МӘЛІК ЖАЙЛАУБАЙҰЛЫ ЖАНТӨРИНДІ 75 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫМЕН ҚҰТТЫҚТАЙМЫЗ!

МӘЛІК ЖАЙЛАУБАЙҰЛЫ ЖАНТӨРИНДІ 75 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫМЕН ҚҰТТЫҚТАЙМЫЗ!


27.03.2022 Барлық жаңалықтар


27 наурызда Электрмен жабдықтау және жаңартылатын энергия көздері кафедрасының доценті Мәлік Жайлаубайұлы Жантөрин өзінің 75 жылдық мерейтойын атап өтуде.  

Мәлік Жайлаубайұлы Жантөрин 1947 жылы 27 наурызда Қостанай облысының Әулиекөл ауылында дүниеге келген.

1965 жылы Әулиекөл орта мектебін бітіріп, сол жылы Қазақ политехникалық институтына «Тау-кен жұмыстарын электрлендіру және автоматтандыру» мамандығына оқуға түсті. 1970 жылы институтты бітіріп, «Гипроуглегормаш» тау-кен машиналары мен жабдықтарын жасау жөніндегі Қарағанды ғылыми-зерттеу, жобалау-конструкторлық және эксперименттік институтына жұмысқа жіберілді.

1970 жылдан 1984 жылға дейін институтта кіші ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер, жетекші конструктор лауазымдарында жұмыс істеді. 1982 жылы Мәскеу тау-кен институтында кандидаттық диссертациясын қорғады.

1984 жылы конкурс бойынша Рудный индустриалдық институтына өтті, онда 2008 жылға дейін әртүрлі кафедралардың меңгерушісі, Тау-кен факультетінің деканы лауазымдарында жұмыс істеді.   

1989 жылы КСРО Халық ағарту жөніндегі мемлекеттік комитетінің шешімімен М.Ж. Жантөринге доцент ғылыми атағы, ал 2003 жылы институттың Ғылыми кеңесінің шешімімен профессор академиялық атағы берілді.

2008 жылдан 2016 жылға дейін Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің Электр энергетикасы және технологиялық кешендерді автоматтандыру кафедрасының доценті болып жұмыс істеді, онда бакалаврларға, магистранттар мен докторанттарға Электр энергетикасы пәндері бойынша дәріс, практикалық және зертханалық сабақтар өткізді, кафедраның ғылыми жұмысы бойынша жауапты бола отырып, ғылыми жұмысқа белсенді қатысты.

2016 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің Электрмен жабдықтау және жаңартылатын энергия көздері кафедрасының доценті болып жұмыс істейді. Бакалаврлар үшін – электр аппараттары; кернеуі 1000 В дейінгі және одан жоғары тарату құрылғыларының электр жабдығы; өнеркәсіптік кәсіпорындардың электр қондырғылары; өнеркәсіптік кәсіпорындардың электр жабдығы; энергетикалық қондырғылардағы қауіпсіздік техникасы; жаңартылатын энергия көздерін пайдалану пәндері бойынша дәріс және зертханалық сабақтар өткізеді; магистранттар үшін – жүйелік және автономды энергияға арналған энергия тасымалдаушысы ретінде ауа ағындары мен желдің динамикалық сипаттамалары. М.Ж. Жантөрин бакалаврлардың дипломдық жобаларына және магистранттардың диссертациялық жұмыстарына жетекшілік етеді.

Бүкіл жұмыс кезеңінде М.Ж. Жантөрин 70-тен астам ғылыми және ғылыми-әдістемелік еңбектер жариялады. АЭжБУ КеАҚ-да жұмыс істеген уақытында 5 ғылыми еңбек жариялап, пайдалы модельге патент алды, әрі екі тілде 15 ғылыми-әдістемелік еңбегі шығарылды (дәрістер конспектілері және әдістемелік нұсқаулар).

2020 жылы М.Ж. Жантөрин Халықаралық Ақпараттандыру Академиясының толық мүшесі болып сайланды.

Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің ұжымы Сізге зор денсаулық, барлық бастамаларыңызға сәттілік және табыс тілейді! Сіздің кәсіби шеберлігіңіз бен адалдығыңыз біздің елімізге ұзақ уақыт қызмет етіп, жаңа жетістіктерге негіз болсын!

 

 

 

ENERGO UNIVERSITY