Ахмет Байтұрсынұлы – ұлттың мұраты жолындағы ұлы тұлға

Ахмет Байтұрсынұлы – ұлттың мұраты жолындағы ұлы тұлға

22.09.2022 Барлық жаңалықтар


Тіл білімдері кафедрасының  ұйымдастыруымен 2022 жылдың  12-21 қыркүйек аралығында «Ахмет Байтұрсынұлы – ұлттың мұраты жолындағы ұлы тұлға» тақырыбына бірінші курс студенттерінің декадасы өткізілді.

12-15  қыркүйек   аралығында  өткізілген декаданың І кезеңінде бірінші курс студенттері «Ахмет Байтұрсынұлы – ақын, ғалым, ұлт ұстазы, Алаш қайраткері» тақырыбы бойынша білім деңгейлерін көрсетті. Ахмет Байтұрсынұлының ақындығын, ғалымдығын, ұлт ұстазы екендігін, қайраткерлігін нақты мысалдармен дәлелдей отырып, өз түсінігін толық жеткізе білген 23 студент келесі қорытынды кезеңге өтті.

ІІ кезең 21 қыркүйек күні Д ғимаратының акт залында «А.Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығы» тақырыбы бойынша танымдық викторина сайысы болып өтті. Тіл білімдері кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Төлеуп Мейрімкүл Мұхамедиярқызы Ахмет Байтұрсынұлының тілегей-теңіз білім иесі, қалың қазақ елін жарқын болашаққа бастаған ірі тұлға, ғалым, ақын, ұлт ұстазы, Алаш қайраткері екенін айта келіп, салтанатты түрде ашып берді. Ахмет Байтұрсынұлы туралы білімдерін толықтыру, оның шығырмашылығымен жақын таныстыру, студенттердің танымдық деңгейін дамыту мақсатында өткізілген ІІ кезеңге қатысқан студенттер танымдық викторина сұрақтарына шапшаңдық танытып, дұрыс әрі толық жауап бере білді.

Викторина сайысы барысында студенттердің назарына Ахмет Байтұрсынұлы жайлы қызықты, танымдық мағынасы бар слайдтар мен бейнебаян ұсынылды. Кітапхана қызметкері Базарбаева Жаңылған Ахмет Байтұрсынұлының шығармаларынан «Ұлтымыздың ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы» атты кітап көрмесін ұйымдастырды. Бірінші курс студенттері РЭТк-21-7 тобының студенті Амангелді Шұғыла, ЭЭ-22-9 тобының студенті Ержанқызы Аиша, АУк-22-1 тобының студенті Тарғын Перизат, РЭТк-21-1 тобының студенті Жұмабек Ерғалым, КТТк-22-1 тобының студенті Тұрсынәлі Зере өз өнерлерін көрсетті.

Декада қорытындысы бойынша жүлделі I орынды ЭЭ-22-3 тобының студенті Кужахмет Али қанжығасына байласа, IІ орынды СИБк-22-2 тобының студенті Мыхаев Корганбек иеленді. ІІІ орынға ЭЭк-22-3 тобының студенті Ернияз Әсем, ЭЭк-22-4 тобының студенті Раимбек Елболат ие болды. Жеңімпаздар мақтау қағаздарымен марапатталды.

Қазылар алқасының төрайымы,  филология ғылымдарының кандидаты, доцент Досмаханова Райкүл Амандыққызы бірінші курс студенттерінің декадасына белсенді қатысқан студенттерге ризашылығын білдіріп, жеңімпаздарды құттықтап, мақтау қағаздарын тапсырды.

Тіл білімдері кафедрасының доценті, ф.ғ.к. Советова З.С.