01.03.2021 Барлық жаңалықтар
ӘДІСТЕМЕЛІК СЕМИНАР ӨТТІ
«Бізге инженерлер мен дәрігерлер ғана емес, қазіргі заманды және болашақты
терең түсіне алатын білімді адамдар да ауадай қажет»
Нұрсұлтан Назарбаев
Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақшаға аударылған «әлемнің 100 үздік оқулығы» бойынша әдістемелік семинар (26.02.2021) өтті. Жобаның нәтижелерін тиянақты түрде жүзеге асыру мәселесін әлеуметтік пәндер кафедрасы профессор-оқытушыларының арасында кең талқылады.
Жоғары оқу орындарында «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен аударылған «100 оқулық» жобаларын жүзеге асырудағы жаңа оқулықтар кітапхана қорларына түскен болатын. Бұл игілікті істі тәжірибелі профессор-оқытушылар жаңа технологияға бейімделе отырып, жұмыс тәсілдерін дамыта беруіміз керек. Қазақшаға аударылған әлемнің 100 үздік оқулықтарындағы өзекті мәселелері бойынша оқу құралдарын жариялауға, оқу процесіндегі арнайы элективті курстар арқылы студенттердің танымын жетілдіре түсетін, теориялық білімдерін өмірге енгізуге үйрететін тәжірибелік сабақтарға баса мән берілуі қажет.
Мұндай келелі және көп бағыттылы шараларды жүзеге асыру үшін басқа да жоғарғы оқу орындарының қоғамдық кафедраларымен және ғылыми зерттеу орталықтарымен байланыстарды күшейткен жөн. Әртүрлі ғылым салаларымен (тарих, философия, әлеуметтану, саясаттану, мәдениеттану, психология, дінтану және т.б.) тығыз байланысқа түсе отырып, ғалым-педагог кадрлардың біліктілік жүйесін жетілдіре түсуге, әдістемелік тәжірибе алмасуды да қолға алуды қажет етеді.
Төменде кафедрамызда қазақшаға аударылған 100 оқулық аясында талқылау барысында әдістемелік семинарда айтылған профессорлар мен оқытушылар құрамының пікірлерін ұсынып отырмыз.
Болат КАБДУШЕВ
ӘП кафедрасының меңгерушісі
РУХАНИ ТАНЫМДЫ БАЙЫТАТЫН ОҚУЛЫҚТАР
(философия оқулықтары бойынша)
«Рухани жаңғыру» аясында, қоғамдық және ұлттық сананы жаңа деңгейге көтеру, білім беру саласын әлемдік стандарттарға бейімдеу мақсатында мемлекеттік тапсырыс бойынша жарық көрген 100 оқулықтың маңызы өте зор деп білеміз. Әлемдік білім беру жүйесінде пайдаланылып жүрген таңдаулы оқулықтардың қазақ тілінде баспадан шығуы ел мәдениетінің, білім беру саласының дамуына тигізер әсері сөзсіз. Осы аударылған оқулықтардың ішіндегі философия пәнін оқуға арналған кітаптарға тоқталсақ, біздің университет кітапханасында әртүрлі авторлардың жазған оқулықтарының 12 түрі оқырмандарға ұсынылады. Бұл студенттер үшін де, ұстаздар үшінде үлкен ғылыми материалдық база.
Осы оқулықтардың атап айтар ерекшелігі біріншіден сапалы жазылғаны, екіншіден өтте сауатты түрде қазақ тіліне аударылғаны. Бұл қуанарлық жағдай, себебі философия пәніне арналып жазылған қазақ тіліндегі отандық оқулықтардың көпшілігі сын көтермейді. Оның обьективті де, субьективті де себептері жетерлік. Мысалы тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары жазылған санаулы оқулықтардың ішіндегі сапалы шыққаны Серік Мырзалының «Философия» деп аталатын кітабы ғана деп айтар едім. Басқа пайдаланып келген оқулықтардың көпшілігі марксистік-материалистік сарында біржақты жазылған немесе орыс тіліндегі кеңестік дәуірде жазылған кітаптардың тікелей аудармасы деңгейінде. Кезінде кеңестік-коммунистік идеология қоғамдық ғылым тұрмақ, жаратылыстану ғылымдарын да, тіпті адамзаттың мәдениетінің барлығын екіге бөліп қарады емеспе: пролетарлық және буржуазиялық деп. Әрине осындай сыңаржақты көзқарастан аға ұрпақ өкілдерінің көпшілігі әлде де арыла алмай жүргендігі белгілі нәрсе.
Жалпы философия пәнін алып қарасақ, отандық авторлардың көпшілігі әлемдік философияның тарихымен де, үздік шығармаларының түпнұсқасымен де орыс тілінде жазылған аудармалары арқылы танысып келді. Бұл әрине отандық философия ілімінің дамуына өз әсерін тигізбей қойған жоқ. Себебі орыс коментаторлары мен аудармашылары, әсіресе кеңестік қызыл империя кезінде, әлемдік философиялық еңбектерді бұрмалап, өздерінің империялық идеологиясына бейімдеп жеткізуге тырысты. Біржақты кеңестік идеологияның шылауында кеткен қазақ ғалымдары да марксизм-ленинизмнің шашбауын көтеріп, ұлттық менталитетімізге жат, шовинистік-большевиктік идеологияның сойылын соқты. Тіпті тәуелсіздік жылдарында жарық көрген философиялық оқулықтардан да ескі кеңестік сарынның әуені естіліп тұрғанын анық аңғарасыз. Диалектикалық және тарихи материализмді ғана шынайы философия деп дәріптеген кеңестік дәуірдің оқулықтары Сократтан Абайға дейінгі, Аристотельден Дерридаға дейінгі данышпандардың көзқарасы мен пікірлерін материалистік-атеистік тұрғыдан сыңаржақты түсіндіруге тырысты. Тіпті қазірге дейін отандық жоғары оқу орындарында әлемдік білім мен мәдениет саласындағы үздік туындылар мен мәдени жетістіктерден хабардар болып сусындау өз деңгейінде емес. Басты кедергі, қазіргі заманғы ғылым мен мәдениет саласында адамзаттың ортақ халықаралық тіліне айналған ағылшын тілінің мектеп пен жоғары оқу орындарында әлде де жеткіліксіз оқытылуы. Біз кез келген ғылым саласында жоғары жетістікке жеткіміз келсе, сол саладағы туындылардың түпнұсқасымен тікелей танысуымыз қажет. Міне осы тұрғыдан алғанда аталған қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулықтың оқыту процессінде алатын орны зор деп білеміз. Бүгінгі таңда, біздің техникалық мамандар даярлайтын университет студенттеріне, кітапханамызға алынған жаңа оқулықтар таптырмас қосымша оқу құралы болып отыр. Философия пәні бойынша мына оқулықтардың маңызы өте ерекше дер едім. Кенни Энтонидің «Батыс философиясының жаңа тарихы»; Джонстон Деректің «Философияның қысқаша тарихы»; Хесс Ремидің «Философияның таңдаулы 25 кітабы» және Мак Гиннис Джонның «Классикалық араб философиясы: антология»; Бертран Расселдің «Батыс философиясының тарихы» атты оқулықтарында әлемдік философияның бүкіл тарихы кезең-кезеңімен түсінікті де қарапайым тілмен жеткізілген. Кеңестік оқулықтардағыдай қатып қалған теориялар мен жалаң категориялар тізбегі жоқ, данышпандар мен әртүрлі философиялық мектептердің көзқарасы сол дәуірлер мен мәдениеттер контекстінде бұрмаланбай жеткізіледі. Бұл нағыз философияға қажетті, логикалық пен тарихилықтың бірлігі шарты тұрғысынан жазылған еңбектер деп қабылдауға болады. Студенттердің философия пәнін қызығып оқуына екі түрлі себеп болуы мүмкін, әдетте олар не философияның өзіне, не болмаса оның тарихына қызығады. Қазіргі өмірдегі философиялық мәселелерді түсініп зерттеу үшін тарихта өмір сүрген әйгілі ойшылдардың еңбектеріне үңілеміз. Сол арқылы олар өмір сүрген қоғам мен адамдарды, олардың өз танымы бойынша әрекет еткен тұжырымдық жағдайын түсіне аламыз. Күн тәртібінен түспейтін философиялық мәселелерді шешу үшін, өткен заманның зияткерлік әлеміне тереңірек ену үшін де өзге дәуір ғұламаларының еңбектерін оқимыз. Ал философияны жеке ілім ретінде қарастырсақ, оның пәні философияның тарихы болып табылады. Олай болса біз философия тарихын сол қалпында, қазіргі бір саяси тапсырыстың, идеологияның ықпалына бейімдемей, ғылыми ақиқат тұрғысынан обьективті мазмұнда баяндауымыз қажет. Жоғарыда аталған философиялық оқулықтар осы талаптарға сәйкес жазылған кітаптар деп санаймыз. Осы оқулықтар оқыту процессінің жаңа деңгейге көтерілуіне, білім сапасының артуына өз септігін тигізетініне сенімдіміз. Философия пәні бойынша Қазақстан республикасының ғылым және білім министрлігі бекіткен жаңа үлгідегі оқу программасына сәйкес жоғарыдағы оқулықтар студенттерге ұсынылады.
Жалпы оқырмандар, бұл кітаптарды тек оқулық ретінде ғана емес, таным көкжиегін кеңейтетін, рухани ләззат алатын кітап ретінде де оқығаны дұрыс болар еді деп ойлаймыз.
Қуаныш МҰХАМЕДЖАН
ф.ғ.к., ӘП кафедрасының профессоры
ШВАБ КЛАУС: ТӨРТІНШІ ӨНЕРКӘСІПТІК ТӨҢКЕРІС
«Рухани жағыру» мемлекеттік бағдарламасының «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» қоғамдық-гуманитарлық ғылымдарды дамыту бойынша Саясаттану және әлеуметтану секциясының оқытушылары оқу үдерісінде қазірдің өзінде қазақ тіліне аударылған бірқатар оқулықтарды қолданады. Әлеуметтік-саяси білім модулі: саясаттану және әлеуметтану пәнін оқытуда келесі оқулықтар қолданылады:
1. Андерсон Джеймс Э., Мемлекеттік саясат / Э. Андерсон Джеймс. - 8-ші бас. - Нұр-Сұлтан : Ұлттық аударма бюросы, 2020. - 448 б.;
2. Әлемдік саясаттың жаһандануы. Халықаралық қатынастарға кіріспе. - Нұр-Сұлтан : Ұлттық аударма бюросы, 2020. - б.;
3. Нортхаус Питер Г., Көшбасшылық : теория және практика / Г. Нортхаус Питер; Батыс Мичиган ун-ті. - 8-ші бас. - Нұр-Сұлтан : Ұлттық аударма бюросы, 2020. - 560 б.;
4. Трагер Роберт. Ф., Дипломатия: коммуникация және халықаралық тәртіп негіздері / т.Ф. Трагер Робер. - Астана : Ұлттық аударма бюросы, 2019. - 256 б.;
5. Уолф Д., Саясат философиясына кіріспе / Д. Уолф. - 3-басылым. - Нұр-Сұлтан : Ұлттық аударма бюросы, 2020. - 232 б.;
6. Хейвуд Эндрю, Саясаттану / Э. Хейвуд. - 5-ші бас. - Нұр-Сұлтан : Ұлттық аударма бюросы, 2020. - 520 б.;
7. Шваб Клаус, Төртінші индустриялық революция=The Fourth Industrial Revolution / К. Шваб. - Астана : Ұлттық аударма бюросы, 2018. - 200 б.
Жалпы, бұл оқулықтар студенттерге қосымша әдебиет ретінде оқуға, сондай-ақ семестрлік жұмыстарды дайындауда қолдануға ұсынылады. Бұл оқулықтар саясаттану терминологиясына қаныққан, ғылыми тілде жазылғанына қарамастан, әдебиетке студенттердің ерекше қызығушылық танытатындығын атап өткен жөн. Батыс зерттеушісі Шваб Клаустың «Төртінші өнеркәсіптік революция» монографиясы айрықша қызығушылық тудырды. Давостағы Дүниежүзілік экономикалық форумның негізін қалаушы және тұрақты президенті Клаус Шваб өзгерістердің ауқымын адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған құбылыс ретінде сипаттайды. Автордың айтуынша, өзгерістер бәріне әсер етеді: адамның әлеммен, өзімен және басқа адамдармен қарым-қатынасы түбегейлі өзгереді. Төртінші өнеркәсіптік революция адамзаттың өмір сүру деңгейін көтеруге, көптеген өзекті мәселелерді шешуге орасан зор әлеуетке ие, бірақ сонымен бірге жаңа проблемалық мәселелердің пайда болуына мүмкіндік береді.
Төртінші өнеркәсіптік революция біздің көз алдымызда болып жатыр. Кейбіреулер бұл «цифрлық» революцияның жалғасы, оның жаңа кезеңі, бұл кезде технология адамды ығыстыра бастайды деп санайды. Төртінші өнеркәсіптік революцияның басталуы адам өмірін адам танымастай өзгертеді. Бізді адамзат тарихындағы ең үлкен өзгеріс әкеледі, ол қоғамның барлық салаларына әсер етеді. Оның үстіне қазірдің өзінде көптеген өзгерістер байқалады.
Индустрия 4.0 бағдарламасын іске асырудағы үлкен кедергілер: білікті мамандардың жетіспеушілігі: ақылды фабрикалардың жұмыс істеуі ең алдымен осы типтегі мамандарға тәуелді болмақ.
Технологияның осы түрінен туындайтын жоғары киберқауіпсіздік талаптары күшті болу керек, тиімді болғанымен, зауыттардың осал тұстары болады. Зауыттар жоғары дәрежеде автоматтандырылған және компьютерлік алгоритмдермен басқарылатын болғандықтан, олар компьютерлік диверсияның немесе бәсекелестікке қатысты ақпараттың құрбаны болу қаупі бар.
Байланыс инфрақұрылымының жетіспеушілігі яғни бұл технологиялардың көпшілігінде жоғары өткізу қабілеттілігі бар кең жолақты интернетке қол жетімділік қажет, бұл көптеген өнеркәсіптік аудандарда кездеспейді (өйткені индустриялды шағын салалар тобы үшін байланыстыру телекоммуникациялық компаниялар үшін онша тиімді емес). Ғылым әлеміндегі жаңа тенденциялармен танысуға және білуге деген үлкен қызығушылық біздің ойымызша, осы ғылыми-көпшілік әдебиеттерді оқу үдерісінде қолдану студенттердің гуманитарлық циклдағы саясаттану, әлеуметтану пәндеріне деген қызығушылығын арттырады және кеңейтеді. Техникалық мамандықтар студенттерінің білім көкжиегін кеңейтуге, жан-жақты ойлануға мүмкіндік береді.
Алтынай МУХАМБЕДЬЯРОВА
с.ғ.д., ӘП кафедрасының профессоры
ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ СҰРАНЫСЫ БАР ОҚУЛЫҚ
Мен бүгінде «100 үздік оқулық» жобасы аясында шығып, қолданысқа енгізіліп отырған оқулықтың бірі - «Әлеуметтану негіздері (Бринкерхоф Д., Уэйтс Р., Ортега С.)» оқулығымен 2016/2017 оқу жылынан таныспын. «Қазіргі қоғамның әлеуметтік институттары» курсы бойынша ағылшын топтарында дәріс оқу барысында кітаптың ағылшын тіліндегі «Essentials of Sociology (David B. Brinkerhoff , Lynn K. White , Suzanne T. Ortega, Rose Weitz.)» нұсқасын пайдаланған едім.
Оқулықтың қазақ тілді аудитория үшін қолжетімділігі мені ерекше қуантады. Себебі, бұл оқулық жеке тұлға, қоғам, әлеуметтік қарым-қатынас туралы қарапайым, түсінікті, күнделікті өмірден алынған нақты мысалдар негізінде білім алушыны, оқырманды өзіне бірден баурайтын кітап.
Кез-келген адамның, оның батыс немесе шығыста туып-өскеніне, алған тәрбиесі мен менталитетіне қарамастан, олардың индивид, тұлға ретіндегі ұйықтау, тамақ ішу, білім алу, некеге отыру, отбасын құру, бала туу, басқа да қарым-қатынас түрлері, белгілі бір белгіленген қоғамдық нормаларды сақтауы немесе бұзуы, өмір сүру салты, т.б. сұраныстары мен қажеттіліктері бір, ортақ.
Тіпті мемлекеттердің қалауынан тыс бүгінгі жаһандану жағдайында адамдардың ортақ сұраныстары мен қажеттіліктері, өзара ұқсас әлеуметтік қарым-қатынастарының түрлері тіпті күшейіп отыр. Осы тұрғыдан алғанда ғылым, пән ретінде сол Батыс елдерінде қалыптасқан әлеуметтік-гуманитарлық ілімдер бойынша Батыс авторларының үздік оқулықтарын еш күмәнсіз, қымсынбай пайдалануымызға болады.
Сәуле БАЙДИЛЬДИНА
т.ғ.к., ӘП кафедрасының доценті