Қариясы бар ел қатерге бой алдырмайды

Қариясы бар ел қатерге бой алдырмайды


14.04.2020 Барлық жаңалықтар


Осы жылдың 8-ші сәуір күні Елбасының «Бірлесе білген бәрін жеңеді» деген мақаласы жарық көрді. Әлемді жайлаған пандемияға байланысты осы мақаланы мәлімдеме, кеңес беру, тіпті бағыт беру десек те олардың бір-бірімен үрдесіп, өз жарасымын тауып тұрғанын байқау қиын емес. Сондықтан бұл Жолдау Алматы энергетика және байланыс университеті профессор-оқытушылары арасында талқыға түсіп, қиын-қыстау кезеңде Елбасының халқына деген ерекше ілтипаты, ауқымды қамқорлығы ретінде бағаланып отыр.

 Қазіргі қарбалас көктемде еліміздің күн тәртібінде тұрған мәселелер көп-ақ: оңтүстік өлкедегі жер жыртып, дән егумен бірге көкөніс жинау науқаны мен солтүстік, орталық және шығыс өлкелердегі су тасқындарының алдын алу жұмыстарының өзі қыруар ақша шығыны мен басқа да материалдық қажеттіліктерді, психикалық төзімділік пен қажыр-қайратты, қосымша қаржы мен қаражатты үнемдеп, техниканы жағар-жанармаймен қамту сияқты күйкі-тірліктер, бір мемлекеттің басынан артып жығылады. «Жығылған үстіне жұдырық»! - дегендей, онсыз да әбігерлі жағдайда, жоқ жерден әлемді шарлаған жұқпалы індет басталып кетті. Жалпы «Қариясы бар ел қайсар болады» немесе «Ақсақалы бар ел, алға жылжиды» деп, дана халқымыз айтқандай, 80-ннің сеңгірін алқымдаған Н.Ә. Назарбаев, осы жолы мемлекет басшысы тұрғысынан емес, Елбасы ретінде, ақсақалдық пәтуаға шақырған, көргені мол басшы, өзінің тәжірибесімен бөлісе отырып, жүрекжарды ұсыныстарын білдірді және оны іске асырудағы еліміздің алтын қорының орасан зор мүмкіндіктерін жариялаумен елдің еңсесін көтерді. Қалыптасқан жағдайға байланысты халыққа жұбаныш айтып, болашаққа деген өзінің кәміл сенімін жеткізді. Тәуелсіздік алғаннан бергі халық үшін атқарылған келелі істеріміздің арқасында қиындықтан шыға алатынымызға күмән келтірмеді. Президент Қ.К. Тоқаевтың басшылығымен атқарылып жатқан елімізге келген індеттің алдын алу шараларына жан-жақты баға берілді.

 Бүгінгі мәліметтерге жүгінсек, ХХ ғасырда дүние жүзін әбігерге салған әлемдік тоғыз індетке ХХI ғасыр басында «короновирус» деп аталатын СОVID-19 жұқпалы ауруы 10-шы болып тіркелді. Бұлардың ішінде 1918 жылы әлемді жайлаған испан тұмауынан 30 млн. адам қайтыс болса, 1980 жылғы СПИД инфекциялық дертінен күні бүгінге дейін 25 млн адам өліп, оның емі әлі табылған жоқ. Ал 1960 жж. ортасында дүние жүзін кезген «оспадан» 2 млн адам көз жұмса, «құрт ауыруынан» тек жылына 2 млн адам көз жұмады. Сол сияқты «холера», «зика», «Эбола», «құс тұмауы» мен «шошқа тұмауы» сияқты індеттермен бірнеше жүздеген адамдардың өмірден озуын қаперге алсақ, бұл көрсеткіштер бейбіт күндері биологиялық дүниежүзілік соғыс бейнесін көзге елестетеді. Осы көрсеткіштер, шындығына келгенде адам баласының өзіне-өзі жасап отырған қастандығынан, экологиялық талаптардың дүниежүзілік шарттарын орындамаудан, әсіресе мыңдаған ірі өндіріс компаниялардың кәсіп иелерінің халық мүддесінен тысқары тұрған ақша мен байлық қомағайлығына сәйкес, қоршаған ортаға деген самарқаулығынан туындап отыр ма? - деген ойлар маза бермейді. «Әлемде, -дейді Елбасы, - ...Миллиондаған адамдарды баудай түсірген індеттер аз болмаған. Адамзат оның бәрін жеңген. Жан алқымнан алып тұрған бұл шырғалаңнан да шығамыз. Әлемнің ең алпауыт мемлекеттері осы қиындықтан сабақ алуы керек». Бұл арада ол, санкция енгізіп өзара текетірес күй кешіп отырған елдерді ынтымаққа шақырушы көрегенді дипломат ретінде көрініп, аталмыш дертпен келген қиындықты еңсерудің бүкіл әлемге тән жолдарын ұсынып отыр десек те артық емес.

Иә, Нұрсұлтан Әбішұлы айтпақшы, қилы-қиын оқиғалар біздің еліміздің тарихында да болған. Айталық, келесі жылы 105 жыл болатын 1916 жылғы ұлт азаттық көтерілісін ақ патшаның озбырлығы мен отаршылдық езгісіне қарсы болған айбынды оқиғалардың біріне жатқызып, дәріптеп келеміз. Шындық та солай. Жетісу көтерілісі жазалаушылар тарапынан аяусыз басылған еді. Б. Әшекеев, Ж. Мәмбетов, Ұ. Саурықов сияқты басшыларынан айрылған көтерілісшілер көрші Қытай мен Монғолия асқан кезде, қазақ елі милионнан астам адамы мен сан мыңдаған малынан айрылып, босқыншылыққа ұшыраған. Егер сол көтеріліске шыққан халық ақылға келіп, салған жерден Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов сияқты либерал демократтардың сөзіне тоқтала білгенде, Жетісу көтерілісшілері алапат зұлматқа ұшырамаған болар еді. Сондағы 3 топқа бөлінген көтеріліс басшылары көтеріліс жөнінде үш түрлі пікірде болған: «Адам бермей соғысамыз!», бірі «Адам беріңдер!» десе, «Келісейік, тыл жұмысына азды-көпті адам жіберейік» деген соңғылардың сөзінде саяси мән бар еді. Либерал демократтар, соғыстың әділетсіздігі мен патшаның күні өтіп бара жатқанын, орыс халқының соғысқа қарсы екенін, осыған орай Ресей жерінде үлкен өзгерістердің жақындап келе жатқанын біліп отырған. Өкінішке орай, қараңғылыққа бой алдырып, мұздай қаруланған жазалаушыларға қарсы шыққан көтерілісшілер қырғынға ұшырады. Ал, Ә. Бөкейханов бастаған либерал-демократтар тыл жұмысына келген қазақтар саяси санасын шыңдайды деген ойда болды. Мұның төркінін көпшілік түсіне қоймады. Жүре келе тарих, либерал демократтардың айтқандарының шындыққа жанасатындығын дәлелдеді. Негізгі рөлде актер Д. Жолжақсынов ойнайтын «Бандыны қуған Хамит» деген кино картинасы бүгінгі күнде теледидар арқылы жиі көріп жүрміз. Қараңыз, сол Хамит І-дүниежүзілік соғыстағы қара жұмысқа араласып, саяси санасын өсіріп қайтқан адам болатын. Сол бір тартымды кино картинадан азамат соғысы жылдарында Қазақстанға қайта оралған Хамит, көзі ашықтығының арқасында адасқан адамдарды жолға салуда көзге түсіп, қоғам белсендісіне дейін көтерілгенін көреміз. «Ботакөз» кино картинасындағы Асқар атты мұғалімнің де тағдыры солай болды. Ал қазіргі таңда сауатсыз адам жоқ. Технологиялық жетістіктер арқылы әлемдегінің бәрін көріп-біліп отыр. Ендеше көпшілік мамандардың, биліктің тәртібімен санасуымыз керек.

Шындығында, әлемді жайлаған «короновирус» деп аталатын СОVID-19 жұқпалы ауыруының басталуына келсек, өткен жылдың күз айларында Қытай елінде белгі берген осы жұқпалы ауыруы биылғы «высокосный» жылдың үш айының ішінде бүкіл дүниежүзінің 200-ден аса еліне тарауы, оны 1 милионнан астам өзіне жұқтырып, бірнеше он мыңдаған адам өліп, одан әрі дендеп бара жатқанын көріп отырмыз. Тіпті, әлемді аузына қаратқан Америка мен кәрі құрлық атанған Еуропаның ең дамыған елдерінің өзі әлемді әбігерге салған СОVID-19 жұқпалы ауруымен күресіп, оны еңсерудегі дәрменсіздігінен мыңдаған адамдар аталмыш дерттен көз жұмып жатыр. Қайтыс болған адамдар саны күннен-күнге артып келеді. Алайда, милиард халқы бола тұра вирусты алғашқы болып жұқтырған Қытай елі жұдырықтай жұмылып, СОVID-19 вирусының алдын алып үлгерді. Қазір бұл елдегі көптеген қоғамдық орындарда короновирусқа байланысты шектеулер алынып тасталып, адамдар қалыпты жағдайда жұмыс істей бастады. Оны былай қойғанда Қытай елі СОVID-19 жұқпалы ауыруымен күресу тәжірибелерімен бөлісіп, басқа елдерге гуманитарлық көмек беруге көшті. Бұндай іс-қимыл әрекеттері 2 млрд.-қа жуық халқы бар Қытай елінің жауапкершілікті түсінуі, ынтымағы мен бірлігінің, қиындықты еңсерудегі қажыр-қайратының мықтылығынан болса керек.

 Жаңа жылдан бастап біздің елімізде де СОVID-19 жұқпалы ауруының алдын алу шаралары бірден жүргізіліп, барлық қосымша күштерді іске қосу жұмыстары басталып кетті. Ауруды жұқтырған қалаларда жедел жәрдем штабтарын құрудан бастап, еліміз наурыз айының басынан төтенше жағдай режиміне көшірілді де, Нұр-Сұлтан мен Алматы сияқты короновирусты жұқтырған ірі мега полюстік қалалар карантинге жабылды. Қазіргі жағдайда олардан бөлек бірнеше қалалар мен облыстарда осы тәртіпке қосымша коменданттық сағаттар енгізіліп, ішкі тәртіп барынша күшейтілуде. Бұқараның сұрақтарына жауап беретін бір ғана Алматы қаласының өзінде жеделдетілген ақпарат тарату офисінде бұрынғы 30 маманның орнына қазір құрамына дәрігерлер, полиция, заң қызметкерлерін қосқанда тағы да басқа 50 маманға артып, олар күн сайын 15 мың тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, сұрақ қоюшыларды барынша қанағаттандырумен ел ішінде тыныштық сақтау сияқты жұмыстарын абыроймен атқаруда. Аймақтардағы дәрігерлік пункттер мен полиция департаменттері тиісті шараға сәйкес жұмыстарын неғұрлым мәдениетті де сыпайы түрде атқарып, халықтың жүйкесін тоздырмай, барынша сақтық көрсетіп, сабырлы қимылға көшті. Қазір көшелерде топталған адамдарды көрмейсің. Күн-түн демей кірпік қақпастан бірін-бірі өз уақытында алмастырып, жұмыс маңындағы қонақжайларда қонып, жұмыс орнында тамақтана жүріп, сырқаттарға дер кезінде ем жасаушы дәрігер қауымы да мүмкіндігінше байсалдылық танытып, жұрттың көңілінен шығуда. Жастардан құралған еріктілер тобы қария жасындағы адамдарға, мүгедектер мен көп балалы отбасыларына азық-түлік, дәрі-дәрмек т.б. қажет заттарды жеткізіп, алғысқа бөленуде. Республикадағы бүкіп ұстаздар қауымы болса, 16-шы наурыздан бері онлайн режимінде оқушылар мен студенттерді қашықтан оқыту жүйесіне көшіп, үздіксіз білім беруді тоқтатпай отыр. Оқушылар мен студенттер және олардың ата-аналары болса, қалыптасқан жағдайға түсіністікпен қарап, жалпы білім алуды тоқтатпау қажеттігіне өз тараптарынан үлес қосуда. Алайда, бұрын қашықтан оқыту тәжірибесі ішін-ара болмаса, тәжірибеде жаппай қолданбаған үрдіс. Сондықтан өз кезегінде жалпы ұстаздар қауымы бұл мәселедегі жауапкершілікті терең түсініп отыр. Шыны керек, оқу орындары өз мүмкіндігіне қарай жұмыс орнында ұстаздарды интернет арқылы оқыту жөнінде ішін-ара жүргізіп келген еді. Алайда СОVID-19 жұқпалы ауруының күтпеген жерден басталуы бүкіл білім берушілерді әбігерге салып, өздері оқытушылықпен қатар программист әрі информатик міндетін атқаруға көшіп, сапалы білім берудің жолдарын іздестіруде. Дегенмен, интернет арқылы қысқа да нұсқа дәріс беріп, семинар жүргізу, студенттерге тапсырма беріп, одан жауап алып, білімді бағалау мәселесі оңай болмай тұр. Бұл тұрғыда ықшамдалған дәрістер мен семинар сабақтары үшін ілеспе материалдар және бақылау сұрақтарын, тестілер даярлап, одан салиқалы жауап алудың өзіндік әдіс-тәсілдерін ойластыра білу керек. Оның есесіне бір мезгілде әріптестермен хабарласып, олармен өзара тәжірибе алмасып, кеңесу жұмыстары да әжептәуір уақыт алуда. Бұл арадағы білім және ғылым министрлігі қызметкерлері интернет жүктемесінің ауыртпалығын, сабақ жүргізу кестелерінің бәріне мүмкіндігінше қолайлы болу тәртіптерін оңтайлы түрде қадағалап отыруы жұртшылықтың көңілінен шығуда. Әсіресе, сала басшысы Асхат Аймағамбетовтың теледидар арқылы дүркін-дүркін ұстаздармен сұхбаттасуы, мәселені нақтыландыруы, техникалық тұрғыдан сабақ берудің қолайлы тәсілдерін іздестіруі мен көңілдегі түйткіл сұрақтарды қайырғанын ерекше атап өткен жөн.

 Бұған қосымша, карантин енгізілген қазіргі төтенше жағдайға байланысты қала көшелерінде ара-тұра жүйткіген қоғамдық көліктер мен қызметтік көліктерден басқа машиналар легі де тоқталған. Бетпердемен тұмшалаған журналистер қауымы болса, еліміз бен әлемнің түкпір-түкпіріндегі қиын да қауіпті аймақтардан түрлі ақпараттық мәліметтер жариялап жатыр. Сондықтан болашақта, бұлардың еңбегі де айрықша аталуға лайық деп есептейміз. Кәсіпкерлер пандемияға қатысты құрылған қорға қомақты ақшаларын құйып, елімізге жаппай көмек бере бастады. Әскери гарнизондардың көптеген сарбаздары қала тазалығына араласып, дизинфекциялық жұмыстармен айналысуда. Тек азық-түлік пен дәрі-дәрмек алуға, немесе жұмысқа баруға және итпен қыдыруға шыққан бірен-саран адамдар болмаса, қала көшелерінің іші «құлаққа ұрғандай» тып-тыныш деуге болады. Тұрғындар қала әкімшілігінің тапсырмасымен өз міндеттерін атқарып жатқан түрлі департаменттердің қауіпті індетті еңсеру жөніндегі кеңестерімен санасып, мүмкіндігінше үйден шықпау ережелерін қатаң сақтап отыр. Төтенше жағдай департаменті БАҚ құралдарын жаппай тиімді пайдалану барысында карантин жағдайындағы адамдарға үйде болудың ережелерін сақтау қажеттігін егжей-тегжейлі түсіндіруде. Дегенмен, кейбір сауда орындарында дәл бүгінгі халыққа ауыр тиіп отырған жағдайға байланысты нағыз қажетті азық-түлік бағаларының өсіп отырғанын түсіну қиын. Белгілісі, бұған сауда жасаушылар кінәлі емес. Кінә келетін тауарларға бақылаудың тұрақсыз болуынан іздеу керек сияқты. Осыған орай айтарымыз, «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, қайсар халқымыз өткен тарихына қарап бұны да еңсереді деген ойдамыз.

Шынында, бүгінгі әлемді кезген коронавирус-СОVID-19 жұқпалы ауруы талай адамдарды тығырыққа тіреп отыр. Біреулер қорқып-қобалжып, үрейлі отырса, біреулер арандатуға дейін барып, интернет арқылы қисынсыз қауесет пен өтірік-өсек таратуда. Тіпті мемлекет тарапынан болған қауіпсіздік шараларымен санасқысы келмей, жауапсыз жүргендер бар. Елбасы өз мақаласында бұндай қожырауға тосқауыл қоюда былай деді: «Әдетте жұрт көңілі алаң осындай кезде ел ішіне үрей туғызып, байбалам салушылар өз мүддесіне пайдалануға тырысады. Мен халықты әртүрлі осындай азғырынды, арзан әңгімелерге еруден сақ болуға шақырамын. Шынымен көптің көңілін көздейтін адам, айғайшы күшімен емес, игілікті ісімен қызмет еткені дұрыс. Ғайбат пен байбалам орнына ғылым-біліммен шұғылданған абзал». Расында, шығармашылыққа ден берген адамдар, дәл осы кезде шыңдалып, шиыршықтала келе, халқына демеу берудің үлгісін басқаларға көрсете алады. Кімнің кім екені де дәл дәл осы жерде шешілгелі тұр. Егер парасатты, ойы кемел, ойланудағы жүйрік істерімен көрінгісі келетін ұлтжанды патриот адам, қалыптасқан жағдайға байланысы өз айтарын халықпен бөлісіп, БАҚ-на жарияласа, осындай ел басына күн туған шақта қарап қалмай рухани дем берсе деген ойдамыз. Елбасының мақсаты болашақта ел қамын ойлайтын шығармашыл азаматтарды көбейту болып табылса керек.

Елбасы өз мақаласында Қазақстан тұрғындарын сабырға шақырып, халқымызды елімізді әлсіретуге әкелетін ағаттықтардан сақтандырады. Сөйте отырып ол, залалды індетпен күресудің нақты мүмкіндіктерін халқымыздың бірлігінен іздеу керектігін және қайсар халыққа деген өзінің мол сенімін жеткізді. Мұндай жақсы ниет пен адал пейілден туындаған ой-пиғылдар, «Ақсақалы бар елдің мәңгілік жасайтынын» білдірсе керек.

Сонымен, бүгінде төтенше жағдайға байланысты қалыптасқан көптеген құбылыстардан не байқауға болады және біздің халық осы бір қалыптасқан қиындықтан шыға ала ма? деген сұраққа бірден: Шығамыз! –деп, ашық жауап беруге болады. Бұндай батылдық шешім мынадай ғасырлар бойы жинақталған сенімдерден шығып отыр. Біріншіден, қазақ халқы ежелден бергі жаугершілігі мен қонақжайлығына қосымша сөзге тоқтай білетін халық; екіншіден, үлкенді силап, оларға құрмет көрсетіп, кішілерге қамқор болса, сол кішілері олардың көргенімен санасатын халық; үшіншіден, билер мен ақсақалдардың берген кеңестерінен түйін түйіп, нәтижелі қорытынды шығара білетін халық; төртіншіден, қағандар мен хандардың, сұлтандар мен төрелердің қожалар мен басқа тектілердің шешімдеріне адал халық; бесіншіден, басқа түскен қауіпті еңсеруде ынтымағын жарастыра білетін халық; алтыншыдан, әдет-ғұрып, салт-дәстүрі мен, наным-сенімге келгенде олардың құрметіне тағзым ете білетін халық; жетіншіден, қазақтар білім мен жаңалыққа құмар, өнер мен әдебиетке жүйрік халық. Халқымыздың осындай таңғажайып қасиеттеріне қарап, мына келген індетті жеңуде барлық күш-қайратымызды жұмылдыруға, жаупкершілікті сезіну мен бірлігімізді  арттыруға байланысты болмақ. Қалыптасқан жағдайдан мынандай қорытынды түюге болады: тарихқа жүгінсек, қазақтың жоңғар басқыншылығы кезіндегі «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» оқиғасын халқымыз өзінің бірлігі мен ынтымағының арқасында жауды жеңіп, қалыптасқан қиындықтарды ойдағыдай еңсергенін білеміз. 1922-24 жж. бұрынғы Ресейге бағынышты Орта Азия мемлекеттерінің территорияларын межелеген тұста А. Байтұрсынов, С. Садуақасов, М. Сералин, Б. Қаратаев, С. Сейфуллин сияқты халық зиялылары Қостанай, Ақмола Семей жерлерінің Ресейге өтіп кетуінен қорғап қалды. Сол сияқты, 1986 жылғы Қазақстандағы желтоқсан көтерілісіне байланысты қазақ халқына таңылған «Ұлтшылдық» айдарының саяси қателігін дәлелдеген М. Шаханов, С. Зиманов, М. Қозыбаев, Ш. Мұртаза, С. Сартаев сынды қазақ зиялыларының ерлігін айтар едім. Демек біз неғұрлым біріксек, ынтымағымызды барынша ұйыстыра білсек, жауапкершілігімізді сезіне жүрсек, кез-келген қиындықты еңсере аламыз. Осыған орай айтарым, қазақ халқы Қазақстанда мекендейтін өзге де бауырлас ұлт өкілдерімен бірге, бүгінгі әлемді жайлаған індеттен де арыла алатынына Елбасымен бірге Сенімдіміз, Біргеміз!

Бақдәулет БЕРЛІБАЕВ.

Ғ. Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс

университетінің  профессоры, тарих ғылымдарының докторы

ENERGO UNIVERSITY