11.07.2022 Барлық жаңалықтар
2022 жылы 11 шілдеде "Тіл білімдері" кафедрасының аға оқытушысы Ұлдай Жалғасқызы Дайшкалиева 60 жасқа толады.
Дайшкалиева Ұлдай Жалғасқызы 1987 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (ҚазМУ) филология факультетін филолог, орыс тілі мен әдебиетінің оқытушысы мамандығы бойынша бітірген.
Ұлдай Жалғасқызы өзінің оқытушылық қызметін мектепте қазақ тілі мұғалімі болып бастады. 2008 жылдан бастап Алматы энергетика және байланыс университетінің Тіл білімдері кафедрасында орыс тілі пәнінің оқытушысы болып жұмыс істейді. Педагогикалық өтілі - 35 жыл.
Ұлдай Жалғасқызы "Орыс тілі", "Кәсіби орыс тілі" пәндерін әдістемелік қамтамасыз ету картасының тізіміне енгізілген әдістемелік нұсқаулықтардың құрастырушысы болып табылады. Кәсіби орыс тілінен энергетика бағыты бойынша маманданып, СӨЖ, СОӨЖ жұмыстарын орындауға арналған 7 әдістемелік нұсқаулық шығарды. Республикалық және халықаралық конференцияларға, семинарларға белсенді қатысып, әртүрлі ғылыми басылымдарда, оның ішінде шетелдік басылымдарда 15-тен астам мақаласы жарық көрді. Сонымен қатар, студенттерін университеттік, аудандық, қалалық деңгейдегі жарыстарға дайындап, студенттердің жүлделі орындарды иеленуіне де үлесін қосып келеді.
Біліктілікті көтеру курстарына қатысып, үнемі өзінің кәсіби деңгейін жоғарылатып отырады. Сонымен қатар өзі де ғылыми-әдістемелік семинарларда баяндама жасап, орыс тілін үйретудің жаңа әдістерін әріптестерімен бірге талқылап, оларды іс жүзінде табысты пайдалануға атсалысады.
Ұлдай Жалғасқызы университеттің тәрбие, қоғамдық жұмыстарына белсене қатысады, көп жылдардан бері университеттің эдвайзерлер корпусының қатарында табысты қызмет атқарып келеді. 2022 жылғы «Оқытуша студент көзімен» атты сауалнама нәтижесі бойынша ұстаздық еңбегі жоғары бағаланып, студенттер сауалнамада оқытушысының ізгі қасиеттерін: сауатты сөйлеуді, жазуды үйреткенін, орыс тілінің грамматикасын жақсы игерткенін, мәдени құндылықтарды бойларына дарытқанын атап көрсетті.
Ұлдай Жалғасқызының еңбегін университет басшылығы жоғары бағалап, ұзақ жылдар бойғы университетке деген адалдығы, жұмыстағы жоғары көрсеткіштері, университеттің имиджі мен беделін нығайту жолындағы еңбегі үшін 2020 жылы АЭжБУ КЕАҚ ректорының Алғыс хатымен марапатталды.
Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматыэнергетика және байланыс университетінің ұжымы Сізге мол бақыт, зор денсаулық тілейді! Барлық бастамаларыңыз табысты болсын, жетістіктерге жете беріңіз! Сіздің кәсіби шеберлігіңіз бен адалдығыңыз біздің елімізге ұзақ уақыт қызмет етіп, жаңа жетістіктерге негіз болсын!