«ӘЛ- ФАРАБИДЕН ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАНҒА ДЕЙІН: ТАРИХ ЖӘНЕ РУХАНИ ДАМУ» ТАҚЫРЫБЫНДА ОНЛАИН КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

«ӘЛ- ФАРАБИДЕН ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАНҒА ДЕЙІН: ТАРИХ ЖӘНЕ РУХАНИ ДАМУ» ТАҚЫРЫБЫНДА ОНЛАИН КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ


15.12.2020 Барлық жаңалықтар


Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі қарсаңында АЭжБУ-дің 45-жылдық мерей тойына арналған іс-шаралар шеңберінде, желтоқсанның 14-ші жұлдызында Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің Әлеуметтік пәндер кафедрасының ұйымдастыруымен «Әл-Фарабиден Тәуелсіз Қазақстанға дейін: тарих және рухани даму» деген тақырыппен студенттер мен магистраттардың онлайн-конференциясы өткізілді.

Жыл басында жоғары оқу орындары арасында республикалық деңгейде өткізілмек болып жоспарланған ғылыми-практикалық конференция қазіргі еліміздегі карантин жағдайына байланысты университет көлеміндегі онлайн конференция формасында өткізілді. Оған АЭжБУ-дің басышылығы, белгілі ғалым-ұстаздары мен студенттері қатысты. Жалпы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтіп жатқан Әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Республикалық деңгейде Абайдың 175 жылдығы, Ел Конституциясының 25 жылдығы сияқты айтулы даталарға ҚР үкіметі бекіткен қаулыға сәйкес университет ұжымы арнайы іс-шаралар жоспарын жасап, техникалық мүмкіндіктерді жоғары деңгейде пайдаланды. Осы онлайн конференцияны ұйымдастыру шарасына мұрындық болып атсалысқан АЭжБУ-дің тәрбие жөніндегі проректоры Серік Қапанұлы Махмутов және Әлеуметтік пәндер кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Болат Қабдөшевтің еңбектерін ерекше атап өту керек. Жоғары оқу орындары тәжірибесінде сыналып отырған студенттердің онлайн конференциясын ұйымдастырушылар көздеген мақсаттарына абыроймен жетті деп санаймыз. Онлайн конференцияны кіріспе сөзбен ашқан АЭжБУ тәрбие жөніндегі проректоры С.Қ. Махмутов еліміздің әр түкпірінен байланысқа шығып қатысып отырған студенттерді және ғалым-ұстаздарды Тәуелсіздік мейрамымен құттықтап, жаңа форматта өтіп жатқан ғылыми жиынның мән-маңызын, өзіндік ерекшеліктерін айтып жұртқа табыс тіледі.

Келесі кезекте сөз алған Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің ғылым және коммерцияландыру департаментінің директоры Джексенбинов Дамир Жанатбекұлы университет көлемінде атқарылып жатқан ғылыми жұмыстар жобасы жайлы жалпы ақпарат берді. Солардың ішінен жас зерттеушілерге арналған бағдарламалар, оған қатысудың шараттары мен пайдасы, бағыттары турасында жан-жақты әңгімелеп, студенттердің уақытын тиімді пайдалана жүріп ғылыми жобаларға қатысуға шақырды.

Оқытушы-ұстаздар атынан сөз алған философия ғылымдарының кандидаты, профессор Қуаныш Шәкіртұлы өткізіліп жатқан ғылыми-практикалық жиынның әлемдік ауқымы мен ерекшелігін атай келіп, Әл-Фараби мұрасын зерттеудегі «әл-Фарабидің кемел қоғам туралы ойлары», «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» және басқа еңбектеріндегі қоғам туралы терең ойларын талдай келіп, ғұлама ғалым туындыларының қазіргі заманда да өзекті екендігіне баса назар аударды. Осындай мәселелерге ғылыми тұрғыдан зерттеудеге студенттердің талпыныс, еңбектеріне шығармашылық табыс тілеп, конференцияға қатысушыларды келе жатқан тәуелсіздік мейрамымен құттықтады.                      

Саясаттану ғылымдарының докторы, профессор Алтынай Тулеуовна Мухамбедьярова КСРО ыдырағаннан кейін Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы посткеңестік кеңістіктегі өзінің мемлекеттік егемендігін жариялаған соңғы ел болғандығын атай отырып, салыстырмалы түрде Қазақстанның қол жеткізген жетістіктерін қоғамға жеткізе насихаттаудың мәселелерін айқындап берді. Жалпы еліміз саяси сахнада ұсынған адамзаттық мәселелерді шешудің жолдары, өркениетті қоғам орнатудағы ойларын ортаға сала келіп, Алтынай Тулеуовна қазіргі заманғы қоғамдағы саяси-әлеуметтік жағдайлар туралы толғана сөйледі. Әсіресе оқу-тәрбие үдерісіндегі күрделі және ауқымды тауқыметтерге ерекше назар аударды. Бүгінгі халықаралық аренада танымал Қазақстанның әлемдік экономикалық жүйелер арасында өзінің лайықты орнын алды деп сенімін білдірді.

Студенттер атынан бірінші сөз алған Электроэнергетика мамандығының 1 курс студенті Мұратов Исабек бас жиында сөйлеуге мүмкіндік бергеніне ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіре келе, қатысушыларды алдағы Тәуелсіздік мейрамдарымен құттықтады. «Абай және қазіргі қоғам мәселесі» жасаған баяндамасындағы ұлы бабамыздың қара сөздерінен келтірілген дәйекті пікірлері студент жастардың санасына салмақты ой салды. Абайдың өсиетінің жастар үшін маңызы мен мағынасын ерекше тебіреніспен жеткізді. Студенттің сөз саптауы мен өзіндік ойлары, өсіп келе жатқан қазіргі заманғы қазақ жастарының алғырлығын, білім деңгейін, талабы мен жігерін, олардың мақсат-мұратын көрсеткендей әсер қалдырды.

Ағылшын тобында оқитын 2 курстың студенті Турлыбекова Алуа (ЭЭа-19-31), «Адам құқы жүйесіндегі әйелдер құқы (Қазақстанның мысалы негізінде)» деп аталатын баяндамасында қоғамдағы әйелдердің құқығы тарихына шолу жасады. Әйел теңдігі мәселесі ХХ ғасырдың басында жаңа мазмұнға ие болғаны суреттей келе, бүгінгі ахуалының сипаттарын жан-жақты талдап берді. Әйел адам қоғамдағы орнын айқындауға қажетті талап-тілектер мен шарттардың мәніне көңіл аударып, өмірден өз орнын табам деп талпынған қыздарымыз үшін білімнің өте маңызды екендігіне тоқталды.

АЭжБУ-ің Ақпараттық технологиялар мамандығының 2-ші курс студенті И.С.  Баратжановтың «Тәуелсіздік жолы» деген тақырыпқа жасаған баяндамасы өте әсерлі шықты. Азаттыққа қол жеткізудегі шешуші сәт Алматыдағы жастардың көтерілісі жаңғырығы Әлемді дүр сілкіндірген оқиға болғанын мәлімдеді. Нәтижесінде КСРО-ның ыдырауына алып келген және басты себептерін көрсетіп берген бірден-бір тарихи құбылыс болғандығын баса айтты.

Сәл үзілістен соң конференцияның негізгі жұмысы 3 секцияда жалғасты. Атап айсақ, «Әл-Фараби және Абай» модераторы Абрахматова Гулнар Абрайкуловна - ф.ғ.к., ӘП кафедрасының доценті, «Тәуелсіз Қазақстан Республикасы: тарихы, әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуының мәселелері» модераторы Байдильдина Сәуле Хайрулловна - т.ғ.к., ӘП кафедрасының доценті, «Қазақстан Республикасының төртінші Конституциясы» модераторы Мухамбедьярова Алтынай Тулеуовна – с.ғ.д., ӘП кафедрасының профессоры жүргізген секция жұмыстарында 50-ден астам студенттердің баяндамалары талқылауға түсіп, нәтижелері шығарылды.

  Өткен онлайн конференция туралы ойымызды қорытындыласақ, қазіргі «информациялық қоғамға» аяқ басқан заманда, ғаламтордың үстемдігі белең ала бастаған уақытта қашықтықтан білім берудің рөлі өсіп келе жатқандығын мойындауымыз керек. Осы тұрғыдан алғанда, біздің университеттің студенттер үшін алғаш өткізіп отырған «онлайн ғылыми-практикалық конференциясы» үлгі боларлық қажетті бастама деп айтуымызға болады. Бұл тек қазіргі уақытша жағдай тудырған іс-әрекет емес, заман талабы. Бүгінгі «онлайн конференциямызға» бір мезгілде ғалым-ұстаздармен бірге 100-шамасындағы студент жастар қатысып отырды. Ұйымдастырушылардың біліктілігі мен жауапкершілігі нәтижесінде онлайн байланыс ешбір кедергісіз, қалыпты жағдайда сәтті өтті. Болашақта осындай маңызы бар және уақыт пен жер қашықтығы тұрғысынан өте тиімді онлайн ғылыми жиындар мен байланыстардың ұйымдастырылып тұруына тәжірибе жинадық деп айта аламыз. Тек республика шеңберінде ғана емес, халықаралық деңгейде де осындай ғылыми конференциялар ұйымдастыруға болатындығына көз жеткізгендейміз.     

Қуанышқазы МҰХАМЕДЖАН

Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы Энергетика және Байланыс университетінің әлеуметтік  пәндер кафедрасының профессоры

 

ENERGO UNIVERSITY