Қазақстандық жастардың алдыңғы қатарындағы АЭжБУ студенттік клубтары

Қазақстандық жастардың алдыңғы қатарындағы АЭжБУ студенттік клубтары


11.02.2022 Барлық жаңалықтар


2022 жылдың 10 ақпанында Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінде бірінші курс студенттеріне арналған «Клубтардың таныстырылымы» атты ірі іс-шара өтті.

«Барлығымыз кездесулер, концерттер мен осы сияқты басқа да іс-шараларды сағындық. Студенттер кәсіподағы комитетіміз бұл іс-шараны жақсы ұйымдастыра алғанын мақтан тұтамын. Бірінші курс студенттері, сіздер студенттік клубтарға қосылу арқылы өздеріңіздің арман-мақсаттарыңызға бір табан жақындай аласыздар.  Мұның бәрі сіздердің өздеріңізге байланысты. Біздің студенттер әрқашан алдыңғы қатарда болды. Мысалы, құрылғанына көп жылдар болған «Children Charity Club» клубымыз бүкіл ел бойынша студенттік еріктілер қозғалысы ұйымдастырылған кезде алдыңғы қатарда болды. Сондықтан біздің клубтар Қазақстанда біршама маңызды мәнге ие. Біздің тарихымыз бай. Мұнда Қазақстанның түкпір-түкпірінен ең белсенді және талантты студенттер келеді. Мен осында отырған бірінші курс студенттері АЭжБУ студент жастарының алдыңғы буынының жетістіктерінен асып түседі деп үміттенемін. Үйреніңіздер және үлгілі істер істеңіздер. Бұл өмірде барлығы өздеріңізге байланысты», - деді Жастар саясаты департаментінің директоры Зарема Абдуллина.

Студенттер кәсіподағы комитетінің төрағасы Айдын Темірбеков бірінші курс студенттерін студенттік өмірге белсенді қатысуға шақырды. «Ертең клубтар жәрмеңкесі ашылады. Ұялмаңыздар! Жоба үйлестірушілеріне келіп, олардан алдағы жоспарланған іс-шаралар туралы сұрап біліңіздер. Біздегі студенттік өмір қызықты сәттер мен пайдалы ақпараттарға толы. Біздің есігіміз сіздердің әрқайсыларыңыз үшін ашық!», - деді ол.

Іс-шара барысында бірінші курс студенттеріне 15 АЭжБУ клубы таныстырылды: 1) Ғибрат, 2) ENACTUS AUPET, 3) Ұлағат, 4) «ССС» (Children Charity Club), 5) StudiA315, 6) M. A. R. S, 7) Жайдарман, 8) КВН, 9) Whymper, 10) SCI.ENGINE, 11) AUES DANCE CLUB, 12) UNIX, 13) Еріктілер лигасы, 14) Energo Debate Club, 15) Ұйымдастыру секторы.

2022 жылдың 11 ақпанында клубтардың жәрмеңкесі ашылды, онда кез келген адам қызығушылық танытқан ақпаратын ала алады, сонымен қатар болашақта осы немесе басқа клубтың толық мүшесі болу үшін кастингке жазыла алады. «Бұл керемет шара. Мен өзім спорт клубын таңдадым, өйткені мектепте баскетболға әуес болдым. Сонымен қатар университетімізде клубтар санының көп екені мені таңқалдырды. Бұл АЭжБУ-да оқуға деген қызығушылығымды  арттыра түсті», - деді бірінші курс студенті Шыңғыс.

Іс-шаралар ҚР барлық санитарлық-гигиеналық нормаларын сақтаумен өтті.

 

ENERGO UNIVERSITY