10.11.2022 Барлық жаңалықтар
2022 жылдың 8 қарашасында қазақ әдебиетінің тарихында ойып тұрып
орын алған алып тұлғаларың бірі әдебиет сыншысы, аудармашы, драматург,
үлкен ғалым Қалжан Нұрмахановтың 95 жасқа толуына орай Қазақстан
Ұлттық кітапханасында «Ерте сөнген жұлдыз» атты кітаптың тұсаукесері
өтті.
Тұсаукесер рәсіміне арналған жиынды ақын, филология
ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының
корреспондент-мүшесі, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының
орынбасары Бауыржан Жақып жүргізді.
Салтанатты жиында Қалжан Нұрмахановтың көзін көріп, одан тәлім-
тәрбие алған, шығармаларын оқып, одан сусындай білген, ғалымның,
әдебиетшінің бірегей еңбектерін зерттеген қазіргі қазақ әдебиетінің
ақсақалдары: Сейфолла Оспан, Дандай Ысқақұлы, Қасымхан Бегманов,
Софы Сматаев, Зейнол Бисенғали, Молдахмет Қаназ сияқты көрнекті ақын-
жазушылар, ғалымдар тәлім-тәрбиелі естеліктер айтып, Қалжан
Нұрмахановтың бейнесін халық санасында жаңғыртты.
36 жас өмір сүрген қысқа өмірінде соншама толағай теңіз жұмыс
атқарып, қазақ әдебиетін әлемдік деңгейге көтере білген үлкен парасат иесі
Қалжан ағамыз артына таңғаларлық дүниелер қалдырған. Мәскеу
мемлекеттік университетін бітіріп, студент кезінен қазақ, орыс тілдерінде
мақала жазып, оларды Мәскеудегі «Дружба народов», «Вопросы
литературы», «Знамя» журналдарында, қазақстандық «Әдебиет және өнер»
(қазіргі «Жұлдыз», «Простор» сияқты мерзімді баспасөз беттерінде
жариялап отырған. Батыс пен Шығыстың, орыстың тарихын, әдебиетін көп
оқып, зерттеудің арқасында ол араб, парсы, түрік, армян, поляк тілдерін еркін
меңгерген. Тіл білгенінің, өресі кеңдігінің арқасында орыс, қырғыз, өзбек,
түрік, украин, тәжік, осетин, итальян, ағылшын, поляк, американың ақын-
жазушыларының шығармаларына 500-ден астам ғылыми-сын мақала жазған.
Орыс тілінде «Әдеби ойлар», қазақ тілінде «Дос лебізі», «Дәстүрлі достық»,
«Очерктер, аударма, афоризмдер» кітаптарының авторы. Осы кітаптарына
енген өткір афоризмдері, сын мақалалары Қалжан ағамыздың әдеби сын,
драматургия, көркем аударма саласындағы қайталанбас қолтаңбасы,
талантты шығармаларының тілі, сапасы таңғалдырмай қоймайды.
Қалжан Нұрмаханов Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романының 4-
томын орыс тіліне жолма-жол аударып, Шыңғыс Айтматовты тұңғыш қазақ
оқырмандарымен таныстырған ерекше тұлға.
Осындай дана азаматтың еңбектерінің халық есінде қалып, әдебиет
атты асыл қазынамызға мұхитқа қосылған тамшыдай қосылып, келе жатқан
ұрпаққа рухани азық болуына орасан зор үлесін қосып жатқан Қалжан
ағамыздың артында қалған жалғыз тұяғы – қызы - іздеушісі Алматы
энергетика және байланыс университетінің Тіл білімдері кафедрасының
доценті, филология ғылымдарының кандидаты Маржан Қалжанқызы
Нұрмаханова.
Маржан Қалжанқызы әкесінің еңбектерін шашау шығармай, тірнектеп
жинап, өзінің ғылыми жұмысының тақырыбы етіп алып, көп жылдардан бері
тынбай терең де, жан жақты зерттеп келе жатыр.
Осындай іздеушісі, жанашыры бар Қалжан ағамыздың
шығармашылығы еш ұмытылмайды, халыққа көп жылдар сусын болады. Сол
үшін әріптесіміз Маржан Қалжановнаға үлкен алғысымызды білдіріп, игі
тілектерімізді айтамыз!
Маржан Қалжанқызын осы бір тамаша игі істе қолдап, шараға Алматы
энергетика және байланыс университетінің ұстаздары, студенттері белсене
қатысты. Университетіміздің өнерлі жастары қазақ күйлерінен күмбірлетіп
попурри тартып, Қалжан Нұрмахановтың сүйікті әні «Жан әкем» әнін
орындап, көпшілік ілтипатына бөленді.
«Күз болып, дымқыл тұман жерді басқан» жаңбырлы күні талай
тамсандырған асыл армандары орындалмай, қыршын кетсе де, артына
өшпестей із қалдырып кеткен шығармаларынан батылдық, ешкімге
жалтақтамаушылық аңғарылатын Қалжан Нұрмахановтай тұлғаны еске алу
кеші рухымызды бір көтеріп, жадымызды жаңғыртып, тамаша күйге салды.
«Ерте сөнген жұлдыз» кітабының тұсаукесері құтты болсын!
Тілдер кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к. Төлеуп М.