АБАЙДЫҢ ҚАРА СӨЗДЕРІНІҢ ТАРИХИ МАҢЫЗЫ

АБАЙДЫҢ ҚАРА СӨЗДЕРІНІҢ ТАРИХИ МАҢЫЗЫ


20.12.2020 Барлық жаңалықтар


Кемеңгер ойшыл, әлемдік философия тарихында ерекше орын алатын ұлы тұлға, ақын Абайдың туғанына 175 жыл толуына арналған студенттердің ғылыми конференциясы желтоқсан айының 10-шы жұлдызында АЭжБУ-ің 2-ші курс студенттері арасында өткен болатын. Онлайн бойынша өткен конференцияға ИЭЭТ-нің 90 студенті қатысты.

Абай шығармалары ұлтымыздың тұрмыс-тіршілігін, мінезі мен дүниетанымын, ділі мен дінін түгел қамтиды. Сондықтан қазіргі ұлттық жаңғыру ісінде оның еңбектерін терең зерттеп, жастар тәрбиесінде ұтымды пайдалану, қоғамда насихаттау өзекті мәселе. “Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос” – деп, Абай әрбір қазақ баласын парасатты және ұлтжанды азамат болуға шақырды. Оның негізгі идеясы “Адам болу”, өмірдің мәні мен мақсатын осыдан көрді. Кемел адамды білімділік, ақылдылық, біліктілік, ғылымсүйгіштік қасиеттер анықтайды деп тұжырымдады.

Бүгінгі күні Абай қалдырған философиялық еңбектер несімен өзекті және өміршең, адамзатқа қажетті деген сұрақтарға студенттеріміз жауап іздеп, өз ғылыми баяндамаларын көпшіліктің талқысына ұсынды.

Алғашқы болып сөз алған ЭЭк-19-29 тобының студенті Абайқызы Ләзат “Абай Қара сөздерінің тәрбиелік мәні” деген баяндамасында ұлы ақынның еңбегінің жас ұрпақ тәрбиесіндегі айрықша маңызына тоқталды. Оның ойынша Абай шығармасы ұлт санасын қалыптастыруда, жастардың бойында елі мен жеріне деген патриоттық сезімді оятуда, парасатты адам болуда ерекше рөл атқарады.

Осы топтың студенті Мұратов Исабек “Абай және қазіргі қоғам мәселелері” деген тақырыпта сөз сөйлеп тыңдармандардың көкейінде жүрген өзекті деген қоғамдық мәселелерді көтерді. Абайдың Қара сөздеріндегі айтылған адам бойындағы қажетті парасаттылық пен имандылық қасиеттерді негізге ала отырып Мұратов И. қазіргі қоғамдағы әлеуметтік қайшылықтардың себебін ашуға тырысты. Қазақстандағы мәдени-әлеуметтік және экономикалық дамуға кедергі болып отырған обьективті немесе субьективті себептердің тамырын аша білді. Адамдардың бойындағы Абай сынап кеткен кемшіліктердің әлі де қалмай бірге жасасып келе жатқанын баяндамашы ашына айтып берді. Келесі кезекте баяндама жасаған ЭЭк-19-29 тобының студенттері Қалыбаева Алуа мен Төлеген Данияр Абайдың дінге көзқарасына кеңінен тоқталып, имандылық мәселесін көтерді. Өз сөздерінде Ислам дінінің Абай сипаттаған терең мағынасы мен маңызын ашып көрсете отырып, қазіргі таңдағы еліміздегі діни сананың даму деңгейіне жан-жақты тоқталды. ЭЭк-19-28 тобының студенті Тұяқбаева Аружан “Абай Қара сөздеріндегі адамгершілік мәселесі” - деген тақырыпқа кең көлемдегі баяндама жасап, ақын шығармасындағы басты тақырып адами қасиеттерге ерекше назар аударды.

“Қалың елім қазағым, қайран жұртым,

Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың

Жақсы менен жаманды айырмадың,

Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың”-деп ұлтының бойындағы пендешілік кемшіліктерді аяусыз сынаған кемеңгер ойшылдың сөздерін Тұяқбаева А. ерекше тебіреніспен жеткізді. Ал, “Абай Қара сөздері - өмір сүру қағидасы” - деген тақырып бойынша сөз алған ЭЭк-19-28 тобының студенттері Сарыбай Мәди және Тұрғынбеков Елеман, хакімнің айтқан әрбір сөзін терең түсініп, өмір сүру қағидасына айналдырудың қандай қажеттілік екенін саралап берді. Өздерінің дәлелді пікірлерімен Абай сынды ұлылардың даналығы арқасында ұлтымыз дамып, мәдениетті елдердің қатарынан орын алатынына сенімді екендерін жеткізді. Конференция барысында басқа да сөз сөйлеген студенттер, Абайдың Қара сөздерінің философиялық туындылырдың ішінде шоқтығы биік тұрған ерекше еңбек екендігін атап өтті.

Абай заманынан бері адамзат ақыл ойы, әсіресе, әлемнің дамыған елдері жаңа деңгейге көтерілді, заманда өзгерді. Ол елдердегі дамыған азаматтық қоғам мен құқықтық сана, құқықтық мәдениет адамдардың бақытты өмір сүруіне мол мүмкіндіктер беруде. Қазіргі қазақ қоғамы - Абай атап көрсеткен адами қасиеттер,менталдық, руханияттық тұрғыда қаншалықты ілгері дами алды?  Абай шығармашылығына арқау болған жалған құндылықтар, жалған намыс, надандық ұяты, қызыл сөз, өсек, өтірік, аярлық, күншілдік, надандық қасиеттерден толық арыла алдық па, деген сұрақтар төңірегінде студенттер қызу пікірталас тудырды. Әрине бір конференция шеңберінде мұндай күрделі және келелі мәселелерді шешіп тастауға мүмкіндік жете бермейді, сондықтан бұл тақырып ары қарай жалғасын табуы тиіс.

Ұлтымыздың болашағы, ертеңгі рухани санасы мен мәдениеті қазіргі жастарымыздың алған тәлім-тәрбиесі, біліміне тікелей байланысты екендігі бәрімізге аян. Сол себептен де оқу-ағарту орындарындағы күнделікті тәрбие және білім беру процессінде Ұлы ойшылдардың қалдырған мол рухани мұрасына тұрақты түрде үзіліссіз терең зерттеулер жүргізіп жұрт назарына ұсынып отыру міндетіміз. Мен, өз басым, осы 40-жылдық ұстаздық тәжірибемде, философия пәні бойынша дәрістерде Әл-Фарабидің “Қайырымды қаланың тұрғындары” атты кітабы мен Абайдың “Қара сөздер” деген шығармасын студенттерге баяндап қана қоймай, оларға конспектілеуді де міндеттеп келе жатырмын. Себебі осы екі Ұлы ойшылдың аталған шығармаларында бүкіл адамзат баласына ортақ адами қасиеттер мен өзекті қоғамдық мәселелер көтеріліп қана қоймай, оларды тәрбиелеу мен шешудің қарапайым да дұрыс жолдары дәлелді, түсінікті етіп көрсетілген. Бұл баға жетпес екі туындыны түсініп оқыған адам, қоғам пенделіктен, надандықтан арылып, адамгершілік пен мәдениеттің ең жоғарғы сатысына көтеріле алады. Данышпан ойшылдардың ойлары мен пікірлері адамзаттық және қоғамдық мәселелерде бір бірімен үндес, әрі даналық тарихындағы ұлылардың көзқарасымен де үйлесіп жатыр. Сондықтан да оқып түсінген адамға сенімді және айғақты болып естілуі заңды. Студенттер арасында өткізілген ғылыми конференция да осыны дәлелдегендей әсер қалдырды. Жастардың қазіргі Қазақ қоғамының саяси-әлеуметтік мәселелеріне немқұрайды қарамайтындығын, болшағына жауапкершілікпен алаңдайтындықтарына көз жеткіздік. Және бір қуантарлық жағдай Ұлы Абайға деген ерекше құрмет пен сенім, шығармаларына айрықша қызығушылық. Жайғана қызығушылықпен шектелмей, түсініп оқып, өмірде пайдалануға тырысу, өз замандастарына сын көзбен қарау. Бұл қазіргі жастарымыздың алғырлығы мен білімділігінің, ұлттық санасы мен намысының, жалпы мәдениетінің өскендігінің көрсеткіші деп санаймыз. Сөзіміздің соңында айтарымыз Абайдай рухани ұстазы бар ұлттың болашағы зор, адамзат мәдениетіне қосар үлесі шексіз және әлемдік өркениетте алатын өзіндік орны бар деп сенеміз. Конференцияда жалынды сөз сөйлеп, ойларын Абайдың дана ақылымен сабақтай білген жастарымызға қарап сеніміміз беки түсті.                

Мұхамеджан Қ.Ш.

Әлеуметтік пәндер кафедрасының профессоры

АБАЙ ЖӘНЕ ҚАЗІРГІ ҚОҒАМ ПРОБЛЕМАЛАРЫ

Муратов Исабек

Ғ. Даукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті,

ЭЭк 19-29 тобының студенті. Алматы қ.

Абай Құнанбайұлы осыдан 200 жыл бұрын өмір сүргенімен айтқан ойлары әлі күнге дейін өзекті болып келеді. Расында ұлы ойшылдың толғаныстары, философиялық терең мағыналы ойларының құндылығы еш уақытта да бағасын жоғалтпауы  хақ.

Қазіргі қоғамда да сол Абай атамыз мәселелердің біразы әлі де өзекті болып келеді. Екі ғасыр уақыт ішінде қанша зат өзгергенімен бұл мәселелердің өзгермеуінің себебі тарихи оқиғалар я болмаса Абайдың көрегендігі болар. Абай Құнанбайұлы қарастырған мәселелердің ішінен әлі де өзекті әрі маңызды бес проблеманы қарастырамын.

Бірінші проблема – жемқорлық. Рас, бұл проблеманың бар екендігі барлығына белгілі болар. Бірақ біз осы проблеманың шығу  тегіне назар салып көрдік пе? Егер шығу тегіне назар аударсақ біз жемқорлықтың білімсіздіктен пайда болатынын байқар едік . Ұлы ақын өзінің отыз жетінші қара сөзінде: «Адамға біліміне қарай біліміне қарай болыстық қыл, татымсызға қылған болыстықтың өзі адамды бұзады» - деген екен. Расында, қазіргі қоғамның біраз бөлігі жай жұмысшыдан бастап жоғарыдағы басшыға дейінгі лауазымдарға таныс-тамыр, дүние арқылы жетіп жатыр. Осы жолмен жеткен заттың құны жоқ, сол себептен де адамдар пасық істерге баруы таңғажайып нәрсе емес. Оған мысал ретінде елімізде күнделікті қанша жемқорлық фактілерінің әшкере болып жатқанын айтуға болады. Яғни қоғамымызға бұл проблема дертке айналып бара жатыр.

Екінші проблема – көзбояушылық мен мақтаншақтық . Бұл да кеңінен тараған проблемалардың біреуі. Қарапайым адам той-жиын жасар болса қаражатты аямай, өзгемен жарысып , ысырапшылыққа барып жатады. Бұл кім үшін болғаны? Әрине, жұрттан қалмас үшін, мақтан үшін. Не болмаса елімізде мысалға келтіретін жайттар да бар. Мысалы, көптеген жиындар, отырыстар. Біршама қаржы жұмсалып,оның қалай игерілгені бақыланбай, қанша іс-шаралар өтуде. Егер де осындай есепсіз жиындар болуын тоқтатпатын болса, болашағымыз не болады? Абай бұл туралы жиырма бірінші қара сөзінде былай деген екен: «Аз ба, көп пе, адам баласы бір түрлі мақтаннан аман болмағы - қиын іс. Сол мақтан деген нәрсенің мен екі түрлісін байқадым: біреуінің атын үлкендік деп атаймын, біреуін мақтаншақтық деймін. Үлкендік - адам ішінен өзін-өзі бағалы есеп қылмақ. Яғни, надан атанбастығын, жеңіл атанбастығын, мақтаншақ атанбастығын, әдепсіз, арсыз, байлаусыз, пайдасыз, сұрамшақ, өсекші, өтірікші, алдамшы, кеселді - осындай жарамсыз қылықтардан сақтанып, сол мінездерді бойына қорлық біліп, өзін ондайлардан зор есептемек. Бұл мінез - ақылдылардың, арлылардың, артықтардың мінезі. Олар өзімді жақсы демесе, мейлі білсін, жаман дегізбесем екен деп азаптанады. Екінші, мақтаншақ деген біреуі «демесін» демейді, «десін» дейді. Бай десін, батыр десін, қу десін, пысық десін, әрдайым не түрлі болса да, «десін» деп азаптанып жүріп, «демесінді» ұмытып кетеді. Ұмытпақ түгіл, әуелі іс екен деп ескермейді. Мұндай мақтаншақтардың өзі үш түрлі болады. Біреуі жатқа мақтанарлық мақтанды іздейді. Ол - надан, ләкин надан да болса адам. Екіншісі өз елінің ішінде мақтанарлық мақтанды іздейді. Оның надандығы толық, адамдығы әбден толық емес. Үшіншісі өз үйіне келіп айтпаса, я ауылына ғана келіп айтпаса, өзге кісі қостамайтын мақтанды іздейді. Ол - наданның наданы, ләкин өзі адам емес». Шын мәнісінде қоғамның көп бөлігі екінші түрге жақын болып тұр. Бұл – өте ойланарлық мәселе. Сонда бәріміз көзбояушылық, мақтан үшін барлығын жасасақ, басқа игі істер жасау үшін күш – қайратымыз қалмайтыны дәлелсіз -ақ белгілі.

Үшінші – қазақтың бір жұбанышы мен қуанышы. Бұл қағидамен өмір сүретін адамдар әлі де болсын кездесуде . Бұл тұрғыда Абай жиырма үшінші сөзінде: «Біздің қазақты оңдырмай жүрген бір қуаныш, бір жұбаныш дегендер бар.

Оның қуанышы - елде бір жаманды тауып, я бір адамның бұл өзі қылмаған жаманшылығы шықса, қуанады. Айтады: құдай пәленшеден сақтасын, о да адаммын деп жүр ғой, оның қасында біз сәулелі кісінің бірі емеспіз бе, оған қарағанда мен таза кісі емеспін бе? - деп. Жаманға салысып жақсы бола ма? Жақсыға салысып жақсы болады дағы... Енді жұбанышы - жалғыз біз бе, елдің бәрі де сүйтіп-ақ жүр ғой, көппен көрген ұлы той, көппен бірге болсақ болады да деген сөзді жұбаныш қылады...» - деп дөп басып айтыпты.

Қазір көріп жүргеніміз көпшілік дамуға, тәуекел етуге бейім емес. Біреудің жаманшылығына қуанып, жаманның өміріне жұбанып өмір сүруде. Бұл – қоғамның дамуына үлкен кедергі келтіруде. Мысалы, біреуміз жаңа кәсіп бастап, жұмыс жасап, сүрініп кетсек, кейбір адамдар «ой, мен басында солай білген едім » - деген сыңайлы сөздер айтып, талапты адамның ниетін өзгертіп жібереді. Осылайша тұтас бір халықтың атына сын келтіреді.

Төртінші – білім, ғылымға құштарлықтың аз болуы. Осыдан жүз елу жыл бұрын қазақ жерінде білім мен ғылым сұранысқа ие болмаған еді. Қазір де солай болып тұр. Тәуелсіз Қазақстан тарихында әлі де техникасы озық, әлемдік дәрежеде орны бар өндіріс я болмаса зауыт жоқ. Неге осы жағдай орын алып отыр? Себебі, ғылымның қалың бұқара арасында кең жайылмай, ғалымдардың қадірінің аз болуынан. Көпшілік күн көрудің қамымен жүріп, ғылым – білім деген нәрселерді ұмытып жатады. Бұл жөнінде Абай жиырма бесінші қара сөзінде «…Орыстың ғылымы, өнері - дүниенің кілті, оны білгенге дүние арзанырақ түседі. Ләкин осы күнде орыс ғылымын баласына үйреткен жандар соның қаруымен тағы қазақты аңдысам екен дейді. Жоқ, олай ниет керек емес. Малды қалай адал еңбек қылғанда табады екен, соны үйретейік, мұны көріп және үйренушілер көбейсе, ұлықсыған орыстардың жұртқа бірдей законы болмаса, законсыз қорлығына көнбес едік. Қазаққа күзетші болайын деп, біз де ел болып, жұрт білгенді біліп, халық қатарына қосылудың қамын жейік деп ниеттеніп үйрену керек…» деп білімге ниеттену керектігін көрсеткен. Дамыған кез-келген мемлекетті қарар болсақ, ол дамудың шыңына сол білім-ғылым арқылы шыққанын көреміз. Демек, бізге де ғылым -білімді игеруге, білуге зор талпыныс жасаған жөн.

Бесінші- көре алмаушылық. Бірімізді  біріміз аңдып, сөз тасып, қастық ойлар қоғамның болашағы бұлыңғыр. Бұл қоғамның арасына іріткі салу оп оңай-ақ . Одан да бір-бірімізді қолдап, жамандығымызды жасырып жүрсек нұр үстіне нұр болар еді. Қасыңыздағы жолдасыңыз сіз туралы бөлек шыққанда не деген ғайбат сөздер айтса қандай сезімде болар едіңіз? Әрине, өзіңізді жайсыз сезінуіңіз бек мүмкін. Одан соң сіздің де қарым қатынасыңыз өзгеріп қоғамға деген көзқарасыңыз төмендеп, осы жерден кетуді ойлар едіңіз. Себебі, не ғылымы жоқ, өнері жоқ, әрі бірін-бірі аңдитын қоғамда кім тұрғысы келерді еді? Абай Құнанбайұлы жиырма төртінші қара сөзінде: «...Бірімізді біріміз аңдып, жаулап, ұрлап, кірпік қақтырмай отырғанымыз. Үш миллионнан халқы артық дүниеде бір қала да бар, дүниенің бас-аяғын үш айналып көрген кісі толып жатыр. Өстіп, жер жүзіндегі жұрттың қоры болып, бірімізді біріміз аңдып өтеміз бе? Жоқ, қазақ ортасында да ұрлық, өтірік, өсек, қастық қалып, өнерді, малды түзден, бөтен жақтан түзу жолмен іздеп, өрістерлік күн болар ма екен? Әй, не болсын!.. Жүз қараға екі жүз кісі сұғын қадап жүр ғой, бірін-бірі құртпай, құрымай тыныш таба ма?» деп бір күрсінген екен. Ел боламыз десек ауызбіршілікке үйреніп, бірімізді қолдауды үйренуіміз қажет.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Абай атамыз «Болмасаңда ұқсап бақ ,бір ғалымды көрсеңіз » дегендей, Абай секілді тұлғаға қарап бой түзеп, айтылған сөздерінің біреуін ғана болса да толығымен ұғына алсақ , ұлт ретінде, адам ретінде қоғам ретінде жаңа белеске жетеріміз хақ. Абай және оның сөздерін ұлттық «ұлттық брэндке» айналдырып, атамыз ұсынған жолды ұстансақ болашағымыз іргелі болатыны дәлелсіз-ақ түсінікті.

Абай қара сөздеріндегі тәрбиелік мәні

 

 

 

 

 

 

 

ENERGO UNIVERSITY