АТАЛАР МЕН ӘЖЕЛЕРДІҢ РУХЫНА ТАҒЗЫМ!

АТАЛАР МЕН ӘЖЕЛЕРДІҢ РУХЫНА ТАҒЗЫМ!


28.05.2020 Барлық жаңалықтар


АТАЛАР МЕН ӘЖЕЛЕРДІҢ РУХЫНА ТАҒЗЫМ!

Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінде Әлеуметтік пәндер кафедрасының бастамасымен және университет басшылығының қолдауымен «Ұлы Отан соғысы менің отбасымның тарихында» тақырыбында ІІ Дүниежүзілік соғысқа қатынасқан ата-бабаларымыздың ерліктерін баяндайтын біздің университетіміздің студенттерінің үздік шығармаларының қорытындысымен өткенде таныстырған болатынбыз.

Бұл жобамызды қаламыздың Қазақ Ұлттық аграрлық университеті, Алматы технологиялық университеті, Абай атындағы ҚазМПУ студенттері, тіпті сонау Қызылорданың «Болашақ» университетінен, Астана медицина университетінен Павлодар, Қарағандының жоғары оқу орындарынан да конкурсқа жұмыстар келгенін айтқанбыз. Осы жұмыстарды іріктей отырып, кейбірімен таныстыруды жөн санадық.

«Егеменді ел болып отырған Қазақ елінің  жастары, өте бақытты. Өйткені заманымыз тыныш, аспанымыз ашық, уайым - қайғы жоқ. Тек алға мақсат қойып, сол мақсатқа жету барысында ұмтылу ғана қажет. Отан қорғаушы аталарымыз бен әжелеріміздің арқасында тыныш, бейбіт өмір сүрудеміз» - деген Жеңістің Рухы бар жастарымыздың қарызы мен парызы ескерусіз қалмасын деген ниетпен өз алдына бағалап, қорытындысын да төменде жариялап отырмыз.  

 

 

Болат КАБДУШЕВ, т.ғ.к.,

ӘП кафедрасының меңгерушісі

 

 

«Ұлы отан соғысы менің отбасымның тарихында» атты Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арналған қалалық жоғары оқу орындары студенттері арасында өткен конкурс жеңімпаздарын қ ұ т т ы қ т а й м ы з!

«Үздік естелік» бойынша

1 орын: Ержомарт Ә.Ә. «Елімізде мәңгілік бейбітшілік орнасын!»

«технология және биоресурстар»

 факультетінің 1 курс студенті

Қазақ ұлттық аграрлық университеті

Жетекшісі: қауымд. профессор, с.ғ.к. Көпбаева Б.Т.

2 орын: Айдарбек Ж. «Отан үшін еңбек ет, жаман болмайсың!»

Нархоз университетінің экономикалық

колледжінің студенті ЕжА-132

Жетекшісі: оқытушы Теменов А.Д.

3 орын: Нұрғазы А.  «Ата-бабаларымыздың ерліктері жадымызда» 

қаржы-132 тобының 1 курс студенті

Нархоз университетінің экономикалық колледжі

Жетекшісі: оқытушы Теменов А.Д.

Үздік Патриоттық рухтағы шығарма бойынша

1 орын: Талғат А.  «Сөйлеп тұрған Мәскеу!»

ЕжА-132 тобының студенті

Нархоз университетінің экономикалық колледжі

Жетекшісі: оқытушы Теменов А.Д.

2 орын: Молдағали Ж.Д.  Ғасырлар өтсе де ұмытылмайтын ерлік. 

журналистика мамандығы 2-курс студенті

Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық

қатынастар және әлем тілдері университеті

Жетекшісі: аға оқытушы, ә.ғ.к. Әли Ботагөз

3 орын: Жалилов Т.  15-түрлі елдің, 15-ғасырдан аса ұмытылмас ерлігі.

журналистика мамандығының 2-курс студенті

Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар

және әлем тілдері университеті

Жетекшісі: аға оқытушы, ә.ғ.к. Әли Ботагөз

Үздік ЭССЕ

1 орын: Жексенова Ж.И.   «Мен атамды мақтан тұтамын!» 

журналистика мамандығының 2-курс студенті

«Қазақстанның үздік студенті – 2020» төсбелгісінің иегері

Абылайхан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар

 және әлем тілдері университеті

Жетекшісі: аға оқытушы, ә.ғ.к. Әли Ботагөз

2 орын: Тойшибекова Қ.  «Тәуелсіз ғұмыр кешсін деп..»  

қаржы-132 тобының 1 курс студенті

Нархоз университетінің экономикалық колледжі

Жетекшісі: оқытушы Теменов А.Д.

3 орын: Оразбай Г.  Атамекен жер үшін! 

қаржы-132 тобының 1 курс студенті

Нархоз университетінің экономикалық колледжі

Жетекшісі: оқытушы Теменов А.Д.

 

ҰЛЫ ЖЕҢІСТІҢ 75 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛАДЫ

(1945 – 2020 жж).

АТА РУХЫНА ТАҒЗЫМ

 

Пірмахан Л.Қ.

ПМНО-16-І - курс студенті

Болашақ университеті, Қызылорда қаласы

Ғылыми жетекші, ізденуші ұстаз Рахымшаева Ә.Б.

 

Түйін: Бұл мақалада студенттің бабалар салған үлгі-өнегесі жайындағы ата дәстүрін жан-жақты қарастырады.

Кілт сөздер: ұлттық рух, тәуелсіз ел, Отан.

«Жерге тер төгіп, халыққа қан төгіп қызмет ет», - деп Б.Момышұлы атап көрсеткендей Ұлы ерліктің атасы-ҰЛТТЫҚ РУХ [1]. Ұлттық рухты көтерудегі өткеннен сабақ алу маңызды екенін Елбасы Н.Ә.Назарбаев үнемі жастарға арнап: «санамыз ісімізден озық болсын» ақылын айтып отырады[2]. Сол сияқты “Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты –құндылықты сақтай білу” екендігі де қарастырылған.

  Ұлы Отан соғысының ардагері, еңбек ардагері, артиллериялық әскерінің капитаны І, ІІ дәрежелі «Қызыл жұлдыз» ордендерімен, «За отвагу», «За освобождение Белград», «За взятие Будапешта», «За освобождение Киева», «За освобождение Прагы»,«За доблестный труд Великий Отечественной Войне 1941-1945 гг.» медальдарының иегері нағашы атам Спанов Әкбар (Әлиакбар азан шақырып қойған аты) турасында қалам тербеуді парызым деп санаймын. Атам тірі болса биылғы жыл 104 жасқа толар еді. Тар жол-тайғақ кешуді бірге бастан кешкен өзінің жорықтас достарымен қауышып бір жасап қалар еді-ау!

Біздің кейіпкеріміз Қызылорда облысы, Сырдария ауданына қарасты «Қызыл егінші» колхозында 1915 жылдың 1 қаңтарында Пірман әулеті, Спанның отбасында дүниеге келген.

  «Қызыл егінші» колхозында бастауыш 4 сыныпты бітіреді. Қызылорда қаласындағы «Бухгалтерлік есеп»3 айлық курсты оқып диплом алады. Туған ауылында учетчик (счетовод) болып алғаш еңбек жолын бастайды. Шаруашылық іргесі кеңейіп, ауылдық кеңестің секретары қызметін атқарады.  Елді тәркілеу, ашаршылықтан кейін ел есін енді жияр-жимастан ел шетіне жау тиіп, елдің бейбіт өмірінің астан-кестеңін шығарды.

  КСРО мемлекеті көп ұлтты еді. Фашизмнің арам пиғылының бір ұшы да осында жатыр еді, олар бет-бетіне ыдырап, тез жеңіліске ұшырайды-деген Гитлердің ойы теріске шықты.

  Ұлы Отан соғысының алғашқы күнінен бастап, қару ұстауға жарайтын ер азаматтар Отан қорғауға өз өтініштерімен майданға аттанып жатты.

Қазақстандық 500 қыз-келіншек Ақтөбе облысынан майданға аттанды. Халқын, туған жерін жаудың қанды шеңгелінен азат ету әрбір азаматтың айнымас мақсат-мұратына айналды.

  Атамның  ағасы Әлиасқар  майданға аттанады.Артынша біздің Әкбар атамыз 1942 жылдың қаңтарында әскери комиссариатқа өзі өтініш беріп «Отан қорғау борышым . Бауырларымның кегін аламын»-деп соғысқа аттанды [3].

  Ауыр артелеристер қаруының қыр-сырын оқып, әскери дайындықтан өтеді. Үшінші Украина майдан шебіне жіберіледі. Тамыз айында Дон өзенін алу үшін, алғаш ұрысқа қатысады. Дон өзені, Сталинград қаласын азат етуден бастап, Украина, Молдавия, Латвия, Румения, Австралия, Болгария, Польша, Чехословакия, Югословия, Венгрия, Альпі тауын, Варшава елдерінің миллиондаған халқын неміс фашистерінен азат етті. Батыр бабалардың қаны бойында атой салған қазақтың ер жүрек қайсар ұлы талай ерліктің  үлгісін көрсетті.

  Атам Әкбардың майдан жорығына зер салсақ  дүниенің төрт бұрышына табаны тиген, жауынгердің талай сын сағатта қажыр-қайраты мұқалмай, өжет, өр рухты қазақ ұлының ерлігі ұрпақтарына зор үлгі- өнеге, кеудемізді мақтаныш сезімі билеп марқаямыз.

  Дүниежүзі халқын жаулап алып, отарлау саясатында бақайшағына дейін қаруланған қан құйлы Гитлердің «Барбаросса» соғыс жоспарының күлі көкке ұшты.

  Бүкіл әлем алдында Қызыл Армияның ер жүрек жауынгерлері неміс фашист басқыншыларына күйрете соққы беріп, әділет жолындағы соғыстың қаһарман жауынгерлері Берлинде Жеңіс туын желбіретті. Қызыл Армия жауынгерлерінің қаһармандық даңқы арта түсті.

  Елге жеңіспен оралған капитан командирі Спанов Әкбар туған аулында қайта еңбек жолын жалғастырды.

«Қызыл егінші» колхозында бас есепші қызметін атқарады. Кейін шаруашылық іріленіп, «Коммунизм», «Қызыл егінші», «Комсомол» совхозында бас есепші қызметінде ел экономикасын арттыруға өзінің сүбелі үлесін қосады. Кейінгі жылдарда «Комсомол» совхозының орталық қойма меңгерушісі қызметін абыроймен атқарды.

Тараз қаласындағы «ПОШ» жүн қабылдау, өңдеу заводына мыңдаған тонна жүнді, Шымкент қаласындағы Қаракөл заводына совхоз Қаракөл елтірісін өзі апарып жоғарғы сортта өткізіп, «Комсомол» совхозына мыңдаған сомма кіріс келтіретін.

Бейбіт өмірде өз міндетін абыроймен атқарған Спанов Әкбар аудандық, облыстық кеңес маслихаттарының  депутаты, халықтың сенімді өкілі болып бірнеше мәрте сайланды.

«В.И. Лениннің 100 жылдық», «Жеңіске 30 жыл», «Жеңістің 45 жылдығы», «Жеңістің 50 жылдығы» медальдарымен марапатталды [3].

Төрде атамның майлы бояумен салынған үлкен портреті ілулі тұрады. Капитан командирі Спанов Әкбарға омырауында ордендері мен медальдары ерлігінің куәсіндей жарқырайды. Портретте маңдайы жете қарыс, қалың қасты, ат жақты, қабағынан сұстылау реңі байқалғанымен, аясы кең жанарынан мейірім шуағы төгіліп тұр.

Нағашы әжем Алмагүл Тасарық колхозының басқарма бастығы болған. Елді қазіргі Бесарық жеріне алғаш бастан әкеліп қоныстандырған, канал қазу игі бастамаға мұрындық болған Шалманов Мәтеннің қызы яғни тектінің ұрпағы. Әжем қазаны оттан, самаурыны шоқтан кетпеген, дастарқанды, көңілі дархан жан болатын. Үйден үнемі қонақ арылмайтын. «Өмірдің ащы-тұщысын бастан өткердік»-деп, өткен күндерін есіне алып жиі әңгіме айтушы еді.

Бірде: «Менің шалым шетелдің үлкен бес қаласын азат еткен. Мына «Қызыл жұлдыз» орденін жау самолетін атып түсіргені үшін берген», - деп мақтанышпен айтқаны әлі есімде. Атамның орден, медальдары мен құжаттарын көзінің қарашығындай сақтап жүрді. Бүгінде жәдігерге айналған құнды дүниелер қазір біздің қолымызда [3].

Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы еңбек майданының ерлері «Бәрі де жеңіс үшін, Отан үшін, майдан үшін», - деген ұранмен ерен еңбектің үлгісін көрсетті. Алмагүл де соғысқа аттанған азаматтардың орнын алмастырды. Канал қазу, егін егу, егін ору,астық бастыру қырманда дән тазалау тағы басқа жұмыстарды уақытпен санаспай атқарған еді.

Тылдағы ерең еңбегі үшін, Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы 14 қыркүйектегі №1439 жарлығы бойынша, Спанова Алмагүл «1941-1945 жж.» және «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 60 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталған.

Әкбар атам мен Алмагүл енем 8 ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Пірман бабаның ұрпағым көбейіп, бір тайпа елге айналса деген арманы орындалды. Бүгінде Әкбардан тарап, ұрпақтарынан өрбіген  60 немере, 53 шөбере,15 шөпшегі бар, әрқайсысы берекелі отбасының иелері.

Тәуелсіз зайырлы Қазақстан Республикасының тұғырының мықты, экономикасы бай елге айналуына өз үлестерін қосып жүрген әр саланың білікті мамандары.

Ата көрген оқ жонады, ана көрген тон пішеді- деп тегін айтпаса керек. Бүгін біздер  ұл-қыздары, немере-шөберелері есейіп, үлкен азамат  болдық. Ата-анадан,  көрген тәрбиемізді студенттік достар арасында үлгі-өнеге алсын деген мақсатпен үнемі әнгімелеп отырамыз.

Ия, АТА РУХЫ ұрпақтарымен мың жасайды. Біздің бақытымыз үшін күрескен қаһарман ерлердің ерлігі мәңгі ұмытылмайды!

Ал, ұрпақтары олардың рухына мәңгі бас иеді.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Момышұлы Б. Қанмен жазылған кітап.- Алматы “Қазақстан”1991. -391бет.

2. Елбасы асын бастаған // Қазақ әдебиеті. - 14.04.2017. - 8-бет

3. Спанов Акпар әулетінің құжат деректері мұрағаты (қолжазбалар күйінде сақтаулы).

ӘЙГІЛІ БАРЛАУШЫ – РАХЫМША ҮЙСІНБАЕВТЫҢ БІЗ  БІЛМЕЙТІН ҚЫРЛАРЫ

 

Ермекбай Ернұр,

ИжАТ факультеті,«Кәсіптік оқыту» мамандығының

1-курс студенті АТУ

Ғылыми жетекшісі: п.ғ.к., доцент Ахатаева К.Б.

 «Қазақтар ақкөңіл, ақжарқын, ержүрек, батыр халық екендігін осы соғыста көрсете білді. Егер де менің әскери құрамам тек қазақтардан ғана құралса, мен өз тағдырыма өмір бойы риза болар едім».

(П.Л. Романенко – әскери қолбасшы)

 

Қанды ХХ-ғасырдың адамзат санасында қайғы-қасіретінде орын алған Ұлы Отан соғысында Қазақстан еңбекшілері алғашқы күннен-ақ қарсы тұруға бір адамдай жұмылды. А. Гитлердің 1942 ж. 5-сәуірдегі №41 тапсырмасында неміс қарулы күштерінің басты мақсаты – «Кеңес елі қарамағында қалған қарулы күштерді түбегейлі құрту»,- деп көрсетілген [1].

1942 жылдың жазында Фашистік Германия күш жағынан үлкен басымдылықпен шабуылға шығып, табыстарға жетті. 1942 жылы тамыздың 23-жұлдызында Сталинградқа өтуіне жағдай туды. Немістер адам саны, қару-жарақ саны жағынан екі есе көп болды. Сталинградты қорғау міндетін жүзеге асыру оңай болған жоқ. Бұл шайқас 6 жарым айға созылды. Қазақстандық 29, 38, 8, 102-атқыштар дивизиялары, 152-атқыштар бригадасы, 81-атты әскер дивизиясы ерлікпен шайқасты. АҚШ жазушысы, майдангер тілшіА. Верт қазақтардың ерліктегі ұшан-теңіз батыл қасиеттеріне мынадай баға берген: «Сталинград шайқасында Қызыл Армияның ең ержүрек жауынгерлері қазақтар мен Орта Азия халықтарының өкілдері болды» [2].

Сталинград түбінде болған ең ауыр шайқаста 81-атты әскердің әйгілі барлаушысы – Рахымша Үйсінбаевтың табиғи ерекше болмысымен жауынгерлер арасында таңқалдырған сәттері аз болмаған. Тұлпар мінбейінше, өзін қанатсыз құстай сезінетін Рахымша батыр, қазақтың тұлпар баптаудағы сан ғасырлық тәжірибесін қайнаған ұрыс даласында да дәлелдеді. Жануар екеуінің арасындағы тілсіз ұғынысудың кереметін, белгілі жазушы, майдангер Сағынғали Сейітов «Жеңімпаздар» кітабында баяндайды. «Эскадрон көзі» тақырыбы әйгілі барлаушыға арналған: «Орман ұрысы – қиын ұрыс. Қия бассаң, ит тұмсығы өтпейтін қалың жыныс, ну тоғай. Рахымшаға былтыр беларус партизаны сыйға тартқан «Мороз» есімді аты тоқымында. Дүбір шықса, қос құлағы шаншылып, олай-бұлай ойқастап, тыным таппайтын әдеті. Иесі кеткенде тынышсызданып, кетіп бара жатқан жағына қарап, алабұртып тұрады. Рахымша қалың тоғай ішіне еніп бара жатты» ... [3].

Айнала қауіп-қатерге толы. Әскери бұйрықты орындау – Отан алдындағы жауапты міндет. Әйгілі барлаушы өте сақ. Оңтайлы әдісті қалт жібермейді. Кездескен фашист жендеттерін қойша қамап тастау тактикасын шебер меңгерген. Сын сағаттағы ат құлағындағы шабандоз ептілігі мен ерлігі үндесіп, тамсандырғаны бір төбе. Әккі барлаушы. Құжат жеткізу, құпия хаттарды тасымалдау Рахымша Үйсінбаевтың еншісінде.

Жат жерде оқ пен оттың ортасында жүрген адамға туған елден ыстық не бар? Қаншама мыңдаған шақырым жол жүріп, адаспай, аялдамай сонау Сырдан қан майданға келіп жеткен бала хаты әкеге бар қымбатындай көрініп тұр. Онда былай делінген: «... екі көзіміз әке, Сіздерде, жауды тезірек жеңіп, елге аман-есен оралуларыңызды күтеміз» [3].

Ағылшын тарихшысы Александр Берт өзінің «Ресей 1941-1945 жылғы соғыста» деген кітабында: «Қызыл Армияның табанды қайсар солдаттарының бірі қазақтар болды. Қазақтар өзін жақсы жағынан көрсете білді. Тіпті, Сталинград шайқасының өзінде ең өжет, ержүрек, батыр солдаттар қатарында қазақтар жүрді» деп жазады [4].

Тарих беттері ата-бабаларымыздың небір ғаламат ерлік істерінің үлгі шежіресіне бай екендігіне жоғарыдағы пікірлер дәлел бола алады. Солардың бірі, бірегейі елі үшін туған – әйгілі барлаушы – Үйсінбаев Рахымшаның ерлік істері, адами болмысы кейінгі ұрпаққа үлгі.

Сонымен қатар, Қызыл Армиясының Сталинград түбіндегі үлкен жеңісінің дүниежүзілік тарихи маңызы – Ұлы Отан соғысы және барша Екінші дүниежүзілік соғыс барысында түбегейлі өзгеріс жасады.

Тарих – дамуда шындық, қозғалыс жайындағы ғылым болғандықтан, әлі де тың деректердің ашыла түсетіні ақиқат. Тек, тарих тағылымы – зерделеуге, ақиқатты ашуға мұқтаж. Оны ашып зерттеу Сіз бен біздің парызымыз.

Әйгілі барлаушы жайында естелік қалдырған майдангер жазушы С. Сейітов «Жеңіс солдаттарының есімі де, ерлік қимылы да өзінің туған елінің тарихына алтын әріптермен жазылуға тиіс»,- деп көрсетуінің өзінде үлкен тәрбие жатыр [3].

Әйгілі барлаушы Рахымша Үйсінбаев сияқты қаншама батырларымыздың ерлік істері тарих қойнауында аршылмай жатыр. Олай болса, бүгінгі рухани жаңғырудағы ерлік істерінен ұрпақ сабақтастығын жалғастыра берейік. Сонда ғана еліміз саналы, білікті де, білімді жастармен әлемдік бәсекелестікке төтеп бере алатыны сөзсіз.

Пайдаланылған әдебиеттер

1. Аманжолов К. «Екінші дүниежүзілік соғыс», Алматы «Рауан» 1995 ж. 39-40 бб.

2. Қозыбаев М. «Күркіреп күндей өтті ғой соғыс» // Егемен Қазақстан, 8-мамыр, 1993 ж.

3. Сейітов С. «Жеңімпаздар» Алматы, «Жазушы» баспасы, 1965 ж. 341-343 бб

4. Темірғалиұлы З. «Біз не көрмедік?» // Сөз. шілде, №39, 2003 ж.

МЕНІҢ ДЕ АТАМ - МАЙДАНГЕР

Сардарбек А. С

жалпы медицина бөлімі, 4-курс студенті

Астана медицина университеті

                                                                   Ғылыми жетекші, ізденуші ұстаз Спанова Ш.А.

Түйін: Еңбекте отансүйгіштік тәрбие берудегі халықтық дәстүрге негізделген батыр бабаларымыздың ерлік дәстүрлері  насихатталады.

Кілт сөздер: рухани құндылық, егемендік

Ер басына күн туса, етігімен су кешер,

Ат басына күн туса,ауыздықпен су ішер.

                                                                                                 Халық мақалы

Ұлттық патриотизмді қалыптастыруда  ата-бабаларымыздың ұлағатты ойлары мен  тәлімдік тәрбиесінің атқаратын орны ерекше. Ұлттық патриотизм дегеніміз – ең алдымен, белгілі бір ұлттың өкіліне сүйіспеншілікпен қарау, оның ұрпақтан- ұрпаққа үзілмей жалғасып келе жатқан құндылықтарын бойына сіңіру. Мағжан Жұмабаев: «Тәрбиелеудегі мақсат-баланы тәрбиешінің дәл өзіндей қылып шығару емес, келешек өз  заманына  лайық қылып шығару.

 ...Тәрбиешінің қолданатын жолы - ұлт тәрбиесі [2]. Отанымызды жаудан қорғаған,миллиондаған  адамдардың  өмірін қиған Ұлы Отан соғысының аяқталғанына да биыл 74 жыл болғалы тұр. Біздің осындай шат-шадыман, бейбіт заманда өмір сүріп отырғанымыз қаһарман бабаларымыздың  арқасында екенін білеміз. Ендеше аталарымыз жайында естелік жазу бүгінгі ұрпақтың парызы деп білемін.  Жылдар жылжыған сайын ғұмыры  ерлік пен өрлікке толы аталарымыздың рухы асқақтап келеді. Соғыс өрті шарпымағын шаңырақ біздің елде жоқ десем қателеспейтін шығармын. Сол соғыс біздің әулетті де айналып өтпепті.  Менің атам Тұрмахан төрт ағайынды, ағасы Тұржан өзінің жасын үлкейтіп, соғысқа аттанған. 1942 жылғы соңғы хатында Сталинградты қорғау үшін ұрысқа кірейін деп тұрмыз деп жазған да, қанды қырғыннан қайтпаған. Баба әжем Сүйінші өле-өлгенше баласы Тұржанды күтумен болды. Кейіннен атамыздың есімін «Боздақтар» кітабыннан оқыдық [1]. Әжем Қазидың ағасы Бодан атамызда соғысқа қатысып, майор атағын алып,елге келіп өрттен қорғау мекемесінде қызмет атқарды. Ал нағашы атам Әкбар Ұлы Отан соғысының І, ІІ дәрежелі  «Қызыл жұлдыз» орденімен бірге көптеген жауынгерлік медальдардың  иегері, зұламат соғыстан аман-есен келіп, еңбекке араласып, 66 жасында қайтыс болған.

Атам Спанов Әкбар 1915 жылы дүниеге келіп,өзінің бар ғұмырын Отаны үшін арнаған. Сонау колхоздастыру кезінен бастап,Ұлы Отан соғысы кезінде де, одан кейінгі жылдарда да аянбай еңбек етті. Бір күні отбасылық альбомды қарап отырып, мен әскери киім киген кісінің  сарғайған суретін көрдім. Анам, ол менің әкем, ал сенің атаң деді. Атамның қасындағы жауынгер жайында ешқандай мәлімет жоқ екен. Атамыздың соғыс кезіндегі түскен суреті ізденген адамға үлкен ой салады. Қай жылы түскен, қай майдан шебінде түскені белгісіз сурет көп сырды жасырғандай.Жауынгердің аты-жөні, қай жердегі ұрысқа қатысқаны белгісіз. Бар болса жер бетінде жүрген шығар ...

Әкбар атамыздың ірі денелі, әрине ер кісілерге айтыла бермейтін келбетті кісі болғанын  төрде ілулі тұрған портретінен, суреттерінен байқауға болады. Омырауындағы ордендері мен медальдары ерліктерінің  куәсіндей жарқырайды. Нағашы әжемнің айтуы бойынша атам көп сөйлемейтін, бірақ берілген жұмыстардың  нақты әрі тыңғылықты орындалуын талап ететін дейтін. Соғысқа дейінгі жылдары «Қызыл егінші» колхозындағы бастауыш мектептен білім алып, үш айлық есепшілік курсын бітіріп,еңбек жолын  туған ауылынан бастаған. Жеңгелері «шатауат» атанған атам, 1939 жылы Бірінші шақырылған сайлауда депутат болған. Атам 1942 жылдың қаңтарында әскери комисариатқа барып өтініш беріп, соғысқа аттанған. Әскери дайындықтан өтіп, ауыр артиллерия құрамында соғысқа қатысқан. Тамыз айында 3-ші Украина майданының шебінде Дон өзенін алу үшін алғаш рет ұрысқа қатысады. Сталинград  қаласын азат етуден бастап Румыния, Будапешт, Прага,Белград, Германия елдерінің халқын неміс басқыншыларынан тазартады.  Жауға қарсы көрсеткен ерліктері үшін Ұлы Отан соғысының І, ІІ дәрежелі  «Қызыл жұлдыз» орденімен,«За боевые  заслуги», «За отвагу», «За взятие Будапешта», «За освобождение Прагы»,«За победу над Германией» сияқты тағы да басқа да медальдардармен  наградталған.  Батыр бабаларының қаны бойында атой салған қазақтың ержүрек қайсар ұлы талай ерліктің үлгісін көрсетеді.Әділет жолындағы соғыстың жеңімпаз жауынгерлері  Берлинде  жеңіс туын желбіретті.

Елге жеңіспен оралған атамыз ауылға келіп, еңбек майданына кіріседі.  Кейін  шаруашылық іргесі кеңейіп, бірнеше колхоз қосылғанда ауылдық кеңестің хатшысы қызметін атқарады. 1950 жылдары Алматы қаласындағы  ВЗУК –та білім алып келген атам бас есепші болып, кейінірек «Комсомол» совхозының  орталық  қойма меңгерушісі болады.  Сол кездерде де депутаттыққа сайланады. Соғыстан кейінгі ауыр жылдарда ел экономикасын көтеруде аянбай қызмет атқарды [4]. Тылдағы ерен еңбегі үшін әжем Алмагүл 2004 жылы  Президенттің жарлығымен  «Ұлы Отан соғысындағы  Жеңіске 60 жыл» мерекелік  медалімен  мараппатталған. Келешек ұрпақтары ата – әжелерін біліп жүрсін деп атамыздың 100-ге толуына орай ас беріп, еске алып, ұлықтап, естелік кітапша жасау үшін мәліметтер жинаған кезде, атаң жайында көпшілік жақсы сөздер айтып жатқанда кеудеңді мақтаныш сезімі билейді екен.«Атамекен, туған жер» ата – бабаларымыз үшін қасиетті де киелі ұғым болған.Осы бір қасиетті ұғымды олар өз ұрпақтарына- «Халқының патриоты» болу үшін  мұра етіп қалдырған. «Жалаңаш барып жауға шап, ажалың жетпей өлмейсің» деген мәтел патриоттық тәрбиенің нақ куәсі [3]. Бүгінде жастарға отансүйгіштік тәрбие беруден халықтық дәстүрге негізделген батыр бабаларымыздың ерлік дәстүрлерін  насихаттау барынша нығайып келеді.Еңсесі биік елдігіміздің ертеңі – қазіргі ұрпақ, жастар аталарымыздың бітіміндегі асқар жұртының шың басындай тәккаппар рухынан қанаттанып, батырлық, отансүйгіштік қасиеттерді бойларына сіңіріп өссе, нұр үстіне нұр болар еді! Міне, қазіргі таңда тәуелсіздіктің таңы атып, сол жас боздақтар аңсаған қой үстінде,бозторғай жұмыртқалаған заманда тіршілік етіп жатырмыз. Жас болса да елі үшін қан төккен батырларымыздың үмітін ақтау қазіргі жастардың қолында. Ол үшін жас ұрпақ батырларымыздың рухты жүрегін түсініп, олар да еліне, жеріне деген патриоттық сезімді оятуы тиіс, яғни мемлекет пен халық арасындағы қарым- қатынасты сақтай білуі керек. Бұл батырларымыздың ерлік ісі арқылы әрбір жас ұрпақ өзін-өзі ұлттық рухқа тәрбиелеуі тиісті. Өткеннің үздік дәстүрлерін сақтай отырып, қазіргі заманғы өркениеттің мейлінше озық бағыттарын игере отырып, қазақстандықтар өз елін ең алдыңғы қатарлы шепке қайта шығара алады. Бұған халқымыздың жоғалмаған, қайта, жаңа әлеуметтік өмір жағдайында жаңарған патриотизмі қайта кепіл бола алады.  Патриоттық тәрбие тұлға қалыптасуының құрамдас бөлігі болып табылады, ол жастардың алған білімдерінің негізінде азаматтық борыш ұстанымымен, жекебастың мүдделері қоғамдық ұстанымдармен астасып жататын тіршілік әрекеті үлгісіне даярлығын қамтамасыз етуі тиіс. Қазірде қазақ халқының дәстүрлері негізінде жүзеге асырылатын патриоттық тәрбие әлеуметтендіру процесін тұлғаға дәл осы Отанға, Атамекенге қызмет ету арқылы, өз тарихы үшін, өз Отанының әлеуметтік дүниенің ғылымына, мәдениетіне, рухани құндылықтарына қосатын үлесі үшін мақтаныш сезімі арқылы өз қабілеттерін мейлінше терең ашуға мүмкіндік беретін деңгейге жеткізеді.

Ұлы Отан соғысы Жеңісіне қазақстандықтардың қосқан үлесіне арналған іс-шаралардың жастарға әсері де, берер тәрбиелік  мәні де өте ауқымды.Жастардың өз еліне деген  перзенттік сүйіспеншілігі оянады. Келер ұрпаққа  мәңгілік мирас болып қалар ең асыл байлығымыз өткен тарихымызды біліп, көзіміздің қарашығындай сақтау  келер ұрпақтың қолында екені белгілі. Олар бізге Ұлы Жеңісті, бостандықты, егемендікті алып берді. Аталарымыздың жанқиярлық ерліктері ешқашан ұмытылмайды. Ер есімі әрқашан ел есінде!  Енді ешқашан соғыс болмасын!

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. «Боздақтар»  Қызылорда облысы, ІІ-том, Алматы, 1995, 168 бет.

2. Дерек көзі: https://e-history.kz/kz/contents/view/2689

«ОТАН ҮШІН ЕҢБЕК ЕТ, ЖАМАН БОЛМАЙСЫҢ!»

Айдарбек Жансұлу

Нархоз университетінің экономикалық

колледжінің студенті ЕжА-132

Ғылыми жетекшісі: Теменов А.Д.

Ұлы Отан соғысы...! Бұл сөзді ести бергенде ойыма сан алуан көріністер түседі. Бұл қанды, сұрапыл, қатыгез соғысты ұмыту мүмкін емес. Міне бүгінгі таңда осы соғыстың нәтижесін, яғни бейбіт өмірді кешіп отырмыз. Шүкір....

Сол жылдардағы қазақ халқының басына түскен қараңғылықтан арылту оңайға түспегені де мәлім. Қазақ елін қараңғылықтан алып шыққан ата-бабамыз жайлы ұмыту үлкен кінәнің бірі деп есептеймін. Себебі, сол кезде ата-бабамыз өз жағдайында күрескен жоқ екендігі, ендігі ұрпағым еркін ойнап күлсін, жақсы өмірдің дәмін татсын деген ниетпен, яғни біз үшін күресіп, жанын пида қылды. Намысты қолдан бермей, жаным-қазағым, елім-жерім деп және өзінің жасына қарамастан майданға аттанды. Ол майданнан аман-есен келуі екі талай екенін білсе де, өлсем Отан үшін деп аттанды. Отан біздікі, жер біздікі, олай болса жеңіс те біздікі деді де, фашистің көзін жоюға бет алды. Жаудың басы көп болса да, артқа кері шегінбей, Өлмей берілмеспіз деп шайқасты. Аяушылық танытпаған бұл қанды соғыс қазақ халқының басына ауыр тигені анық. Ашаршылық кезінде тек ата-ана батасымен, Отаным, жерім деген рухпен күш алды.

Соғыста тек ерлерді ғана емес, сонымен қатар ержүрек, қайсар әйел кісілердің болғанын да білеміз. Соғысқа бармаса да, өзінің көмегін тигізіп, қазағым деп жырлап отырғандар да қаншама болды. Ол жылдары осы қанды, майдан соғысқа менің де Ауельбеков Пердебек атам аттанған еді.

Ауельбеков Пердебек атам 1922-ші жылы 25-ші қыркүйекте Мақтарал ауылы, Жетісай өңіріндегі, қазіргі Қызылқұм ауылында дүниеге келген. Ол кісі Арғын тайпасы, тобықты руы, меңей бөлімінен шыққан. Атам көп балалы отбасынан шыққан. Атам кішкентайынан істеген ісін ұқыптылықпен жасап, өте зерек болып өскен екен. Ташкент Заң факультетіне оқуға түскен. Сол оқуда жүріп, Ерсейітқызы Аппақ әжемді кездестіреді де, ұнатып қалады. Және сол кезде ата анасы атастырып қояды да, оқу аяқталған соң атам мен әжем отау құрады. Әжемнің айтуы бойынша атам өте қатал, сабырлы, сөйлегенде байыппен сөйлейтін кісі болған екен. Кейіннен 1942 жылы, 19 жасында майданға аттанып кетеді.

Ерсейітова Аппақ – (азан  шақырып қойған есімі Қалдығыз, әкесі еркелетіп Аппақ деп атап кеткен екен) қызығы сол атам екеуінің арасы тұп-тура 1 жыл, яғни 1923-ші жылы 25-ші қыркүйекте Мақтарал ауылында, Жетісай өңірінде дүниеге келген.

Әжем жайлы айтарым көп. Әжем тіптен еңбекқор болып өсіп, өсе келе барлық жұмысты атқарып кете алған екен. Сөйтіп, 1941-1947 жылдар аралығында, яғни 19 жасынан бастап майданға кеткен кісілерден кейін қалған әйел кісілердің басын жинап, басқарып, жол көрсетіп, ел ішіндегі жағдайларды реттеп, тыл жұмыстарын атқарып, ауыл шаруашылығында да жұмыс жасап, халыққа қызмет еткен. Онымен қоймай, соғысқа аттанған ер кісілерге киім-кешек секілдіні тігіп, үлестіріп отырған. Мақта зауытында да жұмыс істеген. Және сол жылдары көпір салдыртқан екен, қазір сол көпір  әлі күнге дейін өз орнында тұр. Былайша айтқанда, әжем жұмыс түрін таңдамай, алдында тұрған істі істеп кете берген дегім келеді.

Сүйтіп, 1947 жылы атам соғыстан жеңіспен оралады. Атам соғыстан оралғаннан кейін әскери қызметте жұмыс жасайды. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығында да жұмыс істепті.

Атам мен әжем бұл еңбектері үшін көптеген марапаттар алған екен. Жеке өміріне келетін болсам, атам мен әжем бала бақытын сүйе алмапты. Мен ол кісілерді қайдан танимын деген сұрақ туындағаны анық. Менің әкемнің әкесі Ауельбеков Айдарбек атамның туған ағасы болған. Менің Ауельбеков Айдарбек атам мен оның жұбайы қайтыс болғаннан кейін, Ауельбеков Пердебек атам әкемді өз қолына алып бағып-қаққан.

Кейіннен менің әкем отау құрып бөлек шығып кеткен соң, қара шаңырақта әкемнің інісі  жұбайымен бірге қалып, әжемнің қасында болады. Менің жасым шамамен 5-6 еді, сонда да жаздыгүні әжемнің қасына барып алатынмын. Әжем екеуміз шашка ойынын жиі ойнайтынбыз, алғаш шашка ойынын маған әжем үйреткен еді. Әжемнің жасы біршама болса да маған талынбай шашка ойынын үйрететін. Бірақ, өкінішке орай, қазір әжемнің бейнесін қайта көріп, шашка ойынын ойнай алмаймын. Әжем осыдан 2 жыл бұрын, яғни 2018 жылы сәуір айында, 96 жасында дүниеден озды.

Жалпы ұлы Отан соғысына қатысқан ардагер ата әжелеріміз санаулы-ақ қалғанын да білеміз. Сол ата әжелерімізді қадірлеп, бар жағдайын жасап, әрқашан да көмектесуіміз керек. Және  осы бейбіт өмірді аңсап, көре алмай кеткен ата әжелерімізді ұмытпай, барлық ардагерлерімізді бүгінге дейін жетіп келген есімдерін ендігі ұрпақтан  ұрпаққа жеткізіп, қазақ халқының тарихы, бұған дейінгі өмірі қандай болды, келесі ұрпақ осылай еркін өмір сүруіміз кімнің арқасында екенін, қазақ халқының қандай намысшыл, ержүрек, ұлдары ешнәрседен қорықпайтын, Отан үшін деп жан пида қылған батырларымызды ұмытпай, келесі ұрпаққа жеткізіп, өздерінің кім екенін, қандай текті, мықты халық екенін біліп жүрсін деген өнегеде де жеткізіп отыруымыз қажет.

Отан үшін еңбек ет, жаман болмайсың! 

ТӘУЕЛСІЗ ҒҰМЫР КЕШСІН ДЕП

СӨЙЛЕП ТҰРҒАН МӘСКЕУ!

ЕЛІМІЗДЕ МӘҢГІЛІК БЕЙБІТШІЛІК ОРНАСЫН!         

Мен атамды мақтан тұтамын              

ENERGO UNIVERSITY