ЖАТАҚХАНАДАҒЫ КАФЕДРА КҮНДЕРІ

ЖАТАҚХАНАДАҒЫ КАФЕДРА КҮНДЕРІ


12.04.2022 Барлық жаңалықтар


Студенттеріміз тұратын №3 жатақханада болдық. Кірген беттен келбетінен алған әсеріміз кеңес дәуірінен мұраға қалған тұрғын ғимаратына күрделі жөндеу жасалғанына куә болдық. Жарық фойе, ішетін таза суы, ай-ди картамен кіру іші-сырты бейне бақылау жүйелері жұмыс жасап тұр. 
5-ші қабаттағы шағын бөлмеде кездесу өтті
Профессор Нұрпейіс Еділ Мейірханұлы наурыздың 16-сы күнгі Президент Жолдауындағы «Жаңа Қазақстан» идеясының айналасында көкейтесті мәселелер туралы әңгіме қозғауға шақырды.
Қиын-қыстау кезеңде Ел басшысы тығырықтан шығу жолдарын айтатын дәстүр Америка сияқты бізде де қалыптасқан. Ең басты үміт осы қиындықты өткеруге қоғамды ауызбіршілікке шақыру.
Біздің трагедиямыз сөз бен істің арасындағы алшақтық. 
Ресейге салынған санкциялардың «жемісін» біз де сезініп жатырмыз. «Құрыдық» деп отыра берсек, сырттан келіп ешкім келіп жағдайымызды түзетпейді.
Осы жағдайды неге оңтайлы пайдаланбасқа?! Мәселен дүниежүзіне астық өндіретін Украинаның жағдайы белгілі, Ресейге шектеу қойылып отыр. Осы сәтте Қазақстан табатын пайдасын дайын өнім деңгейіне қөтеріп, ұн сатуымыз керек.
Біз аш қалатын ел емеспіз. Бірақ үнеммен өмір сүргенді қалыптастыруымыз керек. Адамға пайдасы жоқ артық дүние жинау дарақылық.
Доцент Абрахматова Гүлнар Абрайкуловна Жолдауда айтылған биліктің үш тармағында болатын өзгерістер туралы студенттерге қарапайым жолмен жеткізді. 
Кез келген өркениетті елдің биліктегі ұстанымы заң шығарушы, атқарушы және сот билігін жүзеге асыруда тепе-теңдікті сақтау. Онсыз әділ қоғам орнатам дегені бос әурешілік.
Биліктің қайнар көзі халық деп Ата заңымызда бадырайта жазылған. Ендеше билікті қалауымен табыстап отыр ма деген студенттерге ойландыратын сауал тасталды.
Шынайы «Жаңа Қазақстанды» құрамыз десек, халықтың шынайы қалауы жүзеге асуы керек. Сонда халықтың билікке деген шынайы сенімі болады. Еліміздің әр азаматы «уақытша» көзқарасынан арылып, елі үшін шын ниетімен қызмет жасайды. 
Аға оқытушы Жарқынбаев Елзат Еркінұлы студенттерді қасиетті рамазан айымен құттықтап, дін бағытындағы жақсы-жаманынан сақтануға шақырды. 
Біз елдегі тарихи қалыптасқан қоғам ерекшелігін салмақтай келе зайырлы мемлекет бағытын таңдадық. Ендеше мемлекетті құрушы ұлт ретінде жауапкершілікті сақтауымыз керек.
Оқу орынында қысқа балақ, сақал қою, хиджаб кию қажет еместігін жастарымыз түсінеді. Ондай сыртқы қылықпен оғаштанудан бұрын ішкі рухани байлығың сыртыңа нұрланып шығып тұрса одан асқан бақыт болмас. Аллаға жақын болуды солай түсіну керек.
Намазды кез келген жерде оқу көркемдікке жатпайды. Сіздердің таза білім алуға ұмтылып, қажырлық танытқандарыңыздың өзі сауаптың үлкені.
Сұрақ-жауап тәртібімен өткен сұхбатымыз екі жаққа да пайдалы әсер қалдырды. Бізге өткен кеңестік кезеңде қалған студенттік шақты еске түсірді. Ал, Тәуелсіз мемлекетте туып-өскен жастарымыздың ұясы мен ұшқандағы ілгені өз Отаны Қазақ еліне қызмет жасау емес пе! Ендеше біз керемет Ел болуымыз керек деп нық сеніммен қорытынды жасадық.

Әлеуметтік пәндер кафедрасының меңгерушісі Б.Ж. Кабдушев

ENERGO UNIVERSITY