САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІН ҚҰРБАНДАРЫН АҚТАУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ЖӨНІНДЕГІ КОМИССИЯНЫҢ МӘЖІЛІСІ ӨТТІ

САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІН ҚҰРБАНДАРЫН АҚТАУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ЖӨНІНДЕГІ КОМИССИЯНЫҢ МӘЖІЛІСІ ӨТТІ


30.03.2021 Барлық жаңалықтар


САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІН ҚҰРБАНДАРЫН АҚТАУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ЖӨНІНДЕГІ КОМИССИЯНЫҢ МӘЖІЛІСІ ӨТТІ

Алматы қаласы әкімдігі жанындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі комиссияның алғашқы отырысы 2021 жылдың 29 наурызында «Zoom» платформасында өтті. Күн тәртібінде комиссия жұмысының жоспарының жобасын қарау; республикалық және қалалық, ведомстволық мұрағаттардың комиссия жұмысына дайындығын тыңдау; комиссия мүшелеріне құпия құжаттарға рұқсатнама ресімдеу мәселелері қаралды. Басқосуды  Алматы қаласы әкімінің орынбасары Е.Ж. Бабакумаров жүргізіп отырды.

Алғашқы сөзді жұмыстың басты бағыттарын үйлестіру орталығы саналатын Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры З. Е. Кабулдиновке берілді. Жалпы орындалатын жұмыстардың ауқымын жан-жақты баяндай келе Зиябек Ермұханұлы ғылыми мекеме тарапынан қолқабыс ретінде салиқалы ұсыныстар жасалды: «Комиссия жұмысына Алматы қаласындағы жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының Тарих және этнология институты дайындаған ғылыми-сараптамалық әлеуетін тарту; республикалық, қалалық және ведомстволық мұрағаттар басшылығымен тиімді, ауызбіршілікпен жұмыс жасау; комиссия мүшелерінің өңірлердегі, тіпті көршілес Ресейдің мұрағаттардың материалдарымен танысуы үшін Тарих және этнология институтының өзара жасалынған келісімдерін пайдалану; тақырып көлемінде гранттық жобаларға институт арқылы сұраныс беру; қуғын-сүргінге ұшырағандардың ақпараттық базасын даярлау» сияқты жұмыстарды бірлесіп орындауға шақырды.

Академик Ханкелді Әбжанов қуғын-сүргіннің ақтаудың 60 жыл бойына кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келе жатқан ерекшеліктерге тоқталып, комиссияға жұмыс барысында қазақ халқына орны толмас зардабын тигізген репрессияның саяси мәселелерін анықтап алуды өтінді. Жұмыс қорытындысы бойынша Боралдайдағы атылған 16 комиссарға арналған ескерткіш орнату мәселесі, комиссияның зерттеу жұмысына еркіндік беру, қуғын-сүргінге ұшыраған Алматылықтардың тізімдерін жасау сияқты ойларын ортаға салды.

Белгілі баспагер, жазушы Әнес Сарай барлық облыстарда, қалаларда құрылған комиссиялар жұмыс жасайтындығын ескерте келе, Алматының мәдени орталықта орналасуына байланысты мүмкіндігі мол, мамандар да, мұрағаттар да осында, сондықтан бәріне үлгі болу үшін: «арнайы қуғын-сүргінге ұшырағандар порталын ашу; Алматыдағы жабылып қалған бұрынғы КГБ-ның ғимаратындағы мұражайды қалпына келтіру; 31 мамыр күні Жаңалық ауылында ашылған «қуғын-сүргін құрбандары мұражайы» жанында «Аза күнін» атап өту» сияқты ұсыныстарын айтты. Кейінгі сөз алған Ішкі істер органдары, прокуратура, ұлттық қауіпсіздік комитеті өкілдері және ҚР Президент архиві, ҚР Орталық мемлекеттік архивінің директорларының орынбасарлары жалпы құжаттармен жұмыс жасауды тәртібі, шарттары, архив қорлары туралы жан-жақты ақпарат берді.

Алда республикалық, қалалық және ведомстволық мұрағаттардағы құжаттарға қол жетімділікті қамтамасыз ету мақсатында комиссия мүшелеріне  рұқсатнама ресімделуі керек. Кең ауқымды жұмыс енді басталғалы тұр. Сондықтан қатысушылар жақын арада онлайн атқарылатын бірқатар жұмыс бағытын айқындап, комиссияның алғашқы қадамына сәттілік тілеп тарасты.

Болат КАБДУШЕВ

Әлеуметтік пәндер кафедрасының меңгерушісі

Алматы қалалық саяси қуғын-сүргін

құрбандарын ақтау мәселелері

жөніндегі комиссия мүшесі

ENERGO UNIVERSITY