2022 жылғы 28 сәуірде Қазақстандағы Ұлыбритания Елшілігінің ресми делегациясы Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінде болды

2022 жылғы 28 сәуірде Қазақстандағы Ұлыбритания Елшілігінің ресми делегациясы Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінде болды

29.04.2022 Барлық жаңалықтар


Делегация құрамында Бірінші хатшы, Сауда және инвестициялар жөніндегі директор Бет МакКендрик, Ұлыбританияның Атырау қаласындағы сауда-инвестициялық өкілдігінің басшысы Ануар Кожабеков, Сауда бөлімінің кеңесшісі Лариса Глухова, Шығыс Еуропа мен Орталық Азиядағы қаржылық, кәсіптік және бизнес қызметтер мәселелері жөніндегі өңірлік жетекші Расул Алибекұлы болды. Құрметті қонақтарды Академиялық қызмет жөніндегі проректор С.Коньшин, Ғылыми және инновациялық қызмет жөніндегі проректор А. Саухимов, Халықаралық ынтымақтастық және академиялық ұтқырлық департаментінің директоры М. Алиярова, ЭЭИ директоры Ж. Абдимуратов,   АТИ директоры А. Досжанова, ЖЭБЖИ директоры А. Бегимбетова және Электрмен жабдықтау және жаңартылатын энергия көздері кафедрасының меңгерушісі К. Тергемес қарсы алды.

Проректор Сергей Коньшин өз сөзінде университеттің атом энергетикасын дамыту саласындағы кейбір жоспарлары туралы айтты. «Құрметті бірінші хатшы Бет МакКендрик, АЭжБУ «Ядролық реакторлар мен қондырғылар» атты жаңа білім беру бағдарламасын енгізуді жоспарлап отыр. Бұл ұзақ процесс, ол тек Қазатомөнеркәсіппен ғана емес, сондай-ақ халықаралық компаниялармен және Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікпен де ынтымақтастықты білдіреді. Біздің ядролық құзыреттері бар жоғары оқу орындарының қатарына кіруге деген ұмтылысымыз Британдық әріптестерімізді де қызықтыратынына сенімдімін»,-деді ол.

Ұлыбритания Елшілігінің бірінші хатшысы проректор Сергей Коньшинге алға қойған жоспарларымен бөліскені үшін алғыс білдіріп, жобаларды коммерцияландыру ахуалы және жасыл энергетиканың дамуы жөнінде сұрақтарын қойды.  

Бұл жолы сөзді Ғылыми және инновациялық қызмет жөніндегі проректор Алмаз Саухимов алды. «Біздің университет өзін-өзі ақтауға ұмтылады, және біз мемлекет және басқа да тараптан ешқандай қаржылық қолдау алмаймыз, бұл коммерцияландырудың жоғары үлесі мен ғылыми зерттеулер жүргізудің бірқатар шарттарын айқындайды. Бізде жалпы сомасы 700 млн теңге (1.5 миллион АҚШ доллары) болатын 20 ғылыми жоба бар. Оның 70% - ы қызметтер, түрлі салалардағы зерттеулер. Сондай-ақ, біз табыс әкелетін патенттермен жұмыс жасаймыз. Жасыл энергетика бойынша ЖЭК интеграциясы бойынша бірқатар зерттеулер жүргізетінімізді атап өткім келеді. Бізде қуаттылығы 15 мегаватқа дейінгі жел станцияларының өзіндік әзірлемелері бар», - деп жауап берді ол Ұлыбритания өкілінің сұрағына.

Кездесудің негізгі бөлігінен кейін Ұлыбритания Елшілігінің бірінші хатшысы Бет МакКендрикке «Қазақстан Республикасы экономикасының өндіруші салаларын декарбонизациялау» кітабы сыйға тартылды. Кездесу Ғұмарбек Дәукеев атындағы АЭжБУ зертханаларына экскурсиямен аяқталды.