01.10.2021 Барлық жаңалықтар
Бүгін, 1 қазан күні Түркістан қаласында "Өңірлік ынтымақтастық және көміртекті бейтараптыққа қолжеткізу үшін бірлескен іс-қимыл жолдары" Орталық Азия форумы өтті.
Форумда Орталық Азия елдерінің өкілдерімен төмен көміртекті саясат саласындағы өзекті мәселелер талқыланды. Форум "Қазақстанның экологиялық ұйымдарының қауымдастығы" ЗТБ Төралқасының төрайымы А.Н. Назарбаеваның, ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі С. А. Брекешевтің және ҚР-дағы Германия елшісі Моника Иверсеннің құттықтау сөздерімен ашылды. Ректор Сауле Саветовна Сагинтаева "Төмен көміртекті даму стратегияларын үлгілеу" пленарлық сессиясында спикер ретінде сөз сөйледі.
Сауле Саветовна өз баяндамасында Алматы энергетика және байланыс университетінің декарбонизация мақсаттарын іске асыруға бағытталған қызметі туралы айтып берді. Баяндамада энергетика объектілерінің қоршаған ортаға әсер етуі нәтижесінде климаттың өзгеруіне байланысты мәселелер ғылыми зерттеулерді бірнеше зерттеу топтары арқылы жүргізетін Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті ғылыми қоғамдастығының басты назарында екендігі атап өтілді.