29.03.2021 Барлық жаңалықтар
АКАДЕМИК ОРАЗАҚ СМАҒҰЛОВ ӘДІСТЕМЕЛІК СЕМИНАРДЫҢ ҚҰРМЕТТІ ҚОНАҒЫ БОЛДЫ
2021 жылдың 26 наурыз күні Ғұмарбек Дәукеев атындағы АЭжБУ-нің «Әлеуметтік пәндер» кафедра мәжілісінің аясында «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша кезекті әдістемелік семинар өтті. Қазақстанның қазіргі заман тарихы секциясы бойынша Михаил Маркович Кромның «Тарихи антропология» (Алматы: «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры, 2020 жыл. – 204 бет) және Алан Барнардтың «Антропология тарихы және теориясы» (Алматы: Ұлттық аударма бюросы, 2018 жыл – 240 б.) атты кітаптарын оқу үрдісінде қолдану мәселесі талқыға түсті.
Жалпы антропология ғылымы кенжелеп дамып келе жатқан ғылым болғандықтан осы оулықтардағы айтылған ойларды бекіту, оны сабақта тиімді пайдалану жолдарын жетілдіру әрі әдістемелік семинар тақырыбын кеңінен ашу мақсатында арнайы маман шақырған едік. ҚР ҰҒА академигі, Болония академиясының корреспондент мүшесі, әлемдік деңгейдегі танымал антрополог Смағұлов Оразақ Смағұлұлы онлайн қосылып, жалпы антропология ғылымы, оның қиындықтары мен ерекшеліктерін жан-жақты талдап берді.
Академик Оразақ Смағұлов – қазақтан шыққан тұңғыш антрополог және еліміздегі антропология мектебінің негізін қалаушы, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты. Қазіргі таңда академик елордадағы Ұлттық музейдің Физикалық антропология лабораториясының меңгерушісі қызметін атқарып жүр. Әңгіме барысында антрополог ғалым қызы Айнагүл Смағұловамен бірлесіп «Происхождение казахского народа» атты орыс тілінде еңбек жазғандығына тоқталды. Аталмыш кітапқа ғалымның қазақ этносының бет-бейнесі, қан жүйесі, тіс морфологиясы, сезімі, май бүрмесі, тері бедерлері мен қаңқа сүйектеріне жарты ғасырға таяу уақыт жүргізген кешенді, салыстырмалы зерттеуінің нәтижесі топтастырылғандығын және бұл кітап үлкен сұранысқа ие болып отырғандығын айтты. Осы жылы бұл кітап қытай тіліне аударылып, баспадан шығару жоспарлануда. Кітапта қазақ халқын көнеден келе жатқан этнос екендігі ғылыми дәлелдермен негізделген. Антрополог-ғалым өз ғұмырының жарты ғасырын тек осы еңбекке арнаған. Өз сөзінде О. Смағұлов қазақтар антропологиялық ерекшелігі жағынан Еуразияда тұрып жатқан халықтардың бірде-біреуіне қосылмайтын жеке-дара этнос деп атап өтті. Сонау 1966 жылы ерекше зерттеу нысанына алынып жазыла бастаған еңбектің тарихы да, жазылу мен зерттеу әдісі де өте ерекше. Сол жылдардағы еліміздегі 19 облыстың жыл сайын бір-екеуін қамти отырып, 12-ден бастап 60 жас аралығындағы ер және әйел адамдар, қала мен ауыл тұрғындары, әсіресе дала қазақтары көптеп тарту арқылы зерттеу жүргізілген. Өйткені қазақтың популяциялық генетикасы ауыл қазағында жақсы сақталған дейді ғалым.Антрополог О. Смағұлов зерттеулерінің негізгі саласы: адамның бет-бейнесі, бұлшық еттері, қаңқа сүйектері, тіс құрылысы мен қан жүйесі. Ғалымның айтуы бойынша осының бәрін анықтаған кейін ғана көне заманнан өз тарихыңды дұрыстап жазасың.
Қазіргі оқулықтар туралы сұраққа жауап берген ғалым: біздің орта білім беретін мектептерде, жоғарғы оқу орындарында қазақтың шығу тегі жайлы бір бағдарлама жоқ. Ал кейбір оқулықтарда өрескел, жаңсақ тұжырымдар жүр. Оларға үнсіз қарап отыра береміз бе? Мен қазақ тарихын жаза алмаған, бірақ нанын содан тауып жеп жүргендерді өз халқын, қалың елі қазағын босқын, кірме халықтардың қатарына кіргізіп қойған деп есептеймін, - деп ренішін де білдіре кетті.
Бар саналы ғұмырын қазақ ғылымына, оның ішінде өте кенжелеп қалған антропология ғылымына арнаған дара тұлғаның өмір жолы тек жетістіктерден ғана тұрмайды. Сонау қысаң кеңестік идеология салдарынан 1977 жылы баспадан жаңа шыққан «Этническая геногеография Казахстана» атты еңбегі өртелді, ал ғалымға оно гранта жарияланып, соның кесірінен шетелге шығуына тиым салынды және 11 жыл бойы қауіпсіздік қызметкерлері соңынан шырақ алып түсіп, зерттеулеріне кедергі жасалынғаны белгілі. Балалық шағы ХХ ғасырдың 1930 жылдарындағы ашаршылыққа сай келгендіктен әкесі отбасын асыраймын деп сыртта жүргенде аштықтан көз жұмған анасының кеудесін еміп жатқан жас сәбиді тауып алғандар оның тірі қаларына күмәнмен қараған екен. Сол ана сүтінің құдіреті болар, жетім қалған жас сәбидің тағдыры ұлт тағдырымен бірге өріліп, ер жетті, азамат болды, екі бірдей оқу орнында қатар оқыды. Ізденімпаздығының арқасында түреннен жол салып, қазақ ғылымында бұрын зерттелмеген тың тақырып – антропология саласын зерттеуді қолға алды. Ұлт мақтанышы болған академик Қаныш Сәтпаевтан бата алған, айтулы ғалым, академик Әлкей Марғұланның қасына ерген мақтаулы шәкірті бүгінде өзі де 90-ның тұғырына көтерілсе де ғылыми ізденістерін жалғастырып, еліме берерім көп деген мақтаныш сезіммен сөзін аяқтады. Семинарға қатысушы профессор-оқытушылар өтінішімізді қабыл алып, өзінің мазмұнды ғылыми-танымдық ой-пікірлерімен ашық бөліскен академик Оразақ Смағұловты мерейлі 90 жасқа толуымен шын жүректен құттықтай отырып, зор денсаулық тіледік.
Зира ТӨЛЕНОВА
тарих ғылымының кандидаты, доцент