Студенттердің кәсіби практикасы еңбек өтіліне есептеледі

Студенттердің кәсіби практикасы еңбек өтіліне есептеледі


08.02.2021 Барлық жаңалықтар


Дуалды білім беру аясында Қазақстандық студенттердің кәсіби тәжірибесі еңбек өтіліне саналады, - деп хабарлайды "Хабар 24" телеарнасы.

"Білім туралы Заңға өзгерістер енгізілді. Онда дуалды оқыту туралы шарт енді жұмыс өтілін растайтын құжаттар тізбесіне кіретіні көрсетілген. Қазір министрлік бұйрықтарға, дуалды оқытуды ұйымдастыру ережелеріне және дуалды оқыту туралы үлгілік шарттарға өзгерістер енгізіп жатыр", - деп мәлімдеді ҚР БҒМ Техникалық және кәсіптік білім департаменті басқармасының басшысы Қаламқас Алғазинова.

535 колледж дуалды білім беру жүйесіне көшті. 5 мыңнан астам кәсіпорынмен келісім-шарт жасалды. Қазіргі уақытта 58 мың 600 студент жұмыспен қамтылған.

Дуалды білім беру кезінде студент алдымен колледжде теориялық білім алып, кейін білімін жұмыс орнында практикада қолданады. Әр студентке тәлімгер тағайындалады. Ол мамандықтың қыр-сырын үйретуі қажет. Егер студент өзін жақсы көрсетсе, оны ресми түрде жұмысқа алады. Шәкіртақы сақталады.

"Студенттің еңбегі төленеді. Сондай-ақ, біз кәсіпорындағы жетекшілерге төлемақы төлейміз. Дуалды оқыту жүйесінің 60 пайыз оқудан және 40 пайыз кәсіпорында тәжірибе алудан тұрады. Білім беру жүйесіне бұл өте үлкен көмек, өйткені бала мамандық бойынша кәсіпорында тәжірибеден өтеді, оқиды, өндірістік үдерісті сезінеді", - деп атап өтті Менеджмент және бизнес колледжі директорының орынбасары Раушан Бектұрсынова.

Әрбір колледж дуалды оқытуға қандай мамандықты енгізу қажеттігін өздері шешеді. Оқу орнын тәмәмдаған студент дипломнан басқа қосымша құжат алады. Онда еңбек өтіліне қанша күн есептелгені көрсетіледі.

Ақпарат көзі:https://kaz.tengrinews.kz/science/studentterdn-kasbi-praktikasyi-enbek-otlne-esepteled-318709/

ENERGO UNIVERSITY