ҰЛТ ТҰЛҒАЛАРЫН ҰЛЫҚТАЙЫҚ!

ҰЛТ ТҰЛҒАЛАРЫН ҰЛЫҚТАЙЫҚ!


28.02.2022 Барлық жаңалықтар


ҰЛТ ТҰЛҒАЛАРЫН ҰЛЫҚТАЙЫҚ! (Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туғанына 110 жыл)

«Қаңтар қасіретінен» кейін тәрбие жұмысын жүргізуде дағдарып қалдық. Жастар алдауыңа сенбейді, бәрін ақпарат көздері арқылы оқып біліп, түйін жасап отыр. Ендігі құндылықтар не болмақ, қандай шаралар өткізбекпіз, қолайсыз сұрақтар қойса қалай жауап бермекпіз деп мазамыз кетіп жүргенде көмекке өздері келе бастады...

 Биыл ұлт мақтанышы, Қазақстанды 1960-1962 жж. және 1964-1986 жылдары басқарып, дамуына айрықша еңбегі сіңген дара тұлға Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туғанына 110 жыл толғаны бәріңізге аян.

Қуантарлығы студент жастарымыз офлайн оқуға келе салысымен «Ұлағат», «Ғибрат» атты студенттік ұйымдарының қоғамдық жұмысын жандандырып, алғашқы тәрбиелік-танымдық кешін тарихи тұлға Қонаев Дінмұхамед аталарына арнаған екен.

Бар мазмұны елімізді есеңгіретіп тастаған «Қаңтар қасіретінің» жарасын жазар тақырып ретінде таңдағаны деп түсіндім. Бүгінгі жемқорлықпен былыққан басшыларға елінің шынайы көшбасшы болар тұлғасының үлгісі осындай-ақ болсын дегендей Қонаев аталарының бар өмір жолы халқына қызмет жасаудан айнымағанын тамаша бейне материалдарды қолданып жеткізгеніне тәнті болдық.

Қонаевтің тектілігі, жоғары инженерлік білім алған ғылым жолы, Қазақстанның ірі кәсіпорындарын басқарғаны, соғыс жылдары Қазақ үкіметінің құрамында жауапты қызметтерде болғаны «ұлағатшылардың» әр баяндамаларында қысқаша презентация, бейнематериалдармен көркемделген.

Қонаев байлық жинамаған адам, академик ретінде төленетін жалақысын жетім балалар үйіне аударып отырған, өзіне арналып салынған қызмет бабындағы кең үйдің жартысын қызметкерлеріне бөліп берген, үйіне күзетсіз, көбіне жаяу қайтатын қарапайым басшы еді. Бүгінгі басшылардың бойынан осынау қасиеттердің келмеске кеткеніне жастардың қынжылғандай әсер қалдырды.

Конференцияда айшықталған мәселелер бойынша университетіміздің қызметкерлері мен ұстаздарының жолдаған бейне сұрақтары тартымды шықты. Талғамы терең студенттеріміз аталарының басшылық қызметіндегі жақсы қасиеттерін таразылап, берген жауабына сыйлықтарын алып жатты...

Студенттердің қатысуымды өтінгеніне орай, сылтау айтпай өзімнің бара қалғаныма риза болдым. Ұлағатты іс-шараны қолдап тәрбие департаментінің бастығы Зарема Абдуллина, орынбасары Қаби Елікбайдың қатысып, қолдағаны, ынталандырғанына мың да бір рахмет! Ең бастысы студенттердің жауапкершілікпен, үлкен дайындықпен бағыштаған, Ұлы аталарының тағылымды өмірінен тәлім үйренуге жастарды үндеген тамаша іс-шарасына куә болдық, тамашаладық.

«Жарайсыңдар «ұлағатшыл» студенттер, еліміздің ертеңін түзейтін жастарымыз осындай болу керек. Қонаев аталарың сияқты  еліне адал қызмет қылар тұлғалар сендердің араларыңнан шығу керек» деген тілек-ниетімізді айттық. 

Әлеуметтік пәндер кафедрасының меңгерушісі

Болат Кабдушев

Фотосуреттерді ұсынған Вадим Краснопольский.

ENERGO UNIVERSITY