04.05.2021 Барлық жаңалықтар
Өмір көшіне тоқтау бар ма?! ХХ ғасырдың алапат соғыс өртінен аман оралған профессор Ахметов Қанапия ағамыздың да 98 жасты еңсеріп, бақилық болғанына 1 жыл болыпты.
Қанапия Ғабдоллаұлы 1924 жылы Қостанай облысының Жетіғара ауданында дүниеге келген.
1942 жылы орта мектепті алтынға бітірген бозбала армандаған оқуына емес, қан майданға аттанады. 1946 жылға дейін атқыштар взводының командирі, кейін 314-Кингиссеп атқыштар дивизиясының 1078-атқыштар полкінде штаб бастығының көмекшісі болады.
Соғыстан соң арманы орындалып, 1951 жылы ҚазМУ-дың журналистика факультетін бітірген үздік, белсенді түлегіне бірден Алматы облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқару тапсырылады. Дегенмен ғылымға құмарлығы жеңіп, Қанапия ағамыз КОКП Орталық Комитетінің жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясының аспирантурасында жүргенде кандидаттық диссертациясын қорғайды.
1961-1964 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің үгіт және үгіт бөлімі меңгерушісінің орынбасары, Алматы қалалық партия комитеттің екінші хатшысы, Алматы облыстық партия комитетінің хатшысы қызметтерін атқарды.
1965 жылы Қанапия Ғабдоллаұлы біржола оқу-ағарту саласына ауысып, ҚазМУ-дың бірінші проректоры, 1971-1977 жылдар аралығында Қазақ дене шынықтыру институтының ректоры қызметін атқарып, осы жоғары оқу орнының дамуына зор үлес қосты.
Кейін Алматы энергетика және байланыс институтының қоғамдық пәндер кафедрасының меңгерушісі, кафедра профессоры болып, бар саналы ғұмыры жоғары білім саласында өтті.
2000 жылдар университет табалдырығын аттаған күннен ағамызбен әріптес болдық. Ақыл-кеңес алып, арқа-жарқа отырыстарда құрышыңды қандыратын әңгімелерін тыңдадық. Ешқашан құр сөйлемейтін, айтар мәселесін ауқымды қарастырып, ойын терең сабақтап отыратын.
Ізденіп жазған мақалалары республикалық газет-журналдарға жарық көргенде, бірнеше данасын кафедра оқытушыларына таратып, таныстыру, пікір сұрау әдеті болатын.
Демалысқа кетер шақта бала-немерелеріме өсиет болсын деп жазған «Ғұмыр-баянынан» ұжымдық басқосуда сырларымен бөлісуші еді: «Соғыстан аман келдім... 1930 жылдардың аштығынан көрген азабымыз... әкем ерте қайтты. Жалғыз бауырының үйінде сәкінің үстінде жамыларға көрпе жоқ, жатамыз. Сонда әкемнің інісі: «әй Қанапия, Ғабдолладан қалған жалғыз тұяқ өзің, сен аман қалып осы ұрпақты жалғастыруың керек», - деп құлаққа құйған бұйрық сөздері соғыстан аман қайтуымның да себебі болған шығар», - дейтін.
«Соғыстан келгенде туған жерім Жетіғарадағы ауылдастарымның жүдеп-жадаған жағдайын көріп, қатты шошыдым... Майданда қанша дегенмен тамағымыз тоқ, киіміз бүтін еді, бұлар өздері кимей-ішпей бәрін бізге жіберіп отырған ғой...», - деп жерлестерінің аянышты хәлін есіне алатын. «Жеңіс үшін аянбай тер төккен халқымыздың еңбек-ерлігі елеусіз қалмасын» деп тарихшыларға ескертетін.
2002-2003 жылдары Қанапия ағамыз ұшқыш Хиуаз Доспановаға батыр атағын беру жөнінде мәселеге қатты кірісіп, газеттердегі жарияланған мақалалары ақпарат қоғамын дүр сілкіндірді. Ақыры елеусіз қалған батыр апамыздың ерлігі мойындалып, 2004 жылы ҚР Президенті Жарлығымен Хиуаз Доспановаға Халық Қаһарманы атағы берілді. Қанапия ағамыздың да еңбегі еленіп, сол қоғамдық пікір тудырған мақалалары Қазақстандық мұнай компаниясы тарапынан жүлдеге қоса сыйақы алғанда тағы бір құттықтап едік.
Ағамыздың 80, 85-ке толған мерейтойларында болдық. КазГУ-да бірге оқыған курстастары - ауылдан шыққан «колхозшылармыз» дейтін. Төрағасы көрнекті мемлекет қайраткері Оразай Батырбеков, мүшелері де оңай емес, арасында өзім танитын атақты ғалымдар Серік Қирабаев, Әлия Бейсенова, Нұржамал Оралбаева сынды аға-апаларымызды көріп қаламыз. Әзілдері де қатты, тағылымды әңгімелер де көп айтылатын. Ішіндегі аса салмақтысы, бәрін балаша күліп қабылдайтыны тек Қанапия ағамыз көрінуші еді.
Соғысты көрген ағамыз жеке өміріндегі ауыртпалықтардың бәрін де көтере білді. Үлкен ұлы философ-ғалым жол апатынан қайтқанда кафедра ұжымы көңіл айтып бардық.
Қанапия ағамыздың табандылығы, еңбекқорлығы, өзін ұстауы бәрімізге үлгі болды. 85 жасын атап балалары үлкен тойын жасағанда, қазақтың шығармашылық саласындағы небір ғылым мен өнер жолындағы жайсаңдарымен бірге болдық. Кафедра ұжымымен ағамыздың бірге болған соңғы үлкен басқосуымыз екен. Біржола демалысқа шыққан соң балаларының ерекше күтімінде болды. Халін сұрап хабарласқанда акиматтың жыл сайынғы дәстүрлі сұрағын айтып, «ходящий» пенсионермін деп күлдіруші еді...
Қанапия ағамыздың топырағы торқа, жатқан жері жайлы болсын!