Оқу - адамның рухани әлемінің даму кепілі

Оқу - адамның рухани әлемінің даму кепілі


11.03.2021 Барлық жаңалықтар


«Абай  жолы»  АЭжБУ  төрінде 

Ғаламтор әлемді  жаулап  алған бүгінгі таңда көркем шығарма оқу азайып бара жатқаны рас.

М.Әуезовтың өмірі мен шығармашылығын жастар арасында насихаттау  және  жастардың кітап оқуға деген қызығушылықтарын арттыру мақсатында  Ғ.Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті, Тіл білімдері кафедрасының  ұйымдастыруымен  "Абай  жолы" роман -эпопеясына  байланысты өтіп жатқан бұл  Халықаралық  конкурс  осы олқылықтың орнын толтыратыны анық. Конкурсқа қатысушылардың көп болуы, олардың сайысқа белсене қатысуы  әдеби кітаптар оқитын студент- жастардың әлі де бар екенін көрсетті. Осындай  іс-шаралар студенттер арасында  жиі  өткізіліп  тұруы керек. Ғасыр туындысы атанған  "Абай жолы" сияқты классикалық шығарманы білу, оны оқу  -  қазақ халқының салт-дәстүрін, тарихын және тілін жетік білу дегенді білдіреді. Сондықтан,  бұл сайыстың  мемлекеттік тілдің  дамуына  қосар үлесі мол.

Жастар - мемлекетіміздің болашағы. Өз халқының  ана тілін, салт-дәстүрін және тарихын  білетін  жастар  болашақта тәуелсіз еліміздің өркендеуіне  зор үлестерін қосады деп сенеміз.

Бақыт Канленова 

Алматы энергетика және байланыс университетінің

Тіл білімдері кафедрасының аға оқытушысы

Кітап – адамзаттың ортақ құндылығы.

2021 жылғы 10 наурызда Алматы энергетика және байланыс университеті, тіл білімдері кафедрасының  ұйымдастыруымен М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының үздік оқырманы» атты студенттердің халықаралық байқауының қорытынды туры онлайн форматта өтті. АЭжБУ-де техникалық жоғары оқу орындарының арасында алғаш рет қазақ тілінде құдіретті рухани құндылықтарымыздың бірі әдебиет, кітап оқу, кітап сүю тақырыбына  ұйымдастырылып отырған Халықаралық студенттер конкурсына республикамыздың  жоғары оқу орындарының студенттерімен қатар шетелдік жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.

Ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезов 30 жыл өмірін арнап  жазған әлемдік классикалық әдебиеттердің алдыңғы шебінде орналасқан «Абай жолы» эпопеясын еліміздің  әрбір азаматы оқып шыққаны абзал болар еді. Алайда, шындық басқаша. Қазіргі уақытта «Кітап — алтын сандық, Іші толған қазына, құт. Оқы, оқы, ойыңа тұт» деген аталы сөз бәріміз үшін мақсат емес. Бұқаралық ақпарат құралдары мен күнделікті күйбең тіршілікке толы әлемде кітаптар мен кітап оқуға деген қызығушылық бұрынғыдан гөрі азайып барады. Кітап - адамның бойында көптеген ғасырлар бойы сақталып келе жатқан ежелгі мәдени атрибут. Сондықтан кітап оқу мәде­ние­тін ­насихаттау жөнінде жүйелі іс-шаралар жүргізумен қоса, жас буынның әдеби, тарихи, көркем ойлау жүйесін ұлттық мүддеге сай қалыптастыру мәселесін қаперде ұстағанымыз абзал. Осы орайда, әдеби-мәдени құндылықтарымызды жаңғыртуға, жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға септігін тигізетін осындай іс-шаралар  жиі ұйымдастырылса, нұр үстіне нұр болар еді!

Алмухаметова Гүлмира Сатыбалдықызы

                                                   «Тілдерді оқыту» кафедрасының аға  

                                                   оқытушысы, педагогика ғылымдарының 

                                                    магистрі

«Дүние де өзі, мал да өзі...»

Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті Тіл білімдері кафедрасының оқытушылары да өз үлестерін қосты. Кафедра оқытушыларының ұйымдастыруымен «М. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының үздік оқырманы» атты халықаралық студенттер конкурсы онлайн форматта өтті.  Аталған  іс-шара студенттерге қазақ әдебиетінде ғана емес, сонымен қатар  әлем әдебиетінде аса құрметті орынға ие, қазақтың ұлы тұлғасы Абайдың өнегелі өмірін таныстырып, «Абай жолы» романының, жалпы қазақ әдебиетінің  маңыздылығы мен теңдесіз бағасын жете түсіндіруге бағытталды.

Бүгінгі өскелең ұрпағымыз «Білім алудың тамыры ащы, бірақ жемісі тәтті», - деп айтып кеткен бірінші ұстаз Аристотельдің ойлары мен «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе – білім», «Адамшылықты тез жүргізу үшін көп ой керек, ойлау үшін оқу керек», «Қай істің болсын өнуіне үш шарт бар: ең әуелі – ниет керек, одан соң – күш керек, одан соң – тәртіп керек», - деген Мұқтар Әуезовтің ұлағатты сөздерінің абзал екенін әрдайым жадында ұстаса,  ешнәрседен кенде қалмайтындығы ақиқат.

Мұхтар Әуезов – ғасырда бір туатын жазушы болса, «Абай жолы» - ғасырлық туынды, ғасырда бір туатын шығарма. Сондықтан да «Абай жолы» сынды әдеби байлықтарымыздың бұдан кейін де өз бағасын жоғалтпай, қазіргі уақытқа дейін  сақталғаны  секілді келесі ұрпақта да жалғасын табуы үшін  және еліміздің болашағы болып табылатын жастарымызды ұлтжандылыққа баулуда осындай тәрбиелік мәні зор жобалардың жиі ұйымдастырылып тұруы игі істердің бастамасы болар еді.

Тіл білімдері кафедрасының доценті,

филол. ғылымд. канд. Шәрібжанова Ғ. Ғ.

 

 

 

ENERGO UNIVERSITY