23.06.2021 Барлық жаңалықтар
Қазақстанда колледждерге құжат қабылдау 2021 жылдың 25 маусымында басталады. Қабылдау рәсімі жаңа ережелер бойынша жүргізіледі. Сонымен қатар тегін білім алғысы келетіндер үшін квоталар тізімі кеңейтілді. Бұл жаңашылдықтар туралы ведомствоның Facebook-тегі ресми парақшасында ҚР БҒМ Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Насымжан Оспанова айтып берді.
Биыл педагогикалық, медициналық және шығармашылық мамандықтарды қоспағанда, қабылдау емтихандары болмайды. Конкурс аттестаттағы міндетті және бейіндік пәндердің орташа балы бойынша өткізіледі.
Бұдан басқа, оқытудың ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін ҚР БҒМ «Ақша студентпен бірге жүреді» қағидаты бойынша гранттарды бөлудің жаңа тетігін әзірледі. Яғни, егер бұрын гранттар білім басқармасының колледждері арасында бөлінген болса, енді мемлекеттік тапсырыс талапкерлердің таңдауы бойынша колледждер арасында орналастырылатын болады.
Талапкерлер колледжге құжаттарды екі тәсілмен: «Электрондық үкімет» порталы Egov.kz арқылы немесе тікелей колледжде тапсыра алады. Болашақ студенттер төрт мамандық және төрт колледжге дейін таңдай алады. Конкурс аттестатта көрсетілген міндетті және бейінді пәндерді бағалаудың орташа конкурстық балы бойынша ақпараттық жүйе арқылы өткізілетін болады. Педагогикалық, медициналық және шығармашылық мамандықтар бойынша оқығысы келетін түлектер арнайы, шығармашылық емтихандар тапсырады немесе сұхбаттар жүргізу арқылы тапсырады. Оларды колледждер жанынан құрылған комиссиялар жүргізетін болады.
«Конкурс екі кезеңге бөлінген: 19-22 тамыз аралығында 9-сынып негізінде оқуға түсетін талапкерлер арасында мемлекеттік тапсырысты бөлу өтеді. 11- сынып түлектерінің арасында – 22-25 тамыз аралығында. Бөлінбеген орындар болған жағдайда мемлекеттік білім беру грантымен қамтылмаған талапкерлер арасында қайта бөлу жүргізіледі. Мемлекеттік тапсырыс бойынша оқуға қабылдау туралы ақпарат талапкердің жеке кабинетіне келеді. Колледждерге қабылдау 31 тамызда аяқталады», – деп атап өтті ҚР БҒМ Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Насымжан Оспанова.
Бүгінгі таңда елімізде 795 колледж жұмыс істейді, оның 454-і мемлекеттік. Гранттарды 435 Мемлекеттік колледж және 170 жеке меншік колледж алады. 2021-2022 оқу жылына мемлекеттік білім беру тапсырысы 10 бағыт бойынша және 200-ден астам сұранысқа ие мамандықтар бойынша 97 мың орынға қалыптастырылған.
«Биыл квоталық санаттар тізімі кеңейтілді, енді квоталар 9 санат бойынша қарастырылған. Көп балалы отбасылардан шыққан балалар үшін 5%, осы мәртебесі кемінде үш жыл толық емес отбасылар қатарындағы балалар үшін 1%, бала кезінен мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан, бірінші және екінші топтағы мүгедектер үшін 1% квота қосылды. Балдар тең болған жағдайда квоталық санат және аттестаттың орташа балы ескеріледі», – деп атап өтті Насымжан Оспанова.
Сонымен қатар биыл алғаш рет барлық түлектерге білім басқармаларының ақпараттық жүйелері арқылы кәсіби диагностикадан өту мүмкіндігі беріледі. Диагностика түлектерге мамандық таңдауда көмектесуге арналған және ұсынымдық сипатқа ие.
GOV.KZ материалдары бойынша / / ҚАЗАҚСТАНДЫҚ КОЛЛЕДЖДЕРГЕ ҚҰЖАТТАРДЫ ҚАБЫЛДАУ 25 МАУСЫМДА БАСТАЛАДЫ: 97 МЫҢ ГРАНТ БӨЛІНДІ / / Авторы: GOV.KZ - 2021-маусым 22.