Ұлы ұстаздың мұрасы – барлық адамзаттың игілігі!

Ұлы ұстаздың мұрасы – барлық адамзаттың игілігі!


14.04.2020 Барлық жаңалықтар


Мақала "Білімді ел" газетінен алынған:Мақала

Үстіміздегі жылы «Әлемнің екінші ұстазы» атанған ғұлама ойшыл, математик, астроном, музыка теоретигі Әбу Насыр әл-Фарабидің туғанына 1150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтіледі. Ұлы ойшыл, энциклопедист-ғалымның баға жетпес еңбектерін терең зерделеп, жас ұрпақтың оқып-білуіне мүмкіндік жағдайларды кеңейте түсуге бүкіл қоғам болып ат салысуымыз қажет.

Осы тұрғыдан қарағанда, жоғары оқу орындарындағы білім беру бағдарламаларына ұстаздың «Философиялық трактаттар», «Әлеуметтік-этикалық трактаттар», «Математикалық трактаттар» сияқты маңызы зор шығармаларын міндетті түрде енгізу оқу сапасын арттыруға тікелей ықпал етері сөзсіз.

Әл-Фараби туралы, оның әлемдік мәдениетке қосқан үлесі туралы, мән-мағынасы өте терең шығармаларының рөлі жайлы сөз болғанда тарихи-логикалық бірлік заңдылығы тұрғысынан таймауымыз керек. Ұлы ойшыл өз заманының перзенті екендігін біз түсінуге тиіспіз. Әрине әл-Фараби туған қаласының мәдени-ғылыми жетістіктерінен әлдеқайда кең көлемдегі әлемдік мәдениет қорындағы байлықты бойына сіңірді. Олай болмағанда, ғалымның аты дүниежүзілік мәдениеті пантеонына жазылмас еді. Оның ғылыми ізденістері мен зерттеулері арабтілді шығыс мұсылман мәдениетінде және Еуропаның көптеген елдерінде кең өріс алды. Кейінгі дәуірлердегі мәдениеттің дамуына, соның ішінде Таяу шығыс, Орта Азия мен Қазақстан халықтарының мәдениетіне әлФарабидің ғылыми еңбектерінің ықпалы әртарапты болды және қазіргі уақытқа дейін жалғасып келеді. Барлық этникалық топтардың, әсіресе түркі тілінде жазылған Махмұд Қашқаридың, Жүсіп Баласағұнның, өзіміздің ұлттық тілімізде жазылған Абай, Шәкәрім шығармаларынан да әл-Фарабидің гуманистік идеяларының іздері айқын көрінеді. Философ ретінде әл-Фарабидің адамзат мәдениеті тарихындағы рөлі ерекше екені даусыз. Әділетті қоғам құрылысын қалыптастыру тәсілінде ежелгі грек даналары ізімен жүре отырып әл-Фараби адамның қоғамдық табиғатын мойындайды және қоғамды жетілдіруді адамдардың бақытқа жетуінің басты шарты деп санайды. Тек жетілген, дамыған қоғамда ғана жеке адам өз мүддесі үшін де, сондай-ақ қоғам мүддесі үшін де мемлекеттің қызмет атқару ісіне үлесін қосуға тиісті. Бұдан еңбек бөлісін мұқият жүргізу қажеттігі туралы идея туындайды. Қазіргі заманғы адамзат қоғамының даму жолы, нарықтық экономиканың үстемдікке ие болуы ойшылдың айтып кеткен осы идеяларын айқындай түскендей. Әл-Фарабидің өмір сүрген дәуірі және негізгі шығармашылық кезеңі шығыс мұсылман мәдениетінің даму дәуірімен тұстас келеді. Оның жазған шығармалары сол заманда да және одан кейінгі дәуірлерде де аса жоғары бағаланды.

Данышпан ғұламаның өмір сүрген дәуірі мен негізгі шығармашылық кезеңі шығыс-мұсылман мәдениетінің даму дәуірімен тұстас келеді. Оның жазған трактаттары сол заманда да және одан кейінгі дәуірлерде де аса жоғары бағаланды. Ұлы ғалымның жаратылыстану саласындағы жазған еңбектері әлемдік ғылым тарихында ерекше орын алады. Ол: «Қандай да педагогикалық ғылымға қарағанда, табиғат туралы ғылым әлдеқайда бай және кең көлемді болып келеді. Философияны оқып, үйренуден бұрын табиғат туралы ғылымдарды игеру керек. Өйткені ол ғылымдар адамға жақын, мәндері анық және түсінікті ғылым саласы», – деп жазды. Сондықтан да болар геометрияны барлық жаратылыстану ғылымдарының негізі деп қарады. Бұл идеяны «философияны меңгерудің қажетті шарттары» деген трактатында анық көрсеткен. Астроном және астролог ретінде де әл-Фарабидің беделі жоғары болды. Ол бұл ғылымдарды арифметика, геометрия, музыка сияқты жоғары педагогикалық ғылымдар қатарына жатқызды. Өткен ғасырдың 50-жылдарында Еуропа елдерінің кітапханаларынан табылып жарық көрген ғұлама ғалымның «Математикалық трактаттары» әлемдік деңгейдегі еңбек болып табылады. «Алмагестке қосымша кітабы» атты еңбегінде («Алмагест» б.з. II ғасырында өмір сүрген гректің ұлы астрономы Птоломейдің еңбегі) математикалық астрономия мен географиялық әр түрлі есептерді математикалық жолмен шешу қажеттілігіне арналған үлкен де жүйелі тригонометрияны жазды. Әл-Фараби ашқан жаңалықтар дөңгелекке іштей сызылған тікбұрышты үшбұрыштың қабырғалары мен бұрыштарына байланысты тригонометриялық функцияларды астрономияға кеңінен енгізуге жол ашты.

 «Бірінші және екінші көлеңкенің қасиеттері туралы» деп аталған он екінші тарау – әл-Фарабидің тригонометриялық функциялар (сызықтар) жайлы ілімінің негізі болып саналады. Мұнда ол математика тарихында алғашқылардың бірі болып, барлық тригонометриялық сызықты бірлік дөңгелек ішінде қарастырады. Ғұлама тригонометрия тарихында тұңғыш рет кері көлеңке (тангенс), тура көлеңке (котангенс) терминдерін ғылыми-методикалық жағынан кемел жаңа терминдермен – «бірінші көлеңке», «екінші көлеңке» деп ауыстырады. Әбу Насыр өзінің тригонометриялық жаңалықтарын жазық және сфера бетіндегі үшбұрыштарды шешуге шебер қолданып, сфералық тригонометрияның негізін қалады. Ал бұл тәсілдер геодезия, астрономия ғылымдары үшін өте қажетті жаңалық болып табылады.

Сонымен бірге «Екінші ұстаздың» геометриялық сызбаларға арналған басқа да еңбектері жер өңдеуде, геодезияда, сәулет өнері саласында, техникаларды жасау және тағы да басқа өндіріс салаларында үлкен маңызға ие болғаны белгілі. Өз зерттеулерінің нәтижесін Әбу Насыр әл-Фараби тәжірибе жүзінде іске асырып, ғылыми-техникалық құралдардың дүниеге келуіне себепші болды. Ол оптикалық аспаптар жасап, соның ішінде бірінші болып ойыс парабола айна, уақыт өлшегіш күн сағатын дүниеге әкелді. Қазіргі заманғы ғылымда ғалымның көлеңке өлшеу әдісі, күн сағаты арқылы жердің меридианын табу әдісі осы күнге дейін қолданып келеді.

Әл-Фараби жазып қалдырған 150-ге жуық философиялық және ғылыми трактаттарының ішінде «Музыка туралы үлкен кітап» деген шығармасы әлемнің көптеген тіліне аударылып, музыка теориясының «әліптесіне» айналған. Ғалым бұл еңбегінде математикалық тәсілдерді пайдалану арқылы музыкалық дыбыстарды тұңғыш рет қағаз бетіне түсіріп, нотаны алғаш дүниеге келтірді. Ол музыка теориясын ғана емес, музыкалық аспаптарды да қолдан өзі жасап, сол аспаптарды шебер ойнай да білген. «Музыканың үлкен кітабында» музыка ғана емес, философия, математика, тарих, этнография, т. б. ғылыми мәселелер молынан қамтылған.

Қазақ топырағында дүниеген келген тарихи танымал тұлғаның адамзатқа қалдырған мұрасының ішіндегі көлемді және өзекті еңбегі – әрине философиялық туындылары. Ол философиямен қатар логиканың, әлеуметтанудың, этика мен эстетика ілімдерінің әр саласына орасан зор үлес қосты. Адам және қоғам туралы көзқарастарын ежелгі грек заманының озық ой-пікірлерін сыннан өткізе отырып қалыптастырды, өз заманының ғылымифилософиялық ілімдерін белгілі бір жүйеге салды. Аристотельдің философиясындағы ғылыми және стихиялық материалистік пікірлерді дамыта отырып, Әбу Насыр әл-Фараби Платонның идеалистік және діни-философиялық наным-сенімдерін, атап айтқанда барлық азаматтарға ортақ идеалды мемлекет құру идеясын қабылдамады. Сонымен бірге Пифагор мен Платон насихаттаған «мемлекеттік діннің» қоғам дамуы үшін қажеттілігі туралы көзқарастарын да сынға алды.

Ғұлама ойшылдың пікірінше, дін – мемлекет ішіндегі адамгершілік қатынастарды, қоғамдық тәртіпті орнатушы негізгі фактор бола алмайды. Оның ойынша діннің көптеген қағидалары, парасаттылық нормалары философияның негізінде қалыптасқан. Сондықтан да философия діннің ішкі мазмұнын дәлелдейді, ал мемлекетті басқару ісі діннің ішіне кіретін мәселе болғандықтан, айналып келгенде философияға бағынады. Ғылыми философия ғана мемлекеттік қызметкерлерді игі істерге қарай бастайды, жұмылдырады, нәтижесінде елді басқаруды үзіліссіз жетілдіріп, қоғамның жемісті дамуына мүмкіндік береді деп есептейді. Әбу Насыр әл-Фараби сол замандағы діни көзқарастарға ашық қарсы шықпағанымен, философия мен ғылымды дінге қарсы қойған жоқ, керісінше ақыл мен сенімді, философия мен дінді үйлестіруге тырысты.

Әбу Насыр әл-Фараби бүкіл адамзатты парасаттылық және зерделік жағынан өсіп-өркендеуге, әрбір адамды өзін-өзі үзіліссіз жетілдіруге шақырды. Оның «Бақыт жолын сілтеу», «Бақытқа жету жайында» сияқты шығармалары қай заманда болсын, бүкіл адамзат үшін маңызы өте зор, рухани даму жолында темірқазық болатын құнды еңбектер. Платон сияқты ол да адамдарды олардың қоғамдық пайдалы қызметінің түріне қарай жіктеп бөледі. Бірақ оның бөлуі адамдардың өрескел теңсіздігін туғызбайды, адамдардың бәрін мақсат бірлігі – алатын орны, дәрежесі қандай болса да жетілу арқылы бақытты болу ниеті біріктіреді деп есептейді. Платон жетілу қабілеті әкімдерде, философтарда болады, сақшы-жауынгерлерде одан кемірек болады, ал қалған бұқара – солардың айтқанын орындайтын құралы болып, солар үшін және өздері үшін материалдық игілік өндіріп, солардың ақыл-ой қызметімен шұғылдануына мүмкіндік беруге тиіс деп есептеген болатын.

Адамзаттың мақтанышына айналған біртуар ақыл-ой иесінің ойынша бақытты болу дегеніміз – адамның теориялық танымды толық ашып, оны меңгеруі. Мұндай тұжырым ойшылдың философияны теориялық және практикалық деп екіге бөлуіне алып келді. Практикалық философияны қарастыратыны – этика және саясат мәселелері. Этика және саясат – екеуі де бір мәселені – бақытқа жетуді қарастырады. Бірақ мұнда әрқайсысы өз әдісін қолданады. Саясат немесе азаматтық философия әлеуметтік топтардың әрекеттері мен қайырымдылық істерін, ал этика жеке адамдардың рухани өмірін қарастырады. Осыдан келіп азаматтық философия үстем орын алады, сөйтіп ол мақсаттарды көрсетуден бастайды, адамдардың қалай өмір сүру екендігін түсіндіреді деп қорытындылайды. Демек азаматтық философия рационалды принциптерді, саяси қоғамдарда тұратын адамдардың ең жоғары мақсаты – бақытқа жетуіне, әрқайсысының өзінің табиғи орнына сәйкес жетуіне көмектесетін принциптерді ашып берді.

«Бақыт жолын сілтеу» трактатында автор бақытқа, оған жетуге бастайтын жолға айрықша назар аударады. Бұл шығармасында Әбу Насыр әл-Фараби өлгеннен кейінгі баянсыз бақыт туралы емес, тірі адамның осы өмірдегі бақыты туралы айтады. Оған жету үшін адам өзін-өзі жетілдіре отырып, қиын жолды өтуі керек. Бақытқа жету жолында оң құбылыстар мен теріс құбылыстардың диалектикалық бірлігін мойындай отырып, ол адам осы жолда екеуін де қамтуға, «мақтауды да, сөгісті де ала жүруге» тиіс деп санады. Бұл факторлар адамның жақсы және сорақы қылықтарының негізі болып табылатын қара күш, мінез-құлық, ақыл-парасат қабілеттерінің белсенді түрде өзара әрекеттесуі арқылы көрініс береді. Адамның табиғи қабілеті өздігінше жақсы қылықты да, жаман қылықты да істеуге бірдей мүмкіндік береді. Оны өршіту, актуалды ету ғана жүре-бара пайда болған қалыптың тууына бастайды. Мұның нәтижесінде не жақсы, не жаман қылықтардың шығуына мүмкіндік туады, бұл қылықтар адам мінезі мен әрекетінен көрініс береді.

Әбу Насырдың ойынша, мінез-құлық пен әдеттер адамда жаратылысынан тумай, дағдылану нәтижесінде пайда болып, қалыптасады. Кемеңгер Абай да осыған үндес пікірде болған. Шығыстың екі ғұламасы да білімсіз адамгершілік дамымайды, білімсіз адам жақсы мен жаманды ажырата алмайды, жан қажеттілігін қанағаттандырмай, үлкен жетістікке жету жоқ деп санаған болатын. Әл-Фараби да, Абай да ғылым мен тәрбие ұштасса ғана рухани сауаттылыққа, дамуға жол ашылмақ, мінез-құлқын түзей алмаған адамның ақиқат ғылымға қолы жетпейді деп ескерткен болатын. Адамның жетілуі мінез-құлықтың жетілуімен үйлесімді келеді. Осыдан келіп бақытқа жету мен мінез-құлықтың жетілуі арасында байланыс туады. «Бақытқа жету жолын сілтеу» трактатында және басқа еңбектерінде Әбу Насыр іс-әрекет пен қайырымды істердегі «орта шама» туралы пікірін дамытады. Ол орта шамадан молшылыққа немесе жетіспеушілікке қарай ауытқу шектен шығушылыққа, яғни теріс әрекеттерге бастайды деп санайды. Мүмкін бұл қағида ғұламаға өте маңызды болған болар, ол оған өте көп көңіл бөледі. Әбу Насыр әл-Фараби ұстамдылықты жақсы құлық деп есептейді, ал ұстамды болу үшін, шамадан тыс молшылық болса, одан жетіспеушілікке қарай ауытқып, ондай молшылықтан арылуымыз керек және керісінше жетіспеушілік болса, біз молшылық жағына қарай ауытқуымыз керек. Сөйтіп мінез-құлқымызда ұстамдылықты қалыптастырғанша осылай өте беруіміз керек дейді.

Жоғарыда айтылғандар әлФарабидің, адам өміріндегі «жақсылық» пен «жамандық» Тәңірден болмай, оларды адамның өзі таңдайтынын, белсенді әрекет факторына ерекше маңыз бергенін көрсетеді. Ұлы ойшылдың осы пікірлері жастар тәрбиесінде болсын, тіпті қоғамның рухани даму жолында болсын теориялық және практикалық негіз бола алатын құнды дүниелер деп ойлаймыз. Әбу Насыр әл-Фараби өнер-білімді теориялық және тәжірибелік деп бөлгенде, білімнің және іс-әрекеттің рөлін осы принцип бойынша айырып көрсетеді. «Философияны, мақсаты әсемдікке жету болып табылатын өнер», – деп анықтама берген Әбу Насыр әл-Фараби, адамның өнер-білімді оқып-үйренудегі басты мақсаты – жан мен тән, адам мен қоғам, қоғам мен табиғат және руханилық пен материалды құндылықтардың үйлесімділігін орнату деп есептейді. Оның ойынша, «философия» адамда ғана болатын «ең ерекше игілік – ақыл-парасат арқылы меңгеріледі». Ал ақылпарасаттың қызметі мақсаттылық сипатта болуы тиіс, ол үшін адам дұрыс ойлауды үйренуі қажет, бұл бақытқа жету жолының бастауы деп түйіндейді. Қазіргі заманғы білім беру саласында әсіресе жоғары оқу орындарының оқу бағдарламасында гуманитарлық пәндерге ерекше көңіл бөлінуде, басқаша айтқанда оқу процесі гуманизациялануда. Ол заңды және өте актуалды құбылыс. Себебі бүгінгі таңда адамзат қоғамы тағдырына аса қауіпті «шекаралық жағдайға» тіреліп тұр десе де болады. Қоғамның барлық салаларында түбегейлі өзгерістер қажет: мемлекеттердің сыртқы-ішкі саясаты, мәдениет, экономика, білім мен тәрбие беру жүйесі, бұқаралық ақпарат құралдары, психология және идеология. Бір сөзбен айтқанда, рухани мәдениет пен гуманизмге бетбұрыс және адамзат ақылының барлық мүмкіндігін рухани салаға жұмылдыру қажет. Біртұтас ноосфераға жалпыадамзаттық, гуманистік және зерделік мүмкіндіктерді шоғырландыру керек. Бұл экологиялық тепе-теңдікті сақтау, шексіз-тоқтаусыз материалдық тұтынуды азайту, соғыс қаруына кетіп жатқан шығындарды жою.

Жалпы адами руханилық қана адамзаттың өзін және тұрмыстық жағдайын Әбу Насыр әл-Фараби көрсеткендей, «орта өлшем» деңгейіне көтеретін, табиғат пен қоғам арасындағы өзара байланысты тиімді үйлесімділікке жеткізетін жалғыз жол екендігін түсінетін мезгіл жеткен сияқты. Ғылыми еңбектерінің ең әйгілісі «Қайырымды қаланың тұрғындарының көзқарастары жайлы трактат» деп аталды. «Қайырымды қаланың тұрғындары» трактатында адамзат қоғамын «қайырымды» және «надан» қоғамдар деп бөлгенде, әл-Фараби бұл қоғамдардың көздейтін мақсаттарын негізге алады. Мақсаттың дұрыс, ізгі мазмұнда болуы, оның түсінікті болуы, қайырымдылық пен ақылпарасаттың үстемдігін сақтау бақытқа жетуге көмектеседі. «Қайырымды» дамыған қоғамға «надан» қоғамдардан басқа, «азған», «адасқан» қоғамдарды қарсы қояды. Мысалы «азған» қоғамда адамдардың қылығы мен іс-әрекеті олардың ұғымдарына үйлеспейді, олардың ұғымдары дұрыс болса да жүзеге асырылмайды. Қысқаша айтқанда адамдардың сөзі мен ісі екі басқа болып, «шындықтан қашып жүрсе де, шындық қайда деп айқайлайтын» тоғышарлар көбейеді деген сөз. Ұлы ойшылдың осы «қайырымды» және «надан» қоғамдарға берген сипаттамасы қазіргі заманғы адамзаттың даму үрдісін де өте дәл бейнелейді. Расында да, демократиялық және прогрессивтік даму жолына түскен, құқықтық азаматтық «ашық қоғам» орнату бағытында айтарлықтай жетістіктерге жеткен батыс Еуропалық елдер мен посткеңестік мемлекеттердегі әлеуметтік ахуалды салыстырсақ, Әбу Насыр әл-Фараби айтқан айырмашылықтың біразын анық байқауға болады.

Платон сияқты, әл-Фараби да, басшы халықты қайырымдылықпен басқарып, бақытқа жету жолына бағыттап отыруға керекті жетік адамгершілік және дене қабілеті қасиеттері болу керек деп таниды. Бұл қажетті қасиеттердің бәрі бірдей бір адамда болмаған жағдайда, қоғамдық кеңес құру керек, мұндай топта ондай қажетті қасиеттердің бәрі де болады деп есептейді.

Қайырымдылықтың күші – оның игілікке ұмтылатындығында, егер адамдар қайырымдылық жасағанда игілік үшін ұмтылмай, өз мақсаттарын көздесе, оның маңызы жоққа шығады. Мақсатқа жету үшін, әл-Фарабидың пікірінше, білімге негізделген дұрыс ниеттегі ойлау, адами парызды түсіну, жоғары талғам қажет. Басшыны, жанұяның отағасы және жастарды еркімен немесе бұйырумен тәрбиелеп, үйрететін жетекшімен салыстырады. Адамдар ғылыми білімді анық дәлелдемелер арқылы қабылдайды, ал басқа өнер түрлерін сендіру, көз жеткізу арқылы таниды. Оның сенімі бойынша білім алу бірінші қажеттілік, онсыз адам да, қоғам да жетіле алмайды, демек бақытқа жетпейді.

Ғұлама ойшылдың адамзатқа өсиет етіп қалдырған терең ойлары, нақыл сөздері мен теориялық тұжырымдары уақыт өткен сайын құны өсіп, адам мен қоғамның жетіліп, дамуы үшін идеялық негіз боларлық туындыға айналды деп білеміз. Ұлы бабамыздың бүкіл адамзат мүддесіне сәйкес келетін көзқарастары мен арман – тілегі қай замандарда болмасын жер бетіндегі барлық халықтардың ұмтылатын мақсаттары. Осы өмірге келген әрбір жанның мақсаты, іс-әрекеті мен ой-өрісін жетілдіруінің мәні – бақытқа жету. Әрбір мемлекет пен қауымдастықтың даму жолындағы көздегені де, өз азаматтары мен халқын бақытты өмірге жеткізу. Әбу Насыр әл-Фарабидің мемлекет, ел басқару жөніндегі тұжырымдары, әлеуметтік-этикалық саяси көзқарастары бүгінгі қоғам үшін де айрықша маңызды. Ол Шығыс пен Батыстың ғылымы мен мәдениетін табыстыруда зор рөл атқарды, ғалымның философиялық көзқарастары қазіргі жаһандану заманындағы адамзат үшін тіпті маңызды.

Аристотель шәкіртінің басты гуманистік идеяларының негізгі түйіні – білім, адамгершілік, әсемдік арқылы адамзат баласын жетілдіріп, қайырымды қоғам орнатуды мақсат ету. Бұл – адамзаттың даму жолындағы ізгі арманы және негізгі бағыты екені, тарихта өмір сүрген барлық дана ойшылдардың қалдырған рухани мұраларынан көрініс тапқан.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Әбу Насыр әл-Фарабидің биылғы 1150 жылдығына арналған іс-шаралар елімізде өз жалғасын табуда. Біздің университетімізде де осы мерекелік жылға байланысты әртүрлі жиындар мен ғылыми конференциялар жоспарланған. Елімізге белгілі фарабиттанушы ғалымдардың қатысуымен, Әбу Насыр әл-Фарабидің рухани мұрасына арналған «дөңгелек үстел» және студенттердің ғылыми конференциясын өткізу тәсілін ойластырудамыз. Ұлы бабамыздың бай мұрасын зерттеп зерделеу бүгінгі жас ұрпақты оқытып – тәрбиелеу процесінде маңызды орын алатыны сөзсіз. Біз қазақ халқы іштей рухани медет іздеп, ата-дәстүрі мен бабалар үніне құлақ түріп өскен ұрпақтың өкіліміз. «Бақыт қайда барасың? Ынтымағы жарасқан елге барамын», – деген асыл сөзді айтып кеткен сол әл-Фараби, Абай сияқты даналарымыз. Асыл бабаларымыздың аманатына адал болуды, қалдырған өсиетіне құлақ түруді және күнделікті өмірде өмір сүру қағидасына айналдыруды жастардың бойына сіңіру ұлттық парызымыз.

Ұлттың ертеңгі рухани санасы, қазіргі жастарымыздың алған тәлім-тәрбиесі мен игерген білімінің деңгейіне байланысты екені мәлім. Қазіргідей өтпелі кезеңде түркі жұртына ортақ ұлы ойшылдардың рухани мұрасы ұлт болып ұйысуымыздың, ел болып етек-жеңімізді жинаудың, мемлекет болып іргетасымызды бекітудің негізгі құралы. Біз дархан даламыздың даналарын сыйлаған, сөз маржанын жинаған, кең пейілімен берекетін сақтаған, мейіріммен әрекетін ақтаған елдің ұрпақтарымыз. Бүгінгі мемлекеттік идеологиямыз да, білім саласындағы оқыту бағдарламалары да ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық менталитетімізге негізделуі тиіс. Еліміздегі ұстаздар қауымының кәсіптік және ғылыми істері осы бағытта дамып, атқарылса өз мақсаттарына жеткені деп білеміз.

«Адам туғаннан тігінші немесе жазушы болып жаратылмайтыны сияқты, ол табиғатынан мейірімді немесе қатігез қасиеттерге ие болмайды. Тірі пенденің дұрыс адам болып қалыптасуы ақылбілімнің арқасы», – дейді әл-Фараби. «Өмірдің мәні – адам болу», – деген өсиет қалдырды кемеңгер Абай. Екі ғұламаның да сөздері бірдей үйлесіп тұр. Олай болса сапалы білім беріп, үлгілі тәрбие көрсетіп адам қалыптастыру ұстаздардың да, бүкіл қоғамның да игі мақсаты және басты міндеті.

 

Бабалар сөзін тек мерейлі даталарда ғана еске алмай, мәдениеттің барлық салаларын дамытуда, әсіресе оқу-тәрбие процесінде және күнделікті ісәрекет барысында өмірлік қағида ретінде есте сақтауға тиіспіз.

Сәуле САҒЫНТАЕВА, Ғұмарбек Даукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің ректоры, профессор

ENERGO UNIVERSITY