ПОЛЬШАДАҒЫ АЭжБУ ДЕЛЕГАЦИЯСЫ: Талқыланатын мәселелер – студенттермен алмасу және бірлескен зерттеулер

ПОЛЬШАДАҒЫ АЭжБУ ДЕЛЕГАЦИЯСЫ: Талқыланатын мәселелер – студенттермен алмасу және бірлескен зерттеулер


05.04.2022 Барлық жаңалықтар


4 сәуірде Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті делегациясының Польшаның Вроцлав қаласына жұмыс сапарының бірінші күні сындарлы және достық жағдайда өтті.

Польшадағы АЭжБУ өкілдерінің сапарын Вроцлав  агломерациясын дамыту агенттігі ұйымдастырды, олармен өткен жылдың қазан айында Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.  Агенттіктің негізгі міндеттерінің бірі Вроцлав университеттерінің шетелдік жоғары оқу орындарымен байланысын кеңейту және дамыту болып табылады. АЭжБУ делегациясын ректор, профессор Сауле Сагинтаева басқарады.

Жұмыс сапары 4 сәуірде Вроцлав технологиялық паркіне барудан басталды. Кәсіпкерлікті қолдау бөлімінің директоры Доминик Мажец бизнес-құрылымдар мен академиялық, университеттік ортаның өзара тиімді ынтымақтастығын қамтамасыз ету үшін атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді. Талқылау және пікір алмасу барысында Доминик Мажец ЖОО-мен өзара әрекеттесу және студенттерді кәсіпкерлік қызметке тарту және оларға түрлі жобаларды іске асыруға көмек көрсету тәжірибесімен бөлісті. Технопарктегі диалог, бір жағынан, қазақстандық ғалымдар мен поляк компаниялары мен жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастық пен ықтимал бірлескен жобаларды іске асыру үшін маңызды қадам болды. Сонымен қатар, кездесу АЭжБУ қабырғасында студенттердің өз стартаптарын әзірлеу бойынша жұмысын ұйымдастыру тұрғысынан пайдалы болды.

Келесі диалог Магдалена Окуловская басқаратын Вроцлав агломерациясын дамыту агенттігінің басшылығымен өтті.  Study in Wroclaw жобасының директоры Мирослав Лебедь шетелдік университеттермен ынтымақтастықты дамыту бойынша қызмет бағыттарын ұсынды. Өз кезегінде Халықаралық байланыстар департаментінің директоры  Мадина Алиярова өз баяндамасында Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің жетістіктері мен әлеуеті туралы айтты. Содан кейін АЭжБУ ректоры Сауле Сагинтаева өзара іс-қимылдың ықтимал бағыттары туралы өз көзқарасын білдірді. Солардың бірі аясында «Автоматтандыру және басқару» кафедрасының меңгерушісі Игорь Федоренко Алматы энергетика және байланыс университеті базасында Schneider Electric, Siemens, Honeywell, National Instruments және басқа да әлемге әйгілі компаниялармен құзыреттілік орталықтарын құру тәжірибесімен бөлісті.

АЭжБУ делегациясының тағы бір кездесуі 4 сәуір күні Вроцлав қаласында Жаратылыстану ғылымдары университетінде өтті. Осы жоғары оқу орнының Интернационалдандыру мәселелері жөніндегі проректоры Хелмонская-Сойта оқу және ғылыми-зерттеу қызметі туралы айтып берді. Диалог барысында тараптар Вроцлав Жаратылыстану ғылымдары университетінің Экологиялық инженерия факультетімен ынтымақтастық жолдарын белгіледі.

5 сәуірде АЭжБУ делегациясы политехникалық университет  – әйгілі Вроцлав Политехникасына барады, оның басшылығымен кездеседі және Басқару және электротехникалық факультетте болады.   Ал 6 сәуір күні Алматы энергетика және байланыс университетінің өкілдерін Германияда күтіп отыр.

                                                                  Жылу энергетика және басқару жүйелері институты 

ENERGO UNIVERSITY