Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауына пікірлер

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауына пікірлер


16.03.2022 Барлық жаңалықтар


Бүгін Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің Ғылыми кеңес залына жиналып, Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың Жолдауын тыңдап, өз пікірлерімізбен бөлістік. 

Өз басым Жолдаудың болатынын алаңдап күткенімізге жылдар өткендей сезімдемін. Естен кетпес «Қаңтар қасіретінің» зардабы «қартайтып» жіберді. Дүние-мүліктің орны толар, еш соғыссыз қынадай қырылған бауырларымыздың қазасы ауыр болып тұр. «Жығылғанға жұдырық» болғандай орыстардың Украинаға басып кіруі бар әлемді дүр сілкіндіріп, қазақты одан ары уайымға салып жіберді...

«Қаңтар оқиғасын» талқылаған кешегі парламенттік отырыстан, бүгінгі Президенттің Жолдауынан түйгеніміз халқымыздың қарапайым күнкөрістен туған наразылығын пайдаланбақ болғандар, ең бастысы қауіпсіздігімізге жауапты құрылымдардың сатқындық жасағанын ашық айтты. Олардың бірінен соң бірі күдікке ілініп, қамауға алынғандар жайлы талай болжамдар жасалып жатыр.

Менің ойымша бүгінгі Президент Жолдауының мазмұнына әсер етуші жәйт қазіргі күрделі геосаяси ахуал. Оның біз үміттеніп отырған ішкі саясаттағы демократия үрдісіне қатысы бар және бұл бағыттағы үрдістеріне ықпалы болатыны анық. Бастама бар, нақты іс қалай болады, ол қоғамның да жауапкершілігіне байланысты.

Бүгінгі қоғамымыздың ортақ мүддесі экономикалық ахуалдың дұрысталып, халқымыздың әл-ауқатының жоғары болуы ғана. Сол бағытта ел болып батылдық пен бірлік таныта алмай отырғанымыз өкінішті. Жолдауда осы мәселе терең таратылған жоқ.

Және бір мәселе, мемлекетіміздің абыройына нұқсан келтіріп, халықтың сенімсіздігіне негіз болған басты себептердің бірі биліктің беделін жұрдай қылған асқынған жемқорлық айыпталмады...

Айтарымыз: қоғамның тұрақтылығы санаулы байлардың немесе «отбасының» байлығымен өлшенбейді. Ертеңіне сенімді, бүгінгі тұрмысына көңілі тоқ көпшіліктің тынымсыз еңбегі мен адал қызметінің арқасында тәуелсіздігіміздің баянды болатыны қарапайым аксиома.

Дегенмен «жақсы сөз, жарым ырыс» демекші жақсы сөз айтайық, Президентіміздің оң бастамаларын қолдайық, ауызбіршілікте болайық деген мәмілеге келдік. Гүлденген Жаңа Қазақстанға бәріміз мүдделіміз!

Болат Жоламанұлы

«Халықтың әл-ауқатын көтеру – экономикалық тұғырдың бастауы»

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі Жолдауында Қазақстан аумағындағы өзекті мәселелерге көңіл бөліп, оларды шешу үшін кейбір облыстарды екіге бөлуі елді мекен тұрғындарының көңілінен шығатын ұсыныс болды. Президентіміздің айтуынша, «кезінде Алаш арыстарының басын қосқан Семей қаласының жағдайы мәз емес. Сол себепті тарихи әділдікті орнатып, ұлыларымыз дүниеге келген киелі өлкені қайта жаңғырту мақсатында» Семей аймағында Абай облысы құрылып, Семей қаласы жаңа облыстың орталығы болады.

Бұрынғы Жезқазған облысының аймағында Ұлытау облысы құрылып, «Жезқазған қаласы қайтадан облыс орталығы болады. Бұл аймақта дербес облыс құру экономикалық қана емес, рухани жағынан да маңызды шешім. Кең байтақ қазақ жерінің дәл жүрегінде орналасқан Ұлытаудың төл тарихымыздағы орны ерекше. Ел тағдыры шешілген ұлы жиындар осында өткен. Сарыарқаның төрінде орналасқан бұл аймақтың туристік әлеуеті өте зор. Оның өндірістік қуатын, логистикалық мүмкіндігін ұтымды пайдалану керек», - деген мемлекет басшысының тұжырымында «мемлекет мүддесі мен үшін бәрінен жоғары» ұстанымы жатқанын түйсінуге болады.

Ал Алматы агломерациясына қатысты түйткілдерге байланысты Алматы облысының қазіргі территориясы да екіге бөлініп, Жетісу және Алматы облыстары құрылады. Алматы облысының орталығы Қапшағайда болып, оған «билікке көтерілдім, бірақ халықтан аласа екенімді ұмытпадым» деген ұлы тұлғаларымыздың бірегейі, мемлекет қайраткері Д. А. Қонаевтың есімін беру туралы ұсынысын да  халықтың қабыл алатынына сеніміміз мол. Бұрынғы Алматы облысының атауы Жетісу болып өзгертіліп, орталығы Талдықорғанда орналаспақ.  

Қорыта келгенде, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі Жолдауында Қазақстан аумағындағы өзекті мәселелерге көңіл бөліп, оларды шешу үшін кейбір облыстарды екіге бөлуі ұсынысы сол аймақ тұрғындарының көкейтесті мәселелерін қарастырып, оңтайлы шешімін табуға әсер етері сөзсіз және бұл қадамдар аймақтарды дамыту ісіне тың серпін бермек.

Ғұмарбек Дәукеев атындағы АЭжБУ доценті, ф.ғ.к. Шәрібжанова Ғ. Ғ.

 

        Қазақстан Республикасы әлеуметтік саяси жаңғыру жолында

ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың  бұл жолдауын  Жаңа Қазақстанның бастауы болатын тарихи құжат деп айтуға болады. Бұл көптеген саланы қамтыған, нақты талдау жасалынған  салмақты стратегиялық жоспар. Бүгінде халықаралық геосаяси шиеленістер мен еліміздегі ішкі түйткілдер кез келген азаматты болашаққа деген терең ойға түсіріп, алаңдататындай  жағдайға әкелгені белгілі. Мемлекет басшысының  үндеуі көшіліктің көңілінде жүрген мәселелерге жауап берді. Ең негізгісі ішкі және сыртқы түрлі тәуекелдерге бой ұсынбай, демократиялық реформалар жалғасын табатын болды. Жолдауда таяуда жүзеге асырылатын саяси реформалардың жаңа бағдарламасы мен әлеуметтік-экономикалық бағытта жүзеге асырылатын маңызды стратегиялық міндеттері көрсетілген.

Атап айтқанда, Мәжіліс пен Сенаттың рөлі қайта қаралып, пропорционалды  және мажоритарлы  сайлау жүйесі қатар жүретін болды. Бұл дегеніміз азаматтық ұстанымы  мықты, белсенді әр бір қазақстандық азамат парламенттік сайлауға түсіп,  еліміздің  өркендеп дамуына үлес қосуына құқығы бар. Сонымен қатар, Президент электронды сайлау технологияларды енгізудің  келешегі туралы пікір білдірді: «Көптеген елдер дауыс берудің баламалы түрлерін пайдаланып жатыр. Яғни электронды, мерзімнен бұрын, қашықтықтан, көпкүндік  дауыс беру тәсілдері кеңінен қолданыла бастады. Сондықтан әлемдегі үздік тәжірибелерді зерттеп, қажет болса оны біртіндеп енгізген жөн», - деді. Сондай-ақ, Ұлттық құрылтайдың құрылатыны, жергілікті өзін-өзі басқаруды күшейту, жаңа партияларға жол ашу, яғни партиялар арасындағы саяси бәсекелестікті дамыту, оған жоғары билік өкілі ретінде Президенттің араласпауы, әкімдерді таңдау, адам құқықтарының қорғалуын жетілдіру сияқты нақты қадамдар жүзеге асырылады. Азаматтық қоғамның рөлі күшейіп,  қоғамдық ұйымдар мен билік өкілдері бірігіп  ұлттық жобаларды ашық платформаларда талқыланатын болады.

Ел Президентінің бұл жолдауы халықтың еңсесін көтеріп еліміздің дамуына өз үлестерін қосуға деген құлшыныстарын оятты деп ойлаймыз. Біз еліміздің болашағына және Президенттің  реформалары мен  бастамаларына  сенеміз.

Әлеуметтік пәндер кафедрасының

аға  оқытушысы, А.Ә.Әбдіқалық

 

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл»

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауын еліміз үлкен үмітпен және ықыласпен қабылдады деп ойлаймын. Әрине, «қаңтар оқиғасынан» кейін мемлекеттің даму бағыты мен болашағын айқындайтын түбегейлі реформалар іске асып, қоғам жаңа бір даму кезеңіне аяқ басатынына жұрт сенімді еді. Оған объективті және субъективті алғышарттар мен себептер жеткілікті болды. КСРО ыдырап, тәуелсіздік алған елімізде ұзақ жылдарға созылып кеткен өтпелі кезең, өзінің «алдымен экономика, содан кейін саясат» деген ұстанымымен дамуын баяулатып алғаны белгілі. Егер қоғам дамуы, мемлекетті басқару формасы өркениетті елдердегідей «меритократиялық» және «демократиялық» шарттарды үйлестіре білгенде, «қаңтар оқиғасы» болмайтыны да айқын еді.

«Жаман айтпай жақсы жоқ» дегендей, табиғатта да, қоғам дамуында да диалектикалық заңдылықпен қатар синергетикалық заңдылықтар да көрініс береді. Осы тұрғыдан сипаттасақ 2022 жылдың «қаңтары», Қазақ Елінің өз тарихының жаңа бетін ашуға «бастама» болғандай. Мемлекет басшысының бүгінгі жариялаған халыққа Жолдауының жалпы мәні мен мазмұны осының дәлелі. Президент Қ.К. Тоқаевтың жолдауында, өз кезегінде уақыты жеткен нақтылы саяси және мәдени реформалардың маңыздылары атап өтілді. Елімізде соңғы жылдары қалыптасқан саяси-экономикалық, мәдени-әлеуметтік ахуалды ескере отырып, бірқатар саяси шешімдерді ұсынды. Соның ішінде қоғам дамуын демократиялық жолға салуға бағытталған өзектілері: Ел басшысының және жергілікті әкімдердің, Орталық Сайлау Комиссиясының төрағасы мен мүшелерінің, Есеп комитеті мен Конституциялық кеңес мүшелерінің саяси партия мүшесі болмауы, саяси партияларды тіркеу мен сайлау заңдарына енгізілген өзгерістер сөз жоқ қоғам дамуына тың серпін беретін мәні зор қабылдаулар.

Ерекше бір атап көрсететін жаңа ұсыныс халықтың пікірімен санасуға, парақорлық пен жемқорлықты жоюға бірден-бір тиімді құрал - БҰҚАРАЛЫҚ ақпарат құралдарының жұмысына жағдай жасап, заңды тұрғыда олардың қоғам дамуындағы рөлін арттыру туралы шешімдер.

Сонымен бірге Парламенттің құзырына берілген жаңа міндеттер, құқықтық құрылымдардың міндеті мен сот органдарының тәуелсіздігін жетілдіре түсу шындығында билік бұтақтарының қызметіндегі жаңа үрдіс болмақ.

Президент жақындары мен туысқандарының жоғары саяси органдар мен квазимемлекеттік құрылымдарда лауазымдық қызметке тұруына заңды шектеулер қойылуы да елімізде қалыптасып келген «теріс дәстүрді» жоюға мүмкіндік бермек.

Елімізде пайда болатын «Ұлттық құрылтай» өз тарихи міндетін атқарып болған Қазақстан Халқы ассамблеясының функциясын атқаратын беделді саяси институт болады деген сенімдеміз.

Еліміздің экономикалық дамуына, жергілікті тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін тиімді және ыңғайлы шешуіне жаңа әкімшілік аймақтардың құрылуы өз нәтижесін беретіні айқын. Жаңа аймақтарға ұлтымыздың рухани көсемі ұлы АБАЙДЫҢ есімі берілуі, Алты алаштың басын біріктіретін тарихи Ордасы болған киелі мекен ҰЛЫТАУ деп аталуы, жер жәннәті ЖЕТІСУЫМЫЗДЫҢ картаға өзінің тарихи атауымен қайта оралуы ұлтымыздың рухын оятып, отаншылдық сезімін марқайта түседі деп санаймыз.

Білім беру мен ғылымның дамуына, өнер мен халықтық спорттың дамуына да мемлекет басшысы айырықша тоқталып өтті, әсіресе балалар спортын жандандыруға көңіл бөлуі намысын ту етіп көтеретін қазақ жастарына деген ерекше қамқорлық деп білеміз.

Мемлекет басшысының алға қойып отырған келелі мақсаттары мен іс-шаралары, Ел Конституциясына енгізілетін 30-ға жуық өзгертулер мемлекетіміздің іргесін бекітіп, тәуелсіздігімізді нығайтып, болашаққа деген сенімімізді күшейтеді деп айтуымызға толық дәлел бар. Қазіргі ғаламдық дағдарыстың күшейіп, Украина мен Ресей арасында болып жатқан соғыстың зардабын барлық елдер көріп жатқан заманда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының салмақты да салиқалы өз халқына жолдауы еліміздің тарихындағы ерекше бір бетбұрыс болатыны анық.

Ел басшысы өз жоспарын жариялап, Сөзін ашық айтты: Қазақ Елі, ендігі парыз бүкіл халық болып жұмылып алда тұрған жауапты да игі істерді абыроймен атқару. Бұл үрдісте ел қамын ойлайтын қатардағы саналы азаматтардан бастап билік тұтқасын ұстаған тұлғалар да қалыс қалмай өз міндетін адал атқаруы тиіс. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демей ме халқымыз, өз басым талай «тар жол, тайғақ кешуді» бастан өткерген рухы биік, бірлігі жарасқан ұлтымыздың ұлы істерді атқаруда республика жұртының ұйтқысы бола алатынына сенімдімін. Келе жатқан Ұлыстың ұлы күні, жаңа-жыл қарсаңында жолданған Ел басшысының жолдауы жаңа бағдарымыздың бастамасы болғай!!!

Мұқамеджан Қуаныш Шәкіртұлы

Әлеуметтік пәндер кафедрасының профессоры

 

 


 

 

 

 

 

 

 

ENERGO UNIVERSITY