ӘЛЕМДІК ӨРКЕНИЕТКЕ БАСТАР ЖОЛ

ӘЛЕМДІК ӨРКЕНИЕТКЕ БАСТАР ЖОЛ


26.03.2021 Барлық жаңалықтар


ӘЛЕМДІК ӨРКЕНИЕТКЕ БАСТАР ЖОЛ

25 наурызда Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Латын графикасына көшу – әлемдік өркениетке бастар жол» атты дөңгелек үстел өтті. Оның мақсаты латынграфикалы әліпбиімізді  насихаттау, проблемалық жақтарын талқылау болатын. Бұған дейінгі үш әліпби өте сәтсіз шығып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру барысында бекітілген әліпбидегі кемшіліктерді ескеріп, жетілдіруге тапсырма берген еді. Ал соңғы, жетілдірілген жоба БАҚ-та, әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр. Энергетика және байланыс университеті осы ретте ғылыми қауымдастық пен студенттердің басын қосып, талқылау және түсіндіру жұмыстарын жүргізуге бел буған...

Онлайн форматта өткен аталған шара барысында Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің ректоры, математика профессоры, физика-математика ғылымдарының кандидаты, экономика ғылымдарының докторы, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі Сәуле Саветқызы Сағынтаева, университеттің тәрбие ісі жөніндегі проректоры, т.ғ.к., доцент Серік Қапанұлы Махмұтов кіріспе сөзбен ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Бірінші болып Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Тіл тарихы бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Дана Пашан «Қазақ тілінің латын графикасы негізіндегі жетілдірілген жаңа әліпбиі» тақырыбында баяндама жасады. Ғалым қазіргі ұлттық әліпбидегі таңбаларға жіті тоқталып, көптің көкейіндегі күдікті сейілтуге тырысты.

Одан кейін Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының тіл мәдениеті бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Нәзира Серікқызы Әміржанова латын графикасына негізделген ұлттық  әліпбидің талаптары туралы сөз қозғады. Нәзира Серікқызы талдау барысында 2017 және 2018 жылдары ұсынылған әліпбидің кемшіліктерін тізбелеп, соңғы жобаның артықшылықтарын жіпке тізгендей етіп айтып берді

Cанжар Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық Медицина университетінің Тілдік пәндер кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Төлеубек Қизатұлы Зайсанбаев «Латын әліпбиіне негізделген емле ережелерін жасауда ескерілетін мәселелер» атты баяндама әзірлеп, тыңдаушы құлағының құрышын қандырды.

Ал Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының Қоғаммен байланыс жөніндегі маманы Мадияр Қазыбекұлы Арстанбаев бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердегі латын әліпбиіне қатысты материалдарға тоқталып, статистикаға иек артты. Оның айтуынша, ғылыми қауымдастық жаңа әліпбиді түгел қолдап отырса, қарапайым халықтың басым бөлігі де агрессивті қарсылықтан гөрі, дұрыс пайымдау арқылы латынграфикалық төл жазуымызды оң көзқарас танытып отырғанын айта кетті

Сондай-ақ кейінгі буын атынан сөз алған Ғұмарбек Дәукеев атындағы АЭжБУ-дің 1 курс студенті Айдар Мұратбекұлы Сүлейменов «Жаңа әліпби – рухани жаңғырудың жарқын көрінісі» тақырыбында баяндама жасады. Сондай-ақ жиынға С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ, Тілдік пәндер кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Аннель Тілеумағамбетқызы Бақтыбаева, Телекоммуникация және ғарыштық инженерия институтының директоры Ғани Балбаев, кафедра меңгерушісі Мусапирова Гулзада Дәулетбекқызы т.б. қатысты.

Қатысушылар дөңгелек үстел барысында сұрақ-жауап та ұйымдастырып, тұщымды пікірталас тудырды.

Ғұмарбек Дәукеев атындағы АЭжБУ  әлеуметтік пәндер кафедрасының меңгерушісі Болат Жоламанұлы Кабдушев

ENERGO UNIVERSITY