05.05.2022 Барлық жаңалықтар
Киноқұжаттар өткен дәуірдің
қиындығы мен қызығын
сезінуге мүмкіндік береді.
С. Эйзенштейн
Ұлы Отан соғысының 77 жылдығына орай Ғ. Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті мен ҚР Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбаларының мұрағаты ұйымдастыруымен студенттер мен мұрағат қызметкерлерінің арасында кездесу форматында «Естеліктерге адалмыз» атты іс-шара өткізді. Кездесудің ұйымдастырушысы мен бастамашылдары Тіл білімдері кафедрасының оқытушылары, шараға әлеуметтік пәндер қафедрасының ұжымы да қатысты.
ҚР ОМКҚДМ – елдің визуалды жадысының бірегей әрі жалғыз мұрағаты, мұнда өткен ХХ ғасырдың 20 жылдарынан бастау алатын 50 мың дана киноқұжаттар; 200 мың дана сурет және 17 мың дана дыбыстық жазбалар сақтаулы.
Кездесу ҚР ОМКҚДМ директорының орынбасары С. А. Сатаеваның «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы киноқұжаттар» атты дәрісінен басталды. Ол кісі соғыс жылдарында (1941-1945) Алматыға көшірілген Ленфильм және Мосфильм Орталық Біріккен киностудияларының жұмысы және ҰОС тылдарындағы кинооператорлардың жұмысы туралы қызықты деректермен бөлісті. Мұрағаттың негізгі қорын кинооператорлардың көзсіз ерліктерінің арқасында қол жеткізген отты жылдардың қиындық пен қасіретінен тікелей сезіндіретін ақпараттар құрайды.
Дәрістен соң студенттерге кинохроника кадрларына негізделген фильм ұсынылды. Мұнда Қазақстанның ОККП хатшысы Ж. Шаяхметовтің М. Горький атындағы саябақта соғыстың басталғандығын жариялаған кадрынан бастап Москва түбіндегі шайқастар мен Ленинград қаласындағы шабуылдар және құрамында Рақымжан Қошқарбаев болған Рейхстаг қаласын алу кезіндегі кадрларды қамтитын үзінділер көрсетілді.
Жиналғандар соғыста қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Студенттер әскери кинохроника фонында уақыт пен ұрпақтар сабақтастығын дәлелдей отырып, өз өнерлерін ортаға салды. Олар Бақытбек Перизат (ЭАЭМк 21-3), Әбдіғалиев Ерлан (СИБк-21-8), Алдыоңғаров Әбілхайыр (СИБ 21-11), Кадырхан Елжас (ЕЕа 21-1), Боранбаев Азамат (ЭЭк 21-5), Амантай Саяжан (СИБк 21-5), Аптөреева Шапағат (ЭАЭМк-21-1), Шубай Рамазан (СИБк-21-4). Сахнада соғыс жылдарындағы лирикалық «Тырналар», «Көк орамал» әндері мен Ж. Жабаевтың «Ленинградтық өрендерім», К. Симоновтың «Күт мені», өлеңдері оқылды. Танымал «Смуглянку» әнін зал қосыла шырқады.
Студенттер мен мұрағат қызметкерлерінің алдында Тіл білімдері кафедрасының меңгерушісі М. М. Төлеуп және Әлеуметтік пәндер кафедрасының меңгерушісі Б. Ж. Қабдушев сөз сөйледі. Ол кісілер мұндай кездесулердің ұрпақ үшін маңыздылығына және Қазақстанның Ұлы Жеңіске қосқан үлестерінің салмағына баса назар аударды. ҚР ОМКҚДМ аса ықтиярлықпен сақталып отырған құнды дереккөздер еліміздің құжатты жадысы екендігін де алға тартты. Өткенді ұмытып, алға басу мүмкін емес, өткеніміз – жаңа істердің ұтымды шешімдеріне ықпал ететін қозғаушы күш. Студенттер Ұлы Отан соғысы жылдарына арнайы қойылған көрмеден АЭжБУ-дің ардагері, мемлекет және қоғам қайраткері К. Г. Ахметовтің тылдағы суретін тамашалады.
Мұрағаттың «асханасында», яғни 2012 жылы Франциядан сатып алынған киномонтаждық және дыбысмонтаждық үстелде киноқұжаттарды цифрландыру процесін тамашаладық. Аталған жабдықтың көмегімен таспаларды қайта қалпына келтіруді де жүзеге асыруға болады екен. Рақымжан Қошқарбаев туралы баяндайтын А. Әлпиевтің «Жеңіс Сарбазы» және режиссер И. Савиннің кинохроника жасаушы Я. К. Смирнов туралы «Соғыстың соңғы кадрлары» фильмдерінің кинотаспаларын қалпына келтіру жұмысы көрсетілді. Мұрағат қызметкерлері қордағы таспалар мен негативтерді сақтау жолдарын көрсетті, сонымен қатар профилактикалық жұмыстар мен мұрағаттың цифрлық қорын құрудың маңыздылығын атап өтті. Мұрағаттың цифрлық қорына ОМКҚДМ арнайы сайты арқылы кіруге болады. Ол жерден құжаттар туралы ақпарат пен сол құжаттың электронды нұсқасына қол жеткізуге болатындығын да білдік.
Кездесу мұрағат пен университет арасындағы байланыстың алғашқы қадамы десек те болады. Студенттеріміз мұрағаттың қорымен және ондағы жұмыс процесімен әлі де таныса түскісі келетіндіктерін алға тартты. ОМКҚДМ қызметкерлері өз кезегінде студенттерге Орталық Азиядағы ең үлкен жалғыз аудиовизуалды құжаттардың техникалық мұрағатында жұмыс істеуді ұсынды. Өйткені бұл жерге де заманауи цифрлық технологияны жетік меңгерген жас мамандар аса қажет.