Отклик заведующего кафедрой систем информационной безопасности АУЭС на Послание Президента РК К.Токаева от 2 сентября 2019 года

Отклик заведующего кафедрой систем информационной безопасности АУЭС на Послание Президента РК К.Токаева от 2 сентября 2019 года


04.09.2019 Все Новости


ЖОЛДАУДЫҢ ӨЗЕГІ – ӘЛЕУМЕТТІК ЖАҢҒЫРУ

Мемлекет басшысы Қасымжомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты алғашқы жолдауы  «Заман талабына сай тиімді мемлекет», «Азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету», «Қарқынды дамыған және инклюзивті мемлекет», «Әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі», «Қуатты өңірлер» деп аталатын негізгі бес бөлімнен тұрады.

Жолдау қоғамда қордаланып қалған өзекті мәселелерге арналып, көптің көкейінде жүрген көп сұраққа жауап бергендей. Менің байқағаным Жолдауда ең көп қайталанған, яғни баса назар аударылған мәселе – әлеуметтік сұрақтар. Жолдау мәтінінде «әлеуметтік» сөзі 36(!) рет қайталанып, Жолдаудың барлық бөлімдерінде кездеседі екен.

Білім, ғылым, жастар тәрбиесі саласының өкілі ретінде Президент Жолдауында көрсетілген міндеттерді жүзеге асыруға атсалысу бізге де парыз деп білемін. Әсіресе,  «Біздің міндетіміз – ақпараттық коммуникациялық инфрақұрылымның даму деңгейі бойынша өңірдегі көшбасшылықты нығайту. Үкімет заңнаманы 5G, «Ақылды қалалар», «Үлкен деректер», блокчейн, цифрлық активтер, жаңа цифрлық қаржы құралдары сияқты тың технологиялық құбылыстарға бейімдеу қажет» деп Жолдауда көрсетілгендей, қазіргі таңда мемлекеттік органдар, білім, ғылым ордалары мен өндірістік компаниялардың осы орайда  өзара тиімді ықпалдасуын қажет етеді.

Екіншіден, Президент «Шын мәнінде, мамандар даярлаудың отандық жүйесі нақты еңбек нарығынан тыс қалған.. Өз түлектерін жұмыспен қамту жағынан еліміздегі жоғары оқу орындарының жартысы ғана 60 пайыздық деңгейге қол жеткізіп отыр. Сондықтан олардың санын қысқарту мәселесін қарау керек» деп атап өтті. Бұған дейін де педагогтардың Тамыз кеңесінде «Оқу процесінің сапасын көтермей білім гранттарын кезең-кезеңімен ұлғайту игіліктен біртіндеп іске қосылатын «минаға» айналып кетуі мүмкін», – деп алаңдаушылық білдіріп, мамандық таңдауда еңбек нарығына талдау жасауды ұсынған болатын.  Осыған байланысты, білім сапасын тексереміз деген жаппай «науқаншылыққа» бармай,  жұмыс берушілер мен бітірушілердің, студенттердің  пікіріне сүйенетін ЖОО қызметінің сапасын бағалау шаралары жүзеге асса дейміз. Сонымен бірге еңбек нарығына қажетті мамандар санын анықтаудың нақты механизмін жасау да қазір өзекті мәселелердің бірі. Бұның бір себебі, мемлекеттік кәсіпорындарда қажетті мамандар санын жобалау мүмкін болғанмен, жеке кәсіпорындар мен фирмаларда бұл жағынан нақты ақпарат алу қиын.

Жолдауда көрсетілген мұғалімдер жалақысын көтеру, зейнетақы жинағының бір бөлігін белгілі бір мақсатқа, соның ішінде баспана сатып алуға немесе білім алу үшін пайдалану мәселесін қарастыру сияқты тың шешімдер – жалақысы аз білім саласының қызметкерлері үшін де аса қуанышты жаңалық болды. Бұл өз кезегінде еңбек өтілі 10-15 жылдан асқан қызметкерлердің баспаналы болуына, өз білімдерін жетілдіруге, балаларын оқытуға үлкен мүмкіндік тудыратыны сөзсіз.

Жастарды еріктілер қызметіне тарту, студенттер мен оқушылардың бойында белсенді өмірлік ұстанымдарға қатысты дағды қалыптастыру, сол арқылы азаматтық қоғамды нығайту туралы тың міндеттер де Жолдаудың әуелетін арттыра түседі.

Менің көрсетіп отырғаным – әлеуметтік жаңғыруға байланысты Жолдауда көрсетілген көптеген игіліктің бір бөлігі ғана. Жалпы, Президент Жолдауы көптің көңілінен шықты деп ойлаймын. Ендігі мақсат – Жолдауда көрсетілген міндеттерді қоғамдық бақылау мен қолдаудың негізінде жүзеге асыруға атсалысу деп есептеймін.

Рәт Бердібаев,Алматы энергетика және байланыс университеті Ақпараттық қауіпсіздік жүйелері кафедрасының меңгерушісі,саяси ғылымдарының кандидаты, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері,Нұр Отан партиясы Бостандық аудандық саяси кеңесінің мүшесі

ENERGO UNIVERSITY