үздік деп танылған студенттер университетіміздің грамоталарымен марапатталатын болады. Кафедрамыздың атынан сайысқа қатысқан студенттерге алғыс білдіреміз!