АБАЙДЫҢ ТУҒАН КҮНІНЕ АРНАЛҒАН ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ

АБАЙДЫҢ ТУҒАН КҮНІНЕ АРНАЛҒАН ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ

11.08.2021 Барлық жаңалықтар


10 тамыз қазақтың кемеңгер ақыны Абайдың туған күніне арналып, аталатын «Абай Күні»  мерекесі. Жаз айында демалыста едік демей, Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің профессор-оқытушылар қауымы сырттан қонақтар шақырып, студенттерді қосып, «Абай Күні» елеусіз қалмасын деген ізгі ниетпен бас қостық.

Іс-шараны кіріспе сөзбен ашқан университетіміздің ректоры Сағынтаева Сауле Саветовна студент жастарды Абайдың асыл мұрасынан сусындауға шақырып, жиналған қауымды мейрамымен құттықтады. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының аға ғылыми қызметкері,  ф.ғ.к. Көбденова Гүлжиһан Байғазықызы «Жастардың контентіндегі Абай үні» тақырыбында жастарды Абай мұрасымен тәрбиелеудің тәсілдерін айшықтап, көркем презентациясымен тыңдарманды тәнті етті. Алматы технологиялық университетінің «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасының меңгерушісі, филос.ғ.д., Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының корреспондент мүшесі Қодар Зәмзә Мұташқызы Абай шығармаларын орыс тіліне аударудағы терминология мәселелерінің нәзік тұстарына тоқталып, абайтанушы Әуезхан Қодардың аудармашылық тәжірибесімен бөлісті. Кафедрамыздың профессоры филос.ғ.к. Мұхамеджан Қуаныш Шәкіртұлы ойшыл ақынның еңбектеріндегі «толық адам» концепциясын талдай келе, Абай философиясы адамзат ой-танымының шоқтығы деп бағалады. Абайдың туған топырағында дүниеге келген Жарқынқызы Альбина (ПСк-20-6 тобының студенті) ақынның қартайған шағындағы өмірі мен шығармашылығы туралы деректерімен бөлісті.

Дөңгелек үстелдегі әсерлі әңгіме барысында түйгеніміз:

- «Абай күні» Тәуелсіз Қазақстанның 2017 жылдан Үкіметтің шешімімен күнтізбеге енген айтулы мейрамы. Мейрамды атауды тағылымға толы дәстүрге айналдыру керек.

- Мейрамның мақсат-мазмұны әр қазақты Абаймен дос қылу, Абаймен сырластыру, Абайша ұғыну үшін мұрасын насихаттау, үндеу болмақ.

- Өскелең жастарымызды Абай еңбектерін жастанып оқитын күнге жеткізу, ол үшін жоғары оқу орындарында ойшылдың еңбектерін талдап оқуға құрылған арнайы курстар, танымдық іс-шараларды көптеп ұйымдастыру қажет.

Қорыта айтқанда, Абай мұрасы халқымыздың ой-санасын дамытып, шыңдап, білімге ұмтылған жастардың бойында елі мен жеріне деген сүйіспеншілік сезімді оятуға, рухани жаңарып отыруға игі ықпалын тигізері сөзсіз. Еліміздің өсіп-өркендеуі, тәуелсіздігіміздің тұғырын мықтап бекітіп отыруда Абайдың мұраларына мемлекеттік дәрежеде зейін қойғанымыз абзал!

Әлеуметтік пәндер кафедрасының меңгерушісі Болат Кабдушев

Ғ.Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті