"Информатика" пәні ҰБТ бейіндік пәндер тізбесіне енгізілді


17.02.2022 Барлық жаңалықтар


Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу қағидаларына енгізілген өзгерістерге сәйкес "Информатика" бейіндік пәнін ҰБТ-ға келесі білім беру бағдарламаларының тобын таңдайтын жоғары оқу орындарына түсушілер тапсыратын болады:
- В011 "Информатика мұғалімдерін даярлау";
- В057 "Ақпараттық технологиялар";
- В058 "Ақпараттық қауіпсіздік".

"Информатика" пәні бойынша талапкерлерге барлығы 35 тест тапсырмасы беріледі. Оның ішінде бір дұрыс жауапты таңдаумен 20 тест тапсырмасы, тәжірибелік тапсырма түрінде берілген контекст негізіндегі бір дұрыс жауапты таңдауға арналған 5 тапсырма, бір немесе бірнеше дұрыс жауапты таңдаумен 10 тест тапсырмасы болады.

"Информатика" пәні бойынша барлық тапсырмаларға дұрыс жауап бергенде максималды 45 балл алады.

Жоғары оқу орнына түсушілер Информатика бойынша тест тапсырмалары жалпы орта білім берудің Мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына, жалпы орта білім беру деңгейінің жаратылыстану-математикалық бағытының үлгілік оқу бағдарламасына сәйкес әзірленді.

Құрметті IT бағыттарына түскісі келетін талапкерлер!

Сіздерге 2022 жылы Ұлттық бірыңғай тестілеу Ережелеріне енгізілген өзгерістерге сәйкес «Информатика» пәні ҰБТ-ның бейіндік пәндері тізбесіне енгізілгенін хабарлаймыз.

Осыған байланысты  «Информатика мұғалімдерін даярлау», «Ақпараттық технологиялар», «Ақпараттық қауіпсіздік» білім беру бағдарламалары тобын таңдаған ЖОО-ға түсушілер 2022-2023 оқу жылынан бастап ҰБТ-да «Математика + Физика» орнына «Математика + Информатика» комбинациясын тапсырады.

Ал 2021-2022 оқу жылында бейіндік пән «Физика» болып қала береді, бұл ретте пилот ретінде талапкерлердің таңдауы бойынша биыл осы дайындық бағыттарына (наурыздағы ҰБТ кезінде) түсу үшін «Математика + Информатика» комбинациясын таңдау опциясы қосымша қолжетімді болады.

Сондай-ақ Ұлттық тестілеу орталығы Сіздерді қолдау мақсатында республикалық ірі білім беру орталықтарымен бірлесіп, «Информатика» пәні бойынша ҰБТ-ға дайындыққа арналған тегін онлайн-сабақтарды ұйымдастырады. Ал толық нұсқадағы үлгілік тест тапсырмалары www.testcenter.kz сайтында жарияланатын болады.

testcenter.kz  материалдары бойынша / / "Информатика" пәні ҰБТ бейіндік пәндер тізбесіне енгізілді/ / Авторы: testcenter.kz- 2021-ақпан 17.