12.05.2020 Барлық жаңалықтар
«БАТЫС ПЕН ШЫҒЫСТЫ ТЕРЕҢ БІЛІМІМЕН БАС ИДІРГЕН ҒҰЛАМА ҒАЛЫМ ӘБУ НАСЫР ӘЛ-ФАРАБИ БАБАМЫЗҒА 1150 ЖЫЛ» ТАҚЫРЫБЫНДА ОНЛАИН СЕМИНАР ӨТТІ
«Батыс пен шығысты терең білімімен бас идірген ғұлама ғалым Әбу Насыр әл- Фараби бабамызға 1150 жыл» тақырыбында онлаин семинар туралы пікірлер
Құрметті әріптестер!
Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің Тілдер кафедрасы ұйымдастыруымен «Батыс пен шығысты терең білімімен бас идірген ғұлама ғалым Әбу Насыр әл- Фараби бабамызға 1150 жыл» деген тақырыппен онлайн-семинар өтті. Онлайн конференцияны ұйымдастыру шарасына мұрындық болған Тілдер кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Мира Мухамедияровнаның және оқытушыларының еңбектерін ерекше атап өту керек. Себебі, мұндай деңгейдегі іс-шараны онлайн формасында өткізу еліміздегі жаңа қадамдар. Жоғары оқу орындарының тәжірибесінде сыналып жатқан бұл жобаны ұйымдастырушылар көздеген мақсаттарына абыроймен жетті деп санаймыз. Онлайн семинар аяғы конференцияға ұласып, еліміздің әр түкпірінен байланысқа шыққан студенттермен қоса Өзбек елінен де спикерлердің хабарласқанын көрдік. Қонағымыз да жаңа форматта өтіп жатқан ғылыми жиынға үн қосып, ата-жұртқа табыс тіледі...
Ұйымдастырушылардың біліктілігі мен жауапкершілігі нәтижесінде онлайн байланыс ешбір кедергісіз, қалыпты жағдайда сәтті өтті. Қоғамдық кафедралар бірігіп, осындай маңызы бар, өте тиімді онлайн ғылыми жиындар ұйымдастыруға тәжірибе жинадық деп айтуға болады. Енді республика шеңберінде ғана емес, халықаралық деңгейде де осындай ғылыми конференциялар ұйымдастырамыз деген нық сенімге келдік.
Құрметпен, Әлеуметтік пәндер кафедрасының меңгерушісі
т.ғ.к. Болат Кабдушев
ӘЛ- ФАРАБИ МҰРАЛАРЫНА ЖҮГІНУ-АУАДАЙ ҚАЖЕТ
Ғылым мен ілім-білім саласында өз дәуірінен бастап, қазіргі күнге дейін бүкіл Батыс пен Шығысты таң қалдырып отырған бірден-бір ғалым-әл Фараби бабамыз болса, онда ол тек қазақтар үшін ғана емес, барлық түркі тілдес халықтар үшін де үлкен абырой және теңдесіз мақтаныш болып табылады. әл-Фараби, «Бақытқа барар жолда жер басып жүрген адамдардың бәрі біріне-бірі көмектессе, онда береке мен бірлікке кенелеміз» - деген даналық сөзін айтса, расында да береке мен бірлік бар жерде, тынытық та бар деген сөз. Ал тыныштық бар жерде бақытқа да жақындай түсеміз: адамдар бірінің білмегенін екіншісінен еркін түрде сұрап, мәселені білугу ұмтылады; біріне бірі қиянат жасамаған жерде, әр қайсысы өз жетістігін дәріптеуге мүмкіндік алып, ақырында бақыттың табалдырығынан аттайды. Ол айтады: «Адам дүние мен оның мәнін өзінің сезім мүшелері мен парасаты арқылы танып біледі». Демек адам, «Құдай! Қашан жақсылық жасайсың?» - деп күтіп отыра бермей, ең алдымен өзіне сенім артуыа керек. Сонда алла тағала да оны көріп, өз жақсылығын аямаса керек. Әрине, дене мүшелері бүтін, ақыл-есі сау адам болса, кім оған кедергі жасайды. Осы орайда, әл-Фараби, жалпы ғылымды екіге (теориялық, практикалық) бөледі де, оның практикалық бөліміне этика мен саясатты жатқызады. Бұл жердегі тарихи білім, саясаттан өрбиді. Негізі, әл-Фараби шығармаларын оқып отырғанда, нағыз білім ақиқатқа негізделу керек болады. Ал таным, ақиқат, парасат сияқты түсініктерді бойына жинаған тарихи білім болса ол, барынша киелі болып келеді. Өйткені, тарихты бұрмалау адамзатты топастыққа, надандыққа, қараңғылыққа апарып соқтырады. Біз Ресейлік патша заманында да, кеңес дәуірінде де тарихты саясатта пайдаланған сондай зұлматтардыы көрген халықпыз. Қазіргі таңда тарихымызға қатысты өшкеніміз бен өткенімізді қалпына келтірудеміз. Ал бұл, кейбіреулер ойлағандай оңай мәселе болмай тұр. Қанша тырысқанымызбен тарихтың ақтаңдақтары бірінен соң бірі тізбектеліп шығып жатыр... Бұл жерде бізге, әл-Фараби бабамыздың мұраларына жүгіну-ауадай қажет деп ойлаймыз.
Әлеуметтік пәндер кафедрасының профессоры,
т.ғ.д. Б.Т. Берлібаев