ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ КҮНІ

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ КҮНІ


30.11.2020 Барлық жаңалықтар


ЕРІН БАҒАЛАЙ АЛАТЫН ЕЛІ БАР

Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінде 2020 жылдың 27 қараша күні «Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті - Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Тәуелсіз мемлекеттің қалыптасуы мен дамуындағы рөлі» тақырыбында Қазақстан Республикасының бірінші Президентінің Күніне арналған онлайн дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Іс-шараны университеттің тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры Махмутов Серік Қапанұлы кіріспе сөзімен ашып, Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің ректоры - Сағынтаева Сәуле Саветовнаның атынан шақырылған мәртебелі меймандар мен қатысушыларды келе жатқан айтулы мерекемен құттықтады.

Алғашқылардың бірі болып сөз алған Алматы қаласы әкімдігі мәдениет басқармасы басшысының орынбасары  Әлиев Данияр Абзалиденұлы - Тұңғыш Президентіміздің елімізді дағдарыстан шығарудағы қажырлы еңбегін атап өтті. Елбасының әлемдік халықаралық қатынастарға қосқан орасан зор үлесін саралап, Қазақстанның өркениетті елдер қатарынан ойып орын алатындығына сенім білдірді.

Алматы қаласы «Рухани жаңғыру» офисінің ғылыми және білім ортасымен байланыс бөлімінің басшысы Қасыметова Бахытгүл Техниковна «Рухани жаңғыру» бағдарламасы Тұңғыш Президентіміз Н.Ә. Назарбаевтың бастамасы болғандығына назар аударып, биылғы жарты жылдықта Алматы қаласы бойынша «Рухани жағыру» бағдарламасын іске асыруға бағытталған жоспар аясындағы іс-шараның 35 пайызы эпидемиялық жағдайға байланысты онлайн форматқа көшірілгенін тілге тиек етті. Әсіресе Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы тарихи мұраларды зерттеу, танытуды жүзеге асыру мақсатында студент жастардың рухани-адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруды көздейтін онлайн шаралар 2021 жылға көптеп енгізіліп отырғанын хабарлады.

Халықаралық Ақпараттық технологиялар университетінің профессоры, саясаттану ғылымының докторы Қыдырбек Дулатбек Балғабекұлы «Қазақстанның көпвекторлы саясаты: үрдіс және қорытындысы» тақырыпта баяндама жасады. Ол өз сөзінде Елбасының тарихи тұлғасына тоқталып, дербес саяси және экономикалық реформалар жүргізудегі сіңірген еңбегін, саясаткерлік шеберлігі мен ұлтына жанашырлығын асқан тебіреніспен нақтылап берді.

Келесі кезекте сөз алған ҚазҰАЗУ-нің профессоры Салқынбек Досалы Исаханұлы - «Елбасы және мемлекеттік шекара мәселесі» тақырыбындағы баяндамасында Қазақ Кеңестік мемлекетінің құрылуы барысында ұлттық автономиялы тарихи территориямыздың алаш азаматтарының жанпида қызметі нәтижесінде қайта жаңғырғанын мәлім етті. Еліміздің Бірінші Президенті Н.Ә. Назарбаев Тәуелсіз мемлекет ретінде көршілес Ресей, Қытай және Өзбекстанмен территориямыздың шекарасындағы даулы болатын мәселелерге нүктесін қойып, оны халықаралық деңгейде бекітудегі тарихи маңызы зор еңбегіне ерекше тоқталды. Бүгінгі таңда бұл шешімдер Елбасының көрегенділік саясаты болғандығын тарих дәлелдеді.

Алматы қаласы бойынша «Қазақстан студенттер Альянсы» Республикалық студенттер қозғалысының көшбасшысы Қуандық Жасұлан Бостандықұлы Президент Күнін ұйымдастырушыларға алғыс айта отырып, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» бойынша студенттерге үкімет тарапынан көрсетіліп жатқан қамқорлық жайын баяндады. «Бірінші кезекте 2022 жылға дейін елімізде салынып бітуі тиіс 75 мың орындық жатақхананың Алматы қаласында былтыр үш жатақхана пайдалануға беріліп, 1200 студентке алаңсыз, сапалы білім алуына жағдай жасалды. Тағы да бес жатақхана салыну жобасы бар. Замануи талабына сәйкес инфрақұрылым толық ескерілген. Студенттер үшін тек сапалы білім алып, маман ретінде еліміздің халық шаруашылығын, мәдениетін дамытудағы қарызы мен парызын өтеу міндеті тұр. Халыққа арнаған соңғы Жолдауында Президент Н.Ә. Назарбаевтың ұсынысымен 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялауы ертеңгі еліміздің тағдыры салиқалы ұрпақ - біздің мойнымызға артып отырғанын түсінеміз» – деп, ойын сабақтады.  

Әлеуметтік пәндер кафедрасының профессоры, с.ғ.д. Мухамбедиярова Алтынай Тулеуовна «Қазақстан Республикасының Бірінші Президенті Н.Назарбаевтың қазақ мемлекетін қалыптастырудағы еңбегі» атты баяндамасында тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында әлеуметтік мәселелерді шешуден бастап қоғамдағы тұрақтылықты сақтап қалудағы Елбасының даналығы мен көрегендігіне тыңдармандардың назарын аударды.

«Қазақстан волонтерлар лигасы» қоғамдық қорының Алматы қаласы филиалының төрағасы Анарбаева Бағдат Бекболатқызы 2020 жыл – Қазақстандағы «волонтер жылы» деп жариялануына орай, елімізде мемлекеттің қолдауымен жастарды волонтерлікке ынталандыру мақсатында түрлі шаралар қолға алынғанын атап өтті. Қазақстанда волонтерлік қызметтің жарқырай көрінуі «Универсиада-2017», «ЭКСПО-2017» сияқты әлемдік іс-шаралардың өтуі барысында оны ерекше танымалдыққа жеткізген-ді. Әсіресе пандемия кезінде республиканың түкпір-түкпірінде волонтерлар мұқтаж жандарға көмегін аямады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қолдау білдірген жобаларға Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің студент жастарын белсене қатынасуға шақырды.

Университетіміздің студент жастары атынан Автоматты басқару мамандығының 1 курс студенті, «Алтын белгі» иегері Кабдиллаева Гүлім Серікқызы тағылымы мол отырысқа қатынасқан ұстаз-ғалымдарға, ұйымдастырушыларға алғысын білдіре отырып, студенттер қоғамымызды өзгертуші күш ретіне өздерінің алдында тұрған міндеттерін толық түсінеді, сол үшін де сапалы білім алып, саналы ұрпақ ретінде ел сенімін ақтау жолында аянбай еңбек етуге даяр екендіктерін жеткізді.

Жүргізуші модератор Кабдушев Болат Жоламанұлы дөңгелек үстелді қорыта отырып, ұлт көшбасшысының сан қырлы қайратқерлік қызметін талдаған баяндамашыларға  алғысын білдірді. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенттің ұсынған игі бастамаларының өміршеңдігі, әлі де талай жобаларының жемісті жүзеге асырылып жатқандығына тоқталды.

Қазақстанның болашағы саналы да білімді жастарымызға және соларға жол көрсетіп, бағыт сілтей алатын ел ағаларына байланысты екендігі белгілі. Осы тұрғыдан алғанда университетімізде жиі өткізіліп тұратын тағылымға толы тәрбиелік маңызы бар игі шаралар өскелең ұрпақтың сана сезіміне жақсы әсер ететіні сөзсіз. Елін ойлайтын Ерлер мен Ерін бағалай алатын Елі болса мемлекеттің іргетасы мызғымайды.

Болат Жоламанұлы КАБДУШЕВ,  

Әлеуметтік пәндер кафедрасының меңгерушісі

Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика

және байланыс университеті  

 Алматы қаласы

 

БАС- БАСЫҢА БИ БОЛСАҢ, МАНАР ТАУҒА СИМАССЫҢ!

Ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздік Қазақ Елі үшін жеңіл жолмен келген жоқ. Кешегі Кеңес одағы құрамында болған он бес республиканың ішіндегі Қазақстанның саяси-экономикалық жағдайы, ұлттық құрамы мен демографиялық жағдайлары басқаларға қарағанда өте күрделі және ерекше болды. Атап айтқанда халықтың 50% астамы орыс тілді және қазақтардың өзі екі тілде сөйлейтін, экономика аграрлы шаруашылық пен тау-кен байыту өндірісіне бейімделген, халық тұтынатын тауарлардың басым көпшілігі басқа республикалардан тасымалданатын еді.

Еліміздің территориясы үлкен болғанымен, темір жол мен басқа жол қатынастары нашар дамыған, коммуникация жүйелері Ресейге толығымен тәуелді жағдайда болды. Жергілікті ұлт өкілдері еліміздің территориясында біркелкі орналаспаған, әсіресе астық өндіретін солтүстік облыстар мен қалаларымызда метрополияның басқыншы саясатының нәтижесінде қазақтар өте аз қоныстанған болатын. Осының бәрі кадр мәселесіне де тікелей әсерін тигізді, мысалы қалалы жерлерде қазақ мектептері жаппай жабылды, техникалық және медициналық мамандықтарға оқыту тек орыс тілінде болғандықтан, ауыл жастары көбінесе ауыл шаруашылығы мен педагогикалық жоғары оқу орындарына оқуға түсті. Бұл қазақ жастарын қалаға тұрақтатпай, мамандық алған соң ауылды жерге қайтарудың амалы еді. Міне осындай күрделі кезеңде тәуелсіз мемлекет құрудың барлық ауыртпалығы және жауапкершілігі Н.Ә.Назарбаевтың және басқа да ел ағаларының иығына жүктелді. «Біткен іске сыншы көп» - дейді халқымыз. «Ол ел басы, топ басылары қалай қылса, қалай бітірсе, халықта оны сынамақ, бірден-бірге жүгірмек болмайды екен. «Қой асығын қолыңа ал, қолайыңа жақса, сақа қой» деп, мал айтып тілеу қылып, екі тізгін бір шылбырды бердік саған, берген соң, қайтып бұзылмақ түгіл, жетпегеніңді жетілтемін деп жамандығын жасырып, жақсылығын асырамын деп тырысады екен. Оны зор тұтып, әулие тұтып, онан соң жақсылары да көп азбайды екен» - деп айтып кеткен кемеңгер Абайдың сөзі біздін қазіргі даму кезеңімізге арналған емес пе?!  Иә, қазіргі Қазақстанның тәуелсіздікті алу жолына, саяси-әлеуметтік дамуына сын айтушылар ел арасында баршылық. Бірақ кез келген шынайы сыни пікір конструктивті мазмұнда болуы қажет қой, олай болмаса ол «деструктивті» құр айғай болғаны. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың сабырлы саясатының, тәуелсіз Қазақ мемлекетін орнату жолындағы ең бір дана шешімдеріне тоқталып көрейікші. Осы шешімдер қабылданған сәттерде жұрт тарапынан да, кейбір жоғары лауазым иелері тарапынан да қарсылық туғызып, Елбасының табандылығы және батылдығы арқасында ғана бекітілген болатын. Бірінші мәселе, Конституциямызға қос тілділік бабының енгізілуі. Жоғарыда айтылған еліміздегі демографиялық және географиялық жағдай, өндіріс салаларындағы ұлттық кадрларымыздың аздығы, тіпті өз ұлтымыздың жартылай ғана ана тілінде сөйлей алуы, елдің шұрайлы деген теріскейінде орыс диаспорасының топталып қоныстануы, көрші елдің қандастарының мүддесін қорғауды сылтауратып арандату саясатын жүргізуге дайын екендігі көзі ашық көкірегі қарақты кез келген азаматқа түсінікті емес пе!?

Біз қос тілділіктен ұтылған жоқпыз, керісінше ұттық, саяси-экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан, оған дәлел елдегі ұлтаралық татулық, басқа республикалардағы болып жатқан дау-жанжал, қарулы қақтығыстар. Уақыт бәрін реттейді, еңсесін тіктеп отарлық бұғаудан босанған қазақ Елі «сабыр түбі сары алтын» деген дана саясатымен тілін де, ділін де қайта жаңғыртып болашақ ұрпақты Ұлы Даланың ұланы етіп тәрбиелейді. Екінші мысал ретінде аумалы-төкпелі, тоқсаныншы жылдардағы жүргізілген оңтайландыру саясатын алайық. Облыс орталықтарын ауыстырып және аудандарды біріктіруде көпшілік тарапынан көп түсінбестік туғызған болатын.  Әрине, алдымен сол аймақты басқарып отырған шенеуніктердің қарсылығын, «урапатриот» азаматтардың айқайын естідік.  Ал егер, сол алысты болжаған жоспарлар іске аспағанда елдің және жеріміздің тұтастығына қазір қандай қауіп-қатер төнетін еді. Ресей империясы батысымыз бен кенді шығысымызға, құнарлы солтүстігімізге әлде де қызғанып та, қызығып отыр емеспе! Сол тоқсаныншы жылдарда-ақ Орал мен Өскемен қалаларындағы экстремистік-шовинистік топтардың ел ішінде іріткі тудырмақ болғандарын ұмытуға болама?!  Осындай дана саясаттың тағы бір дәлелі ретінде Елордамызды Алматыдан Сарыарқаның төсіне көшіруімізді айтар едім. Н.Ә.Назарбаевтың көрегендігіне елдің енді көзі жете бастаған сияқты, себебі сол бір қиын-қыстау жылдарда арқадан оңтүстікке қарай ауған елдің көшін тоқтатудың жалғыз амалы сол болатын. Онсызда қазақ саны аз құнарлы да нәрлі ұлан байтақ жер қазір қандай күйде болары, кімнің иелігінде қалары бесенеден белгілі емес пе. Кеңес өкіметі құрылған алғашқы кезеңдерде ақ, Мәскеу саясаткерлері жымысқы пиғылмен Қазақстан астанасын Орынбордан оңтүстікке көшіріп жіберді емес пе! Елбасының батыл да, ақылды жоспары өз кезегінде тағы да қарсылыққа тап болып, жыл орнынын суытқысы келмеген, өз қара басының қамын ойлаған шенеуніктердің наразылығын туғызған болатын. Олар экономикалық қиындықтарды алға тартып, бұл шешімнің ел мен жер тағдырына қандай маңызы бар екендігін сол кездері түсіне алмады. Ата-баба аманат қылып қалдырған Ұлы Даланы қорғауға бағытталған және қызыл империяның құрбаны болған отандастарымыздың алдындағы парызымызды өтеуге ниеттенген тағы бір салиқалы саясат, әрине жер жүзіне тарыдай шашылған қандастарымызды Ата жұртына жинау. Бұл талай тағдыр тауқыметін арқалаған қайсар да намысшыл қазақ жұртының соңғы Көші болғай деп тілейік. Осы, тәуелсіздік алған жылдарда миллионнан аса қандастарымыз тарихи Отанына оралып, өз жұртымен қауышып, аз да болса қазақ ұлтының республикамыздағы үлес салмағын арттырды. Көш мұнымен тоқтамасы анық, елдің ішіндегі миграция үрдісі де оң шешімін табуда, Елбасының көшбасшылығымен халық тығыз қоныстанған оңтүстік аймақтардан елдің көші солтүстікке қарай бет түзеді. Ресей империясының кейбір әпербақан саясаткерлері қаншама сепаратизм өртін қазақ жерінде де тұтандырғысы келсе де, Елбасының сабдарлы саясатының нәтижесі өз жемісін беруде. Қазақ елінің алдағы басты мақсаты тәуелсіздік тұғырын бекітіп, Елбасымыз ұсынған «Мәңгілік Ел» құру, бұл ұлы да, болашақ ұрпақ алдындағы жауапты мақсат!  Ол үшін Ұлттық мемлекет және азаматтық қоғам қалыптастыруымыз керек. «Мәңгілік елге» негіз боларлық үш тұғыр бар, олар, біріншіден  халқымыздың салт-дәстүрі мен Ата заңымызға негізделген ұлттық мемлекеттік идеология. Елбасы ұсынған «Рухани жаңғыру» бізді осыған бағыттайды. Бұл үрдістің басты мақсаты да халқымыздың жан саулығын түзетіп, қалыпты дамыту. Қазақстанның әрбір азаматы қуанып оянып, құлшынып жұмысын істеп, ертеңгі күніне нық сеніммен қарауы керек. Ежелгі грек философы Демокрит айтқандай «адам бақыты-жан тыныштығы»! Ұлттық патриотизм мен мақтаныш сезім сонда қалыптасады.  Екінші, халқымыздың тән саулығы мен бас амандығы. Ол үшін елдің тамағы тоқ, киімі бүтін, басында баспанасы мен тұрақты жұмысы болуы, денсаулығы мықты және салауатты өмір салтын ұстауы керек.                                                   

Үшінші, ұлттық сана қалыптастыру, әлеуметтің білімін көтеру, ол үшін жастарымыз алдыңғы қатарлы елдердегідей озық білім алуы қажет. Білімді және мәдениетті адам өзін де жетілдіріп отырады, қоғамға да пайдасын тигізетін болады. Қайта өрлеу дәуірі адамзат тарихындағы Ағартушылық мәдениетін туғызды. «Білім—қуат көзі» деген ұран көтерді. Қазіргі Қазақ Елі де сондай Ренессанс дәуірін бастан өткеріп жатқандай деп ойлаймын, сондықтан бізге де қоғамның барлық саласын дамыту үшін білім беру сапасын көтеру өзекті мәселе. 20-шы ғасырдың басында қазақ зиялылары ұлтының тәуелсіздігі мен болашағын біліммен байланыстырды, себебі қарудың күшімен ат төбеліндей халық өз мақсатына жете алмайтынын түсінді. Абай, Шәкәрімнен бастап, Ахмет, Әлихан, Мағжан сияқты тұлғалар білімді ғана теңдікке, бостандыққа жеткізетін жалғыз қару деп санады. Бүгінгі күні де бұл мәселе күн тәртібінен түскен жоқ. Тұғыры мықты, тәуелсіз мемлекет орнатамыз, азаматтық қоғам құрамыз, мәдениетті Ел боламыз десек елім-жерім деген азаматтар тәрбиелеуіміз керек.                                                   

Тәуелсіз Ел болып, өркениетті ұлттар қатарына қосылар күнді армандаған ұлы тұлға Абай, соған жетудің жолдарын көрсетіп кеткен болатын. Кемеңгер ойшыл ол жолды 1-ден ұлттың бірлігі мен намысынан, өзіндік мінезінен іздеді, 2-ден имандылық пен ар-ұяттан іздеді, 3-ден адал еңбек пен талап қайраттан іздеді, 4-ден өнер-білімнен іздеді, 5-ден салт-дәстүр, тарихи сабақтастықтан іздеді. Бүгінгі қазақ қоғамы-дана Абай сынаған дерттерден толық арыла алды ма?! Әрине, Абай өмір сүрген заманнан бері, әсіресе тәуелсіздікке қол жеткізген уақыт аралығында Елбасының бастауымен Қазақ Елі өте үлкен ғаламдық өзгерістерді бастан өткерді. Дегенмен, қазіргі заманның талабы, адамзаттың даму қарқыны, халықаралық қайшылықтардың шиленісуі Қазақстан сияқты жас мемлекеттерге ерекше салмақ салады. Еліміздің ертеңін ойласақ білім мен техниканы жаңаша дамытып, рухани құндылықтарымыз бен тарихи жәдігерлерімізді қалпына келтіріп, ел мен жер тұтастығын көздің қарашығындай қорғауға тиіспіз. Елім деп еңбек етіп жүрген, халқым деп тер төгіп жүрген Ерлерге сенім артып, ұлтым деп ұран көтерген, жұртым деп жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген Даналарымызды құрметтейік Қазақ елі!                                                      

Қуаныш МҰХАМЕДЖАН

Алматы энергетика және байланыс университетінің,

әлеуметтік пәндер кафедрасының профессоры

.

ENERGO UNIVERSITY