06.04.2020 Барлық жаңалықтар
Зәуре Советова: Ғұмарбек Дәукеев атындағы АЭБУ қашықтан оқыту жүйесіне көшті
Биылғы жыл ұлы даланың қос алыбы әл-Фараби мен Абайдың мерейтойларын атап өтуге арналған. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында ұлы тұлғалар әл-Фараби мен Абайға қатысты мерейтойлық іс-шаралардың ең бастысы ғұламалардың мұраларын халыққа жеткізу, насихаттау екендігіне жете мән берген болатын.
Ұлы тұлғалар жастардың білімпаз, данышпан болуы үшін, өздері танып-білген маржан ойларын ұрпаққа мирас етіп қалдырды. Әл-Фараби: «Ғылымды үйренем деген адамның ақыл-ойы айқын, ерік-жігері, тілек-мақсаты ақиқат пен әділдік үшін талап жолында болуы шарт. Жай ләззат іздеу, кәсіпқұмарлыққа ұқсас әрекет онда болмасқа керек», – деп аманаттаса, Хакім Абай:
Пайда ойлама, ар ойла,
Талап қыл артық білуге.
Артық ғылым кітапта,
Ерінбей оқып көруге, – деп өсиет етеді.
Абай – күллі әлемді тәнті еткен дара тұлға. Сол биіктен табылған Абай есімі адамзат ойының аса көрнекті алыптарының қатарында бүкіл әлемге әйгілі болды. Ол қазақ халқының тарихи көшін ілгері бастаушы, ой-өріс пікірлерінің шеңберін кеңейтуші ретінде ұлттық болмысымызға дара біткен жарық жұлдыз. Абай тағылымы – оның даналығында, парасатты сөздерінде, ағартушылық ой-түйіндерінде, ал ұстаздық ой белесінің асқары – ел тәрбиесінде. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық. Жалпы, өмірдің қай саласында да Абайдың ақылын алсақ, айтқанын істесек, ел ретінде еңселенеміз, мемлекет ретінде мұратқа жетеміз. Абай арманы – халық арманы. Халық арманы мен аманатын орындау жолында аянбағанымыз абзал. Абайдың өсиет-өнегесі ХХІ ғасырдағы жаңа Қазақстанды осындай биіктерге жетелейді», – деп атап көрсеткен болатын.
Абайдың шығармалары қай дәуірде, қай заманда болмасын, өз өткірлігін, өз өзектілігін жоғалтқан емес. Тіптен, уақыт өте келе, олардың астарлы мәні ұлғая түсуде. Себебі еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап көрсеткендей, ХХІ ғасырдағы ғылым мен білімнің мақсаты – биікке ұмтылып, алысқа құлаш сермеу, міндеті – осы ілгері көшке ілесіп қана қоймай, алдыңғы қатардан орын алу. Ілгерілеудің негізі – білім мен ғылымда. Ол үшін, ең алдымен, білім беру саласын заманға сай дамыту қажет.
Қазақстан жаңа технологиялар әлемінде жаңа бастамалар басында тұр. Қазір жаңа кезең басталды. Бұл – біздің технология туралы түсінігімізді түбегейлі өзгертетін «Цифрлық революция» кезеңі. Енді адамның өмір сапасы ақпараттық технологияларды меңгеріп, оны пайдалануына байланысты болмақ. Мессенджердегі қарым-қатынас, онлайн дәрістер, онлайн сабақтар т.с.с. – осының барлығы жоғары білім берудің жаһандану жағдайының бір бөлігі. Осы тұрғыдан келгенде 2020 жылғы 16 наурыздан бастап елімізде төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты министрліктің бұйрығына сәйкес Ғұмарбек Дәукeeв aтындaғы Aлмaты энeргeтикa жәнe бaйлaныc унивeрcитeтi онлайн оқыту жүйесіне көшті. Атаулы жоғары оқу орнында қашықтан оқыту онлайн дәрістер және онлайн практикалық сабақтар түрі Zoom, Google ClassRoom және басқа платформалар арқылы жүргізілуде. Қашықтан оқыту білім алушылар үшін Platonus білім беру порталы арқылы жүзеге асырылып жатыр. Сонымен қатар оқушылар барлық қажетті ресурстармен қамтылған. Бүгінде жоғары оқу орнында білім беру үрдерісі бекітілген кестеге сай толық көлемде іске асырылуда.
Адамзаттың Абайы бірлік пен ұлттық ұйысу үшін халықты бірлікке, ынтымаққа, сонымен қатар жаңа заман жастарын ғылым мен білімге ұмтылуға шақырады. Абай шығармаларындағы халықтар достығы, адамның адамға деген әділетті көзқарасы бүгінгі күні де өзекті. Абайдың әрбір сөзінің өлмейтін бір қасиеті бар. Мәселен, «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген сөзі ұлты мен нәсіліне қарамай, бар халықты бір шаңырақтың астына жинаған еліміз әлемді жаулап тұрған індетті бір халық, бір қоғам болып еңсеріп шығатынына сеніміміз мол.
Абайдың әр сөзінде келешегі кемел ел үшін тағылым аларлық рухани күш пен қайрат беретін нәрлі қайнар бар. «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең – істің бәрі бос» деген бір ғана сөзі еліміздің байтақ болашағы бірлігінде, халқымыздың татулығында екендігін айқындап тұр. Олай болса, еліміздегі білім беру жүйесін жаңғырту, өскелең ұрпақтың бойында ұлттық құндылықтарды қалыптастыру барысында әл-Фараби мен Абайдың ғылыми және рухани мұраларын негізге алудың маңызы зор.
Зәуре СОВЕТОВА,
Ғұмарбек Дәукеев атындағы Aлмaты энeргeтикa
жәнe бaйлaныc унивeрcитeтiнің доценті,
филoлoгия ғылымдapының кaндидaты
Мақала https://bilimdinews.kz/?p=96984// сайтынан алынған.