21.12.2022 Барлық жаңалықтар
19 желтоқсанда Қазақстан үшін маңызды оқиға – ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, ҚР Ұлттық банкінің Төлем және қаржы технологияларын дамыту орталығы мен Binance Kazakhstan компаниясы арасында Академиялық ынтымақтастық туралы меморандумға жария қол қою өтті.
Меморандумға қатысушылардың бірлескен бастамасы аясында Қазақстан блокчейн-технологиялары бойынша 40 мыңнан астам маман дайындайтын әлемдегі ең ірі білім беру бастамасын іске қосады.
Пилотты іске асыру үшін іріктелген 22 жоғары оқу орындарының қатарына Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті кіреді.
Осы Меморандум аясында АЭжБУ «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің төлем және қаржы технологияларын дамыту орталығы» Акционерлік Қоғамымен және «Astana Hub» Халықаралық ІТ-стартаптар технопаркі» ұжымдық қорымен блокчейн-инженерлер мен комплаенс-мамандарын тәрбиелеуге бағытталған білім беру бағдарламаларын іске асыру бойынша өзара Ынтымақтастық туралы меморандум жасады.
Сонымен қатар, Меморандум елімізде блокчейн-технологиялар индустриясын дамыту мақсатында Цифрлық IT-платформаларын әзірлеуге бағытталған.
Пилоттық жоба келесі жылдың ақпан айында басталады, 2023 жылдың қыркүйегінде студенттерге блокчейн-инженерия және сәйкестік бойынша элективті курстар қолжетімді болады.
Бұл білім беру бастамасы АЭжБУ студенттеріне осы бағыттағы әлемдік көшбасшы Binance компаниясының блокчейн-технологияларын зерделеуге мүмкіндік береді, бұл біздің АЭжБУ түлектерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыратыны сөзсіз.