Академиялық ұтқырлық арқылы тіл үйретуді оңтайландыру

Академиялық ұтқырлық арқылы тіл үйретуді оңтайландыру


17.10.2022 Барлық жаңалықтар


Шетелдік жоғары оқу орындарымен халықаралық ынтымақтастық
Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті
қызметінің негізгі бағыттарының бірі болып табылады. Осы ретте
академиялық ұтқырлық жоғары оқу орнында сапалы, бәсекеге қабілетті
мамандар дайындаудың басты құралдарының бірі екені сөзсіз.
Академиялық ұтқырлықтың негізгі мақсаты – студентке өзі таңдаған
дайындау бағыты бойынша білім алуға мүмкіндік беру, жетекші ғылыми
мектептері қалыптасқан танымал білім орталықтарына барып оқуды
қамтамасыз ету.
Осы орайда 2022 жылдың 17 қазанында университетімізге «Жүйелік
инженерия» біріккен білім беру бағдарламасы бойынша оқитын студенттерге
халықаралық академиялық ұтқырлық аясында неміс тілінен сабақ беру үшін
Германияның Анхальт университетінің Тілдер орталығының оқытушысы
Антье Фехнер (Antje Fechner) келіп, өз жұмысын бастады.
А. Фехнер бір апта бойы университетіміздің Тіл білімдері
кафедрасының аға оқытушысы Сара Әбішқызы Мұратбековамен бірге
студенттерге неміс тілін үйретті. Бұл тәжірибе нәтижесінде студенттер неміс
тілі ана тілі болып табылатын оқытушымен ауызша, жазбаша тікелей қарым-
қатынас жасап, екі оқытушы бір-бірімен озық әдістемелерімен алмасты.
Жұмыстың оң нәтижесін қазірдің өзінде байқауға болады:
студенттердің бойында жаңа бір серпіліс пайда болып, неміс тілін үйренуге
деген ынта, қызығушылық бұрынғыдан да артқанын, шетелге барып оқу
мүмкіндігі шындық екеніне көздері жеткенін жарқылдаған жүздерінен
байқауға болады.
Тіл үйрену үдерісін қарым-қатынаста тілдік дағдыларды пайдалану деп
түсінетін коммуникативтік әдісті негізге алған қос оқытушы да бір-бірімен
тез тіл табысып, сабақты қызықты өткізіп, тиімді нәтижелерге қол жеткізді.
Тіл білімдері кафедрасы мен «Электроника және робототехника»
кафедрасының оқытушылары қазақ елінің қонақжай дәстүріне сәйкес
германиялық қонақтың аяқ-қолын жерге тигізбей, сабақтан бос уақытта әсем
қаламызды аралатып, қала төңірегіндегі көрікті жерлерді көрсетіп, қазақ
дастарханынан дәм татқызып, қонақтың ризашылығына ие болды.
Антье Фехнер тілді тез және тиімді үйрету және ұтқырлық
студенттерге барынша мол пайда әкелу үшін не қажет деген сұрақтарға
жауаптарды ұсыныс ретінде жазып, өз пікірін қалдырды.
Антье жұмыс сапары барысында алған әсерлерін былай деп суреттейді:
- Мен үшін Қазақстанда болған кездесулер өте қызықты болды, өзімнің
Қазақстан туралы өте аз білетінімді түсіндім, жастар өз елін қатты сүйіп,
мақтан тұтатыны таңғалдырды. Студенттер қойған көп сұрақтардың ішінде:
Германияда қалай оқуға болады, неміс тілін қалай тез үйренуге болады деген
сұрақтар болды. Сабақтан соң әріптестер қала аралатып, қала сыртына да
қыдыртты, осы сәттерде аңызға айналған қазақ қонақжайлығын сезіндім.
Жақсы қабылдағандарыңыз үшін көп рақмет! Сіздерді өз елімізде күтеміз!

ENERGO UNIVERSITY