«Rubik CTF» ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі турнирді талқылау

«Rubik CTF» ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі турнирді талқылау


13.12.2021 Барлық жаңалықтар


2021 жылғы 10 желтоқсанда Ғ.Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінде Нұр-Сұлтан қаласынан Spectre компаниясының техникалық директоры Расим Батараевпен кездесу өтті. Тараптар АЭжБУ негізінде Қазақстанның жоғары оқу орындарының студенттері үшін CTF (Capture The Flag) форматында «Rubik CTF» ақпараттық қауіпсіздік бойынша турнир өткізу мүмкіндігін талқылады. Жарысқа қатысушылардың алдына «туды» алу бойынша қиын миссия қойылады, онда қатысушылар белгілі бір міндеттерді шешіп, соңғы секундқа дейін өз позицияларын сақтай отырып, жеңіске жетуі керек.

Өткен турнирге МСИБн-19-1 тобында оқитын «Ақпараттық қауіпсіздік жүйелері» мамандығының 2-курс магистранты Елдос Нурекен қатысты. Ол жеңімпаздардың үштігіне кіріп, екінші орынға ие болды. Турнир барысында ол 937 ұпай жинап, өз позициясын сенімді ұстады.  

Ғ. Дәукеев атындағы АЭжБУ негізінде «Rubik CTF» жаңа турнирін өткізу Spectre компаниясымен ынтымақтастықты нығайтады және Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген студенттерге ақпараттық қауіпсіздік саласында дағдыларды үйренуге және сол сала бойынша білімдерін арттыруға мүмкіндік береді.

ENERGO UNIVERSITY