АЛМАТЫ ЭНЕРГЕТИКА ИНСТИТУТЫНЫҢ ТАРИХЫ БЕТТЕРІНЕН

АЛМАТЫ ЭНЕРГЕТИКА ИНСТИТУТЫНЫҢ ТАРИХЫ БЕТТЕРІНЕН


29.12.2020 Барлық жаңалықтар


 

 

 

 

 

 

АЛМАТЫ ЭНЕРГЕТИКА ИНСТИТУТЫНЫҢ ТАРИХЫ БЕТТЕРІНЕН

(1975-1994 жж)

- 1961 жылдың 1 қазанындағы Орта және жоғары арнаулы оқу министрі Биляловтың В.И. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институты құрамында (қазіргі Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ) энергетика факультетін ашу туралы бұйрығы шықты.

***

- Энергетика факультетінің бірінші деканы, доцент Е.Г. Черкасов болды.

***

- Энергетикалық факультет екі 0303 - «Өндірістерді және қалаларды электр энергиясымен қамтамасыз ету» және 0305 - «Жылу электр станциялары» мамандықтары бойынша инженерлерді дайындауды бастады.

***

- ҚазПТИ-дің ректоры, академик О.А. Байқоңыровтың шақыруымен Ресейдің Томск қаласынан т.ғ.к., доцент Кропанин С.С., т.ғ.к., доцент Новокшонов В.С. (кейін техника ғылымының докторы, профессор), т.ғ.к., доцент Карымов Р.Г., т.ғ.к., доцент Кострыгин В.А. және Украинадан т.ғ.к., доцент Титаренко Ю.А. сияқты тәжірибелі педагог мамандар жұмысқа орналастырылып, түгелдей пәтермен қамтамасыз етілді.

***

- Қазақстанда алғашқы инженер-энергетик мамандарды даярлауда техника ғылымдарының кандидаты, доцент Черкасов Е.Г., факультет деканының орынбасары Бандурина (Мищенко) Н.Х., кейінгі факультет декандары Омаров К.М., Жиенқұлов С.А., кафедра меңгерушілері, техника ғылымдарының кандидаттары, доценттер Кропанин С.С., Каримов Р.Г., Хожин Г.Х., Титаренко В.М., Братчиков В.Н., Ким Ги-Шен, техника ғылымдарының докторлары, профессорлар Тонконогий А.В., Новокшонов В.С., Журавлев В.К. т.б. факультеттің оқу үрдісін ұйымдастыруда, оқу-әдістемелік құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуде, оқу зертханаларының материалдық базаларын қалыптастыруда  ерекше еңбек сіңірді.

***

- 1966 жылы алғашқы инженер-энергетиктер мен инженер-жылу энергетиктердің бітіруші түлектері дипломдарын алып, республикамызбен одақтық көлемдегі қарыштап дамыған өндіріс ошақтарына аттанды.

***

-1969-1973 жылдары энергетика факультетінің деканы болып белгілі ғалым және қоғам қайраткері С.А. Жиенқұлов тағайындалды.

***

- 1970 жылы «Электр станциялары», ал 1971 жылы «Электр жүйелері мен тораптары» кафедралары ашылды.

- Қазақстан Коммунистік партиясының Орталық Комитеті және Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1974 жылғы 4 қазанда № 526 қаулысы қабылданып, онда «Алматыда 1975 жылдың 1 қаңтардағы В.И. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтының энергетика факультетінің базасында Алматы энергетика институты құрылсын», - деген шешім шығарылды.

***

- Қазақ КСР Жоғары және орта арнаулы оқу министрлігі 1974 жылы 31 желтоқсанындағы № 903 бұйрығына сәйкес Алматы энергетика институтының ректоры болып техника ғылымдарының докторы, профессор қырық жастағы Альберт Васильевич Болотов тағайындалды.

***

- 1975 жылы 1 қаңтарда ҚазПТИ-ның студенттер мен оқытушыларға лық толған акт залында Алматы энергетика институтының ашылу рәсімі салтанатты түрде өтті.

***

- 1975 жылы 1 қаңтарда АЭИ-дің ашылу рәсіміне  Қазақстанның Орта және жоғары арнаулы оқу министрі Тұрғанбек Катаевич Катаев қатысып, институт ректоры Альберт Васильевич Болотовқа жаңа оқу орнының кілтін табыстады.

***

- 1975 жылы Жаңа ашылған оқу орны қазіргі АЭжБУ-нің «Б» ғимаратында орналасты.

***

- 1975 жылы cтуденттерге арналған №1 жатақхана пайдалануға берілді. Қосымша институтқа шаруашылық нысандары беріліп, жер аумағы кеңейтілді.

***

- 1975 жылы «Орбита» шағын ауданынан жатақхананың құрылысы басталды.

***

- 1975-1976 жылдары «А» ғимаратының құрылысы толық аяқталған болатын.

***

- «Алматы энергетика институтының құрылуы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев, Министрлер Кеңесінің төрағасы Әшімов Бәйкен Әшімұлы, КСРО Энергетика министрлігінің, Қазақстан Мемлекеттік жоспарлау комитетінің төрағалары Тауфик Галеевич Мухамед-Рахимов, Калык Абдуллаевич Абдуллаев, Ахметбеков Марат Утеинович, Энергетика министрі Тимофей Иванович Батуров, орынбасары Булат Газисович Нуржанов, Байланыс министрінің орынбасары Қазыкен Базылович Базылов, Қорғаныс министрлігі, республикалық салалық министрліктер тікелей қолдауымен қысқа мерзімде жүзеге асырылған шаруалар болатын».

***

1975 жылдың 14 ақпанында ректор А.В. Болотовтың № 12 бұйрығымен техника ғылымдарының кандидаты, доцент Марат Жүсіпұлы Арыстанов оқу ісі жөніндегі проректор, техника ғылымдарының кандидаты, доцент Әбидулла Өміряев ғылыми жұмыс жөніндегі проректор, техника ғылымдарының кандидаты, доцент Кәміл Байұзақұлы Ермекбаев кешкі және сырттай оқу жөніндегі проректор, Керімтай Нұркерімұлы Бәйімбетов әкімшілік-шаруашылық жұмыс жөніндегі проректор қызметіне  тағайындалды.

* * *

Қазақ КСР Жоғары және орта арнаулы оқу министрі Т.К.Катаевтың 1975 жылдың 14 ақпанындағы № 113 бұйрығымен институт қабырғасында келесі факультеттер ашылды:

1. Жылу энергетикасы

2. Электр энергетикасы

3. Электр механикасы

4. Электр техникасы

5. Кешкі және сырттай оқу.

* * *

Осы қаулыға сәйкес техника ғылымдарының кандидаттары Жігер Айтқазұлы Дәйірбеков - жылу энергетикасы, Геннадий Викторович Стульников - электр энергетикасы, Георгий Оскарович Маркус - электр механикасы, Жүнісбек Құсанбекұлы Әміров - электр техникасы, Гамиль Ходжаевич Хожин - кешкі және сырттай оқу факультеттерінің декандығына тағайындалды.

* * *

Қазақ КСР ЖОО министрінің 1975 жылдың 6 наурызындағы № 171 бұйрығымен 1975 жылдың 10 наурызынан бастап Алматы энергетика институтында 22 кафедра өз жұмысын бастады. Олардың құрамы техникалық білім беретін және жалпы білім беретін кафедралардан тұрды.

* * *

Жылу энергетикасы факультетінің құрамында келесі кафедралар жұмыс жасады: 1) Жылу энергетика қондырғылары; 2) Экономика және энергетиканы ұйымдастыру; 3) Жалпы жылу техникасы; 4) Химия және материалтану; 5) Шетел және орыс тілдері.

Электр энергетикасы факультетінің құрамына: 1) Өнеркәсіп кәсіпорындарын, қалалар мен ауыл шаруашылығын  электрмен жабдықтау; 2) Электрді өлшеу және қолданбалы электртехника; 3) Жоғарғы математика; 4) Физика; 5) Еңбек қорғау кафедралары енді.

Электр механикасы факультетінің құрамына:1) Электр станциялары және кіші станциялар; 2) Электр жетегі және өнеркәсіп қондырғыларын автоматтандыру; 3) Электр машиналары; 4) Қолданбалы механика; 5) Дене шынықтыру кафедралары кірді.

Электр техникасы факультетіне: 1) Электр жүйелері және желілері; 2) Электр техникасының теориялық негіздері; 3) Сызба геометрия және графика; 4) Жоғарғы кернеу техникасы кафедралары берілді.

Жалпы институттық кафедралардың қатарын: 1) СОКП тарихы және саяси экономия; 2) Маркстік-лениндік философия және ғылыми коммунизм; 3) Азаматтық қорғаныс курсы кафедралары құрады.

* * *

1975-1976 оқу жылы АЭИ факультеттерінің құрамында 50-ден 100-ге жуық студенттік топтар және штат кестесі бойынша 218 профессор-оқытушылар болды.

* * *

1975-1976 оқу жылынан бастап инженерлер даярлауды келесі мамандықтар бойынша жүзеге асырды: 1) ЭС - 0301 - электр станциялары; 2) ЭЖЖ (ЭСС) -  0302- электр желілері және жүйелері; 3) ӨКЭЖ (ЭПП) - 0303 - өнеркәсіп кәсіпорындарын, қалалар мен ауыл шаруашылығын электрмен қамтамасыз ету; 4) ЖЭС (ТЭС) - 0305 - жылу электр станциялары; 5) ЭЭ- 0315- электр энергетикасы; 6) ЭЖӨҚА (ЭАПУ) - 0628 - электр жетегі және өнеркәсіп қон­дыр­ғы­ларын автоматтандыру; 7) ҚЭТ (ГЭТ) - 1605 - қала электр транспорты; 8) ЭЭҰ (ЭОЭ) - 1707 - Экономика және энергетиканы ұйымдастыру.

* * *

Институттың М.К. Дүйсебаев партия бюросының хатшысы, М.И. Пак кәсіподақ комитетінің төрағасы, В. Таланов комсомол комитетінің хатшысы болып сайланып, қоғамдық-саяси жұмыстарды жандандырылды.

* * *

1975 жылы ректордың бұйрығымен тағайындалған алғашқы кафедра меңгерушілері Хожин Г.Х., Тонконогий А.В., Выползова М.Н., Новокшонов В.С., Журавлев В.К., Тұрғанбаев И.Т., Митин Ю.С., Көпесов Н., Тихомиров Б.П., Дүйсебаев М.К., Иванов Э.А., Родыгин А.А., Богородский С.В., Тобаяқов Ж.О., Калинина Н.Н. және т.б. болды.

* * *

1975-1976 оқу жылы бос орынға (вакансия) сайлау жүйесі қалпына келтіріліп, бекітілген штат бойынша 128 оқытушы-профессорлар сайлаудан өтті. Олардың ішінде 12 – кафедра меңгерушісі, 17 – доцент, 39 – аға оқытушы, 60 – ассистенттер мен оқытушылар штаттық қызметке сайланды.

* * *

Профессорлар мен оқытушылар құрамы 1976 жылы - 2181977 жылы - 2331978 жылы - 2551979 жылы - 285 адамды құрады.

* * *

1976-1977 оқу жылдарында аспирантураның екі формасында 48 адам білім алды. Оның 26-сы институт қызметкерлері, 18-і өнеркәсіп кәсіпорындары мен ғылыми зерттеу институттары, 2-еуі басқа жоғары оқу орындары (ЖОО)  қызметкерлері, 2-еуі жас маман мен тағылымгер еді. Ұлттық құрамы жағынан 27 орыс, 13 қазақ, қалғандары белорустар, татарлар, кәрістер және т.б. ұлт өкілдері болды. Олардың 3-еуі әйел адамдар болған.

* * *

1975-1976 оқу жылында институтта, жалпы студенттердің саны 2852-ні  құрады. Электр энергетикасы -711; Жылу энергетикасы - 483; Электр техникасы - 432; Электр механикасы - 358: Сырттай бөлім – 868.

* * *

Қазақ КСР ЖОО министрінің 1975 жылы 1 қыркүйектегі № 582 бұйрығымен Алматы энергетика институтында 3, 6, 8 айлық дайындық курстары ашылды. Ол 1975-1976 оқу жылына және одан кейінгі жылдары да 100 адамнан қабылдап отырды.

* * *

1977 жылы 15 тамызда ректордың № 268 бұйрығымен Өскемен қаласында Алматы энергетика институтының филиалы - жалпы институттық факультеті ашылды. 1981 жылы шілдеде ректордың № 32 бұйрығымен Целиноград қаласында (қазіргі Нұр-Сұлтан қаласы) жалпы институттық факультет ашылды.

(Жалғасы бар)

(Кабдушев Б.Ж., Дәкенов М.Д., Байдильдина С.Х. Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің тарихы (1975-2020 жж) – Алматы: «Принт-Экспресс», 2020. 288 б. - кітабынан алынды)

 

ENERGO UNIVERSITY