13.02.2024 Барлық жаңалықтар
7 ақпанда Астанада әлемде электр энергиясын оңтайлы бөлу үшін шешімдерді әзірлеуге, өндіруге, инжинирингке маманданған және Energo University (Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті) стратегиялық серіктесі болып табылатын "Таврида Электрик" компаниясы Қазақстанда инновациялық жиынтық тарату құрылғыларын шығаратын өзінің алғашқы зауытын ашты.
Салтанатты ашылу рәсіміне "Таврида Электрик" электротехникалық зауытының директоры Азамат Ардабаев, "Таврида Электрик Астана" компаниясының директоры Бахруз Махаров, "Атамекен" ҰКП Басқарма төрағасы Мұрат Әмірин, Energo University Әлеуметтік және тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры Ермек Кадылбеков және т.б. қатысты.
- Қазақстан Республикасында зауыт ашу "Таврида Электрик" компаниясы үшін өндірісті дамытуда және клиенттерге инновациялық шешімдер ұсынуда маңызды қадам болып табылады. Жаңа зауыт Қазақстанның энергетикалық нарығының қажеттіліктерін тиімді қамтамасыз етуге және өңірдегі әріптестермен ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа ықпал етуге мүмкіндік береді,- деп атап өтті "Таврида Электрик Астана" техникалық-коммерциялық орталығының директоры Бахруз Махаров. - Қазақстанда "Таврида Электрик" компаниясының зауытын іске қосу отандық өнеркәсіпті дамытуға ықпал ететініне, сенімді және тұрақты электрмен жабдықтауды қамтамасыз ету жөніндегі стратегиялық мақсаттарды қолдайтынына сенімдіміз. Жаңа энергетикаға жаңа кадрлар қажет. Сондықтан көктемде біз тағы бір жобаны – Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің базасында болашақтың желілерін модельдеу зертханасын ашуды жоспарлап отырмыз.
Energo University мамандандырылған Зертхана базасында Қазақстанның электр энергетикасы үшін, оның ішінде болашақта Астана қаласының Алматы ауданында орналасқан "Таврида Электрик" жаңа зауытына жұмысқа орналасатын инженерлер үшін жоғары дәрежелі кадрлар даярлау жоспарлануда.
Естеріңізге сала кетейік, Energo University мен "Таврида Электрик" компаниясы арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге өткен жылдың күзінде Астанада өткен "ИННОПРОМ-2023" халықаралық өнеркәсіптік көрмесі барысында қол қойылған болатын. Құжатқа қол қоюға Energo University проректоры Ермек Кадылбеков және «Таврида Электрик» компаниялар тобы» АҚ Бас директорының Маркетинг және өткізу жөніндегі орынбасары, «Энерджинет» ұлттық технологиялық бастамасы жұмыс тобының «Сенімді және икемді желілер» кіші тобының жетекшісі, «Энерджинет» – «Цифрлық ЭЖА» ҰТБ бірінші жобасының жетекшісі- Владислав Воротнитский қатысты.
— Алматы энергетика және байланыс университеті Орталық Азияда энергетика, телекоммуникация, ақпараттық және аэроғарыштық технологиялар саласындағы алдыңғы қатарлы жоғары оқу орны болып келе жатыр. Сондықтан біздің серіктестеріміз "Таврида Электрик" сияқты озық компаниялар болуы кездейсоқ емес", – деп атап өтті Ермек Қадылбеков. – Біз жаңа инновациялық өндіріспен тек университет қабырғасында ғана таныса қоймай, одан тыс жерде танысу мүмкіндігіне ие болғанымыз бізді қуантады.