25.03.2021 Барлық жаңалықтар
МИНИСТРМЕН БОЛҒАН КЕЗДЕСУ
(Қазақстанның 7 томдық тарихы қашан жазылады?)
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың қатысуымен ғалымдар мен жетекші педагог-тарихшылармен Қазақстанның тарих ғылымын дамыту тұжырымдамасы мен «Ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі Қазақстан тарихы» 7 томдық басылымының болашақ тұжырымдамасы жобасын талқылау бойынша Ғылым ордасының кітапханасында кездесу өтті. Офлайн түрінде болған басқосуға АЭжБУ-ден әлеуметтік пәндер кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.к. Кабдушев Болат Жоламанұлы да қатынасты.
Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры З. Е. Кабулдинов Кеңестің күн тәртібіндегі қаралатын сұрақ төл тарихымызды жазу концепциясын талқылау болатындығын ескертіп бірінші сөз кезегін Министрге ұсынды. Асхат Қанатұлы Президенттің тапсырмасын орындау мақсатындағы тарих ғылымын дамытудың басты бағыттарына кеңінен тоқталды: «Бұл жерде жаңа академиялық басылымның атауы, ұлттық тарихты кезең-кезеңмен белгілеу, әр томның атауы мен хронологиялық шеңбері, оны жазудың принциптері мен жаңа әдістемелері, мектеп оқулықтарын жазудағы жаңа тәсілдер және т.б. мәселелер қозғалады және жазылады.
Сонымен қатар, мұнда қоғамдық сананы деколонизациялау, зерттеудің заманауи әдістерін қолдану, шетелдік ғалымдардың әзірлемелері мен әдіснамалық тәсілдерін енгізу мәселелері нақты жазылуға тиіс. Бұл жерде біз ғылыми айналымға жаңа мұрағат материалдарын енгізу қажеттілігін нақты көрсетуіміз керек.
Жаңа тұжырымдаманы әзірлеу Мемлекет тарихы институтына жүктелді. Ол оны елдің жетекші ғылыми орталықтарымен келісуі керек еді. Бүгінгі және одан кейінгі мұқият сараптамалар мен талқылаулардан кейін біз оны үкімет немесе министрлік деңгейінде бекітеміз.
Біз шұғыл түрде бұл жұмысты БМҚ түрінде 450 млн. теңге көлеміндегі конкурстан тыс қаржыландыру мәселесін шештік. Премьер-министр бұл ұсынысты мақұлдады. Бұл бюджеттің едәуір бөлігі ғалымдардың еңбегіне ақы төлеуге жұмсалуы керек.
Әр томның тұжырымдамасын, әр томның құрылымын жасау және елдің әр түкпірінен орындаушыларды таңдау шұғыл жасалуы керек. Бұл жұмысқа еліміздің барлық тарихшылары тартылуы тиіс.
Дайындалған материалдарды арнайы сараптау комиссиясы қабылдап, бекітуі және екі рет рецензиялаудан өтуі тиіс. Бұл өте маңызды болып табылады.
Осы жұмыстың барлығын үйлестіру Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтына жүктелген.
Отандық тарихты қоса алғанда, тақырыптарды бекіту жөніндегі үйлестіру кеңесін қалпына келтіру мәселесі ерекше тұр. Тақырыптарды қайталау бар. Бірқатар тарихи кезеңдер бойынша мамандар тапшы. Барлығы ХХ ғасырдың проблемалары бойынша тез қорғағысы келеді. Сонымен қатар ежелгі және орта ғасырлар, Қазақ хандығы бойынша мамандар жетіспейді. Докторлық диссертацияларды бекіту жөніндегі үйлестіру кеңесін қалпына келтіру мәселесін ойластырайық.
Қазіргі уақытта отандық тарих ғылымы мен білім беру саласы үшін білікті кадрлардың жетіспеушілігі өткір сезілуде. Жастар уақытында диссертацияларын қорғалмайды. Кадрлардың қартаюының табиғи процесі жүріп жатыр. Орта буын ғылымда да аз. Мен өз ұсыныстарымды енгізуді сұраймын. Гуманитарлық бейіндегі 7 жетекші ҒЗИ ШЖҚ РМК-ға ауыстырылды. Жалақыны көтеру мүмкіндігі пайда болады.
Қазақстан тарихы бойынша бірыңғай базалық мектеп оқулықтарын мүлдем жаңа тұрғыдан дайындау процесі қатар жүруі тиіс» - деген басты атқарылатын жұмыстарды екшелеп берді.
Мемлекет тарихы институтының директоры Еркін Әбіл және Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Кабулдинов Қазақстанның тарих ғылымын дамыту тұжырымдамасы мен «Ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі Қазақстан тарихы» атты 7 томдық басылымның болашақ тұжырымдамасын таныстырды. Кеңесу барысында баяндамашылар әлемдік тарих контексінде жаңа ұлттық дүниетанымды қалыптастыру қажеттілігін атап өтті.
Кездесуі аясында сөз алған Қ.С. Алдажұманов, Б.Е. Көмеков, М.К. Қойгелдиев, Т.О. Омарбеков, Х.М. Әбжанов, М.Х. Әбусейітова, О.И. Исмагулов сияқты ғалымдар Қазақстан тарихы бойынша жаңа жеті томдық академиялық басылымды құрудың негізгі мәселелерін талқылады, басылымды дайындау бойынша негізгі тәсілдерді атап өтті, атап айтқанда, Отандық тарихты қоғамдық сананы деколонизациялау арнасында жазу, бұрынғы коммунистік клишелер мен догмалардан бас тарту, мәдени-өркениеттік тәсілді пайдалану, ғылыми этиканың маңызды қағидаттарын және зияткерлік адалдық пен парасаттылықтың жоғары стандарттарын сақтау, бұрын ғылыми айналымға енгізілмеген жаңа мұрағат құжаттары мен жазбаша дереккөздерді пайдалану және т. б.
Қазақстан тарихы бойынша жаңа академиялық басылымның мақсаты-еліміздің және халықтың тарихын ежелгі дәуірден қазіргі уақытқа дейінгі Дүниежүзілік тарих процестерінің құрамдас бөлігі ретінде, шетелдік мұрағаттар мен кітапханаларда анықталған жаңа дереккөздерді пайдалана отырып, әлемдегі геосаяси өзгерістерге бейімделу жағдайында Қазақстан аумағында мемлекеттік құрылымдардың, қоғамдар мен мәдениеттердің даму ерекшеліктерін, қазіргі заманғы академиялық ғылымның жетістіктерін және пәнаралық тәсілдерді көрсету.
Еліміздің тарихшы ғалымдардың басын қосқан жиынды қорытындылаған Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бұл жоба бүкіл ғылыми-тарихи қоғамдастықтың бірлескен ауқымды жұмысы екенін атап өтіп, ғалымдарды Қазақстан тарихын зерттеуде бірыңғай Вектор құру бойынша бірқатар маңызды міндеттерді шешуге бірлескен күш-жігер жұмсауға шақырды. Сондай-ақ, Министр өткеннің объективті бейнесін жасау жалпыұлттық бірлікті қалыптастырудың, Мемлекеттік бірегейлікті қалыптастырудың, егемендікті нығайтудың, азаматтық пен патриотизмге тәрбиелеудің басты факторларының бірі болып табылатынын атап өтті.
Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының «Ғылым ордасы» қабырғасында өткен кездесудің қорытындылары бойынша кафедра меңгерушісі Болат Жоламанұлы Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің ӘП кафедрасының профессор-оқытушыларымен Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Қазақстанның 7 томдық тарихын жазуға қатысты кафедраның тарихшыларының ғылыми әлеуеті туралы ақпарат дайындау, қаржыландырылатын гранттық бірлескен жобалар жасау дайындығы, ұлт тарихының өзекті мәселелерін талқылау бойынша іс-шаралар өткізу жобаларын жасау туралы әңгімелесті. Кафедра профессор-оқытушылар қауымы өз пікір-ұсыныстарын ортаға салды. Министрліктің қолдауымен жасалып жатқан жұмыс барысына барынша қолдау көрсетіп, зерттеп жүрген тақырыптарына орай тарих оқулықтарын жазуға қатысуға тілек білдірді.