МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР – ЕЛІМІЗДІҢ ЕГЕМЕНДІГІ МЕН ТӘУЕЛСІЗДІГІ НЫШАНДАРЫ

МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР – ЕЛІМІЗДІҢ ЕГЕМЕНДІГІ МЕН ТӘУЕЛСІЗДІГІ НЫШАНДАРЫ


02.06.2020 Барлық жаңалықтар


Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінде 2020 жылдың 1 маусымында Әлеуметтік пәндер кафедрасының ұымдастыруымен Қазақстан Республикасы рәміздері күніне арнап «Еліміздің рәміздері – мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін символ» атты тақырыпта онлайн дөңгелек үстел өтті. Оған университетінің профессор-оқытушылары мен студенттері қатысты.

Қазақстан Республикасының әнұраны орындалған соң аталмыш басқосудың ұйымдастырушы-модераторы аға оқытушы Касиенова Күләш Моғзомқызы кіріспе сөзінде рәміздердің кез келген мемлекеттің егеменділігін сипаттайтын, қоғамның рухани бірлігін нығайтатын атрибуттарының бірі екендігін айта келе: «Қазақстан Республикасында Мемлекеттік ту, Мемлекеттік Елтаңба, Мемлекеттік әнұран - мемлекетіміздің рәміздері, оны қастерлеу тәрбиелеу отансүйгіштіктің түпқазығы. Саналы азаматтық ұстаным ретінде мемлекеттік рәміздерге деген құрмет Отанға деген сүйіспеншілік, ата-ана, туысқан, отбасы, халқын қадірлеуге, Отанды бағалауға үйретеді» деп отырысты ашып берді.

Бірінші болып сөз алған ИСк-19-2 тобының студенті Нүсіпжанова Ажар әнұран, елтаңба, тудың шығу тарихы туралы қысқаша шолу жасады. Сонау сақ дәуірінде таңбалау дәстүрі қалыптасып, оны қазақ халқының бүгінге дейін рулық таңба ретінде сақтап қалуымен байланыстырып, түркілердің елтаңбасы, ақ тулары мен Абылай ханның тұсына дейін қолданылған рәміздердің арасындағы сабақтастыққа тоқталды. Ресей империясының құрамында мемлекеттік белгілерімізді жоғалтып алсақ, ХХ ғасырдың басында Алаш қайраткерлерінің жанкешті қызметінің нәтижесінде Мемлекеттік белгі-нышандар қалпына келтірілуі, осылайша Тәуелсіздікке бастар «ақ жол» салынғаны баяндалды.

Келесі сөз алған студент Шәріп Арайлым (Иск-19-1) Қазақстан Республикасының елтаңбасы 1992 жылы қабылданғанын атай отырып, елтаңба атақты сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов тынымсыз еңбегінің, шығармашылық іздесінің нәтижесі егендігіне тоқталды.

«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы – ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата, – деп жалғастырды келесі сөз иесі Мүбарак Мадина,  (ИСк-19-1 тобының студенті) - Тудың сабының тұсында тік жолақ түрінде ұлттық өрнек нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес. Тудың ені мен ұзындығының арақатынасы – 1:2». Туымыздың сипаттамасынына терең үңіле келе, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік туының авторы белгілі суретші Шәкен Ниязбеков екенін ерекше атап, ту тыныштықтың, бейбітшілік пен бірліктің нышаны болатынын жеткізді.

 Ода әрі «Әнұран» деген терминнің өзі (гректің «gimneo» – ән айту, мадақтау, мақтау сөзінен шығатынын айтқан Осман Анель мемлекеттік әнұранымыз түпкілікті нұсқасы 2006 жылы қабылданғанын атап өтті. Әнұранның сөздерін Жұмекен Нәжімеденовпен және Нұрсұлтан Назарбаев, ал музыкасы өткен ғасырда елуінші жылдардың ортасында халық арасында кең танымал «Менiң Қазақстаным» атты Шәмші Қалдаяқовтың патриоттық әні жаңа әнұранның негізіне айналғандығын еске салды.

Басталған жарыссөзге араласқан КИПРк-19-2 тобының студенті Узбекбаев Арман жастарды патриоттық тәрбиелеу, азаматтылық пен патриотизмді қалыптастыруда рәміздердің атқарар қызметтерін жіктеп,  ел тұтастығын қамтамасыз етудегі бұл нышандардың артықшылығына тоқталды.

Оқытушылар тарапынан пікірін айтқан профессор Қуаныш Мұхамеджан өтіп жатқан іс-шараны жоғары бағалап, дөңгелек үстелге қатысушыларды мейрамдарымен құттықтады. «Рәміздер өскелең ұрпақты тәрбиелеудің маңызды қоғамдық институты болып табылады. Білім берудегі басымдық тәлім-тәрбиені ұмытпауымыз керек. Нағыз патриот болашақ үшін жауапкершілікті мойнына алуға әзір, рухани, адамгершілік қасиеттері мол, Отанының қамқорлығын көрген, азаматтық парызын еріктілікпен атқаратын, елін мақтан тұтуымен, ұлттық құндылықтар мен рәміздерді жоғары сезіммен қастерлейтін ертеңгі болашағымыз» деген сөзін жастарға арнады. Өкінішке орай, осы рәміздерімізге қоғамымызда тиісті құрметтің болмай қалатын оқиғаларына қынжылыс білдірді.  

Дөңгелек үстелді қорытындылаған Әлеуметтік пәндер кафедрасының меңгерушісі Болат Жоламанұлы тәлім-тәрбиеге толы отырысты ұйымдастырушыларға және қатысушыларға университет басшылығы атынан алғысын білдіре отырып, Мемлекеттік рәміздерге деген құрмет тәрбие арқылы қалыптасатынын, ұлттық нышандарымызды зерделеу арқылы студенттер төл тарихына үңілетінін айта келе, жастарды Тәуелсіз Елімізге, оның ресми рәміздеріне құрметпен және сүйіспеншілікпен қарауға, қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлерін қастерлеуге, биік рухтағы ел жанашыры болуға шақырды.

Болат Кабдушев

Әлеуметтік пәндер кафедрасының меңгерушісі

ENERGO UNIVERSITY