«ӘДІЛДІК ҮШІН КҮРЕСТІМ»

«ӘДІЛДІК ҮШІН КҮРЕСТІМ»


14.12.2020 Барлық жаңалықтар


1991 ЖЫЛЫ 16 ЖЕЛТОҚСАНДА АРАЙЛАП АТҚАН ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ТӘУЕЛСІЗДІК МЕЙРАМЫ ҚҰТТЫ БОЛСЫН! АЗАТ ЕЛ БОЛУЫМЫЗ - АТА-БАБАЛАРЫМЫЗДЫҢ ЕЛ МЕН ЖЕРДІ ҚОРҒАУДАҒЫ ТӨГІЛГЕН ҚАН МЕН ТЕРІНІҢ ӨТЕУІ ЕКЕНДІГІН ЕШҚАШАН ҰМЫТПАУЫМЫЗ КЕРЕК. ҚАЗАҚСТАНДЫ ОТАНЫМ ДЕП САНАЙТЫН ЖҰРТЫМЫЗДЫ БЕРЕКЕ-БІРЛІКТЕН АЙЫРМАЙ, ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІН ӨРКЕНИЕТТІ, ДАМЫҒАН ЕЛДЕРДІҢ ОРТАСЫНАН ОЙЫП ОРЫН АЛАТЫН КҮНГЕ ЖЕТКІЗСІН ДЕП ТІЛЕЙІК!

«ӘДІЛДІК ҮШІН КҮРЕСТІМ»

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні қарсаңында 1986-жылғы Желтоқсан көтерілісіне қатысып, алаңда қаза тапқан Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің электроэнергетика факультетінің 2-ші курс студенті Ербол Спатаевты жыл сайын еске алу іс-шаралары өтіп тұрады.

Ербол Сыпатаев жатақханада сабаққа тобымен

дайындалу сәті (оң жақта түрегеліп тұрған)

КСРО аталатын елде демократия үдерісінің жаршысы болған 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің маңызы жыл өткен сайын арта бермек. Азат елімізде көтеріліске қатысқандардың барлығына реабилитация жасалды. Қаза тапқан желтоқсаншы Қайрат Рысқұлбековке халық батыры атағы берілді. Жазықсыз құрбан болғандардың есімдерін ел жадында сақтау мақсатында мектептер мен көшелерге есімдерін беріп, мұражайлар ашылуда.

Жастарымыздың ар-намысының символы ретінде қаза тапқан Ербол Сыпатаев Алматы облысы, Панфилов ауданы, Жаркент өңірінде 1964 жылы дүниеге келген. 1971 жылы мектеп қабырғасын аттап, жақсы үлгерімі мен тәртібіне орай орта мектепті бітіргенше комсорг болыпты.

1983-1985 жылдары Кеңес Армиясы қатарында борышын өтеген соң, бірден Алматы энергетика институтына оқуға түседі. 1986 жылы Орталықтың әділетсіз шешіміне наразылығын білдірген энергетика институтының жастарымен бірге Брежнев алаңына барады. Өкініштісі, желтоқсанның 18-і күні жазалаушы күштердің жастарды аяусыз ұрып-соғып тарату операциясы барысында қазаға ұшырады. Жолдастарының айтуынша қыздарды қорғап, араша түскенде басынан қатты соққы алып қайтыс болған көтерілістің алғашқы құрбаны.

Тәуелсіздік үшін қанын төккен Ерболды есте қалдыру мақсатында Алматы облысы, Панфилов ауданының Еңбекші ауылындағы өзі оқыған орта мектеп Ербол Сыпатаевтың есімімен аталады. Мектеп мұражайында оның қолы тиген заттардың бәрі дерлік жинастырылған. Мектеп директоры Дәулетқызының айтуынша, оқушыларға Ерболдың тағдыры мен жалпы желтоқсаншы жастардың ерлігі үлгі ретінде насихатталып келеді.

2008 жылы қазіргі Алматы облысы, Панфилов ауданының орталығы Жаркент қаласындағы Мәдениет үйінің алдындағы «Батырлар аллеясында» Желтоқсан көтерілісінің құрбандары Ербол Спатаев пен жерлесі Ләззат Асановаға арналып зәулім ескерткіш орнатылды. Бұл ескерткіш Желтоқсан көтерілісінің құрбандарын еске алудың және сол көтеріліске қатысқан бүкіл облыс аумағындағы желтоқсаншыларға тағзым етудің орталығына айналып отыр.

Студенттік өмір. Ербол Сыпатаев досы Халықпен бірге түскен суреті

1994 жылы Ербол Сыпатаевтың 30 жылдық мерейтойына байланысты Алматы энергетика және байланыс университеті ұжымы қыршын кеткен студентін есімін қастерлеп, арнайы ас беріп, оның атына арнайы оқу залын ашқан еді. Бұл күндері Ербол Спатаев атындағы кітапханамыздың «№6» оқу залы отаншылдық рухта безендіріліп, жастар үшін шағын іс-шаралар өткізіп тұратын орталыққа айналды. Жылда желтоқсан айы Тәуелсіздік Күніне арналған кездесулер өткізіліп, жастардың ұлтжандылық тақырыбындағы сабағы мол әңгімелер қозғалады.

Ербол Сыпатаевтың өлер алдындағы «әділдік үшін күрестім» - деген қоштасу сөзі бүтін қазақ жастары үшін өсиет ретінде - еліне, халқына қызмет жасаудың үлгісі болып қала бермек.

Берлібаев Б.Т. – т.ғ.д., ӘП кафедрасының профессоры

Кабдушев Б.Ж. – т.ғ.к., ӘП кафедрасының меңгерушісі

і

ENERGO UNIVERSITY