11.10.2021 Барлық жаңалықтар
Жоғары сандық технология және әлеуметтік ғылымдар»
«Сіз ғаламторда жоқ болсаңыз, сіз әлемде жоқсыз!»
Жырақта жүрсе де халқына қызмет жасаудың жолын тауып, ісімен адалдықтың үлгісі бола білген шетел қазағының көрнектісі, т.ғ.д., Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры (Түркия), ЕУРАСКА зерттеу орталығының директоры Әбдіуақап Қара университетіміздің профессор-оқытушылар қауымына, докторанттар мен магистранттарға арналған онлайн дәріс оқыды.
«Стамбул университетінің тарих факультетін тәмәмдаған соң ғылыми жолға түсіп, 40-қа жуық кітап жазыппын. Дегенмен табысты жұмыс жасауыма алғашқы электроника мамандығы бойынша алған жоғары техникалық білімімнің көмегі зор болды».
«Бүгінгі әлемде ең қымбат ресурс адамның миы болып бағаланады. Ол жағынан табиғи тағамдар, ет тұтынатын қазақтардың мүмкіндігі мықты. Ауқатты компаниялар осы адамның миымен ойлап табылған жаңа технологиялардың арқасында байып, мемлекеттерінің қуатын арттыруда».
«...заманымыздың жаңа жетістіктері адамдар санасына жаңаша өзгеріс алып келді. Бүгінгі таңда аспан асты ғаламтормен тұтасты. Осы құбылыстарды негізге ала отырып, әлеуметтік ғылымдар саласында зерттеу жүргізуде жоғары сандық технологияның жемісін пайдаланбасақ артта қалатынымыз сөзсіз»
«Әлеуметтік ғылымда сандық тарихшы, сандық әлеуметтанушы атаулы ұғым орнығып келеді. Сандық технологияның мүмкіндіктерін ғылыми жұмыс жүргізуде қолдануға дағдылану керек. Мәселен:
- Тарихшыға қажеттісі деректік материалдардың бәрін пдф түрінде жиып алған соң 100 әдебиеттен кілт сөздер арқылы өзіңе керекті мәліметтердің бәрін оқып жатпай бірден жиып аласыз;
- қалта телефонмен мәтінді оқып, өзіңізге қажетті ақпаратты сұрыптап сызып отырасыз. Сол белгі соғылған деректерді ғана қалдырып, пайдаңа жарататын мүмкіндік тағы бар;
- пернетақтамен жазу уақыт пен күшіңді алатындықтан сөзіңді дауыспен жазып, мәтін түсіріп отыруға болады;
- сандық технологияның көмегімен өзіңізге қажетті ғылыми еңбектерді әлемнің кез келген түкпірінен алуға болады. Бұрындары АҚШ-та бір зерттеу кітабы шықты деп еститінбіз. Ол аударылып, Түркияға келгенше 4-5 жыл өтіп кететін;
- ендігі архивтерді аралап, сабылудың қажеті болмайды. Өркениетті дамыған елдердің бәрі қорларын электронды форматқа көшіріп, құжаттарын зерттеушілер үшін ашық ұстайды;
- ғылыми журналдарды баспа өнімі ретінде ешкім оқымайды, орнын электронды журналдар ауыстырды. Ол қай жағынан алсаң да тиімді әрі қолжетімді;
- енді баяғыша баспадан кітап шығарам деп ойласаңыз, сізді ешкім білмейтін және оқымайтын болады. Тоқетерін айтқанда Сіз ғаламторда (интернетте) жоқ болсаңыз, Сіз әлемде жоқсыз».
Қорыта айтқанда: «Қазақстан ақпарат алмасудан жақсы дамып келеді. Оның бір мысалы онлайн тәсілмен биылдың өзінде сіздермен университет қабырғасында екінші рет кездесіп отырмыз. Бұл да сандық технологияның жемісі».
Білім алушы жастарға тілегім: «болашақ техник мамандар әлеуметтік ғылымдар арқылы заманауи өмірге бейімделетінін түсінуі керек».
Өмірбаяны: Әбдіуақап Қара 1961 жылы 19 қарашада Түркияның Ыстамбұл қаласының Зейтінбұрын ауданында дүниеге келген. Арғы аталары Шығыс Қазақстанның Марқакөл аймағын мекендеген.
Алған білімі техника мамандығы -1982 жылы Боғазичи университетінің Электроника бөлімін бітіріп Стамбул қаласындағы халықаралық Ататүрік әуежайының электроника департаментінде техник маман болып жұмыс жасаған.
1986 жылы Стамбұл университетінің тарих факультетін тәмәмдап, екінші мамандықты иеленеді.
1987-1988 жылдары Стамбұлдағы Осман Мемлекеті мұрағатында жұмыс істеген.
1988-1995 жылдары Германияның Мюнхен қаласындағы «Азаттық» радиосының қазақ редакциясында еңбек етті.
1994 жылдары Мюнхен қаласында «Еуропа Қазақтары» деген атпен кітапша шығарған.
1995 жылы Германиядан Түркияға қайтып, Мимар Синан университетіне оқытушы және ғылыми қызметкер ретінде жұмысқа кірді.
1997 жылы осы университетте «1986 жылғы Желтоқсан оқиғалары» атты магистрлік жұмысын қорғап шықты.
2002 жылы «Мұстафа Шоқайдың өмірі мен күресі» тақырыбында докторлық диссертация қорғады.
2004 жылы «Түркістан жалыны. Мұстафа Шоқайдың өмірі мен күресі» деген кітабы қазақшаға аударылып, «Мұстафа Шоқай: өмірі, күресі, шығармашылығы» деген атпен Алматыда «Арыс» баспасынан жарық көрген.
Әлеуметтік пәндер кафедрасының меңгерушісі
Б.Ж. Кабдушев