29.03.2021 Барлық жаңалықтар
БІЛІМДІ ҰРПАҚ- ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ КЕПІЛІ
«Жаңа гуманитарлық білім» қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық жобасы
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар – рухани жаңғыру» бағдарламалы мақаласында: «Біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі, ол әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Бұл мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни, одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс» деген болатын. Тәуелсіз еліміздің алдағы көшін түзеп, ілгері ел қатарына шығаратын, өндіріс саласын дамытып, инновациялық өрістерге ұластыратын, үлкен әлеует – сапалы терең білім мен ғылым екендігі даусыз. Сондықтан да жастарымыз жан-жақты болу үшін білім мен ғылымды терең игерулері қажет. Ертеңімізге зор сеніммен қарау үшін, сол жастардың бойына жан-жақты біліммен, рухани байлығымызды дарытуға күш салуымыз керек.
Бүгінде, жастарға дүние жүзіндегі таңдаулы озық үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасау, кезек күттірмейтін міндет болып отыр. Сол мақсатты орындау барысында, «Жаңа гуманитарлық білім» қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық жобасы аясында жарық көрген оқулықтарды оқу процесіне енгізудің маңызы зор деп білеміз.
Осы аударылған оқулықтардың ішінде Джон Бейлис, Патриция Оуэнс және Стив Смиттің жетекшілігімен жинақталған «Әлемдік саясаттың жаһандануы: Халықаралық қатынастарға кіріспе» атты оқулық оқырмандар тарапынан үлкен қызығушылық тудырады деген ойдамыз.
Себебі, біз ұдайы айтылып жүрген жаһандану дәуіріндеміз. Әлемдік саясаттың басым факторы жаһандану. Ол әлемдік құрылыстың жаңа сапалы инфрақұрылымына көшуге ықпал етіп отыр. Қазіргі таңда әлемдік тәртіптер мен қатынастар үнемі өзгеріс үстінде. Адамзаттың жалпы дамуы барлық мемлекеттер еріксіз есептесетін ортақ заңдылықтарды және даму тенденцияларын тудырады. Әлемдік тәртіптерге жаһандық өзекті мәлелелер және әлемдік қауіптер мен қайшылықтар үздіксіз өз ықпалындарын тигізіп отырады. Сондықтан әлемнің бір бөлшегі ретінде әр бір азамат әлемде орын алып жатқан өзгерістер мен процестерден хабардар болып, ақпарат алып отыру қажет.
Бұл еңбекте халықаралық қатынастардың даму тарихына, негізгі теорияларына және жаһандық мәселелерге кеңінен шолу жасалып, әлемдік саясат, жаһандану және халықаралық қатынастар ұғымына анықтама беріледі және халықаралық қатынастар жүйесіндегі акторлар мен қазіргі халықаралық тәртіптегі өзгерістер толық қамтылған.
Ең алдымен қазіргі әлемнің қалыптасуында аса маңызды рөлі бар тарихи контекске шолу жасалынады. Оның ішінде қазіргі халықаралық тәртіптің дамуы; халықаралық тәртіптің XX ғасырдағы негізгі дағдарыстары; қырғиқабақ соғыс аяқталғаннан кейінгі оқиғалар. Қырғи қабақ соғыста ядролық қарудың маңызы зор болды. Кеңес-америкалық қарым-қатынаста ядролық қару жарақтың дамып таралуын шектеу мен бақылауда ұстау туралы келісімдердің маңызы үлкен болды. Қырғи қабақ соғыс аяқталғанмен, ядролық қарудың жойылмауы, ядролық соғыс қаупін туғызатын әр түрлі халықаралық дағдарыстардың туындауына әкелген болатын. Сондай-ақ, қазіргі әлемдік саясатта жаңа Батыстық емес державалардың көтерілуі яғни, Батысқа негізделген әлем тәртібіне қыр көрсететін Қытай, Үндістан және Бразилия сияқты елдердің тарихи маңызын зерттеу сияқты мәселелерге тоқталады. Осы халықаралық тарихқа жасалған шолу студенттердің жаһандану туралы ой қозғауына қажет негіз қалыптастыруы тиіс.
Әлемдік саясаттың негізгі теориялары – реализм, либерализм, марксизм, әлуметтік конструктивизм, постструктурализм, постколониализм және феминизм жан жақты талданған. Бұлардың ішіндегі ең ықпалдысы –реализм болды. Мұнда студент түрлі теорияның негізгі идеяларын түсініп, олардың салыстырмалы түрде артықшылықтары мен кемшіліктерін бағалай алатын болады. Сонымен қатар, халықаралық қатынастардың негізгі сипаты болып отырған құрылымдар мен процестерді қамтитын гендер, нәсіл мәселесі, халықаралық ұйымдар және мемлекеттік емес ұйымдардың ерекшеліктері мен қызмет барысы, халықаралық қатынастағы аймақшылдық пен интеграциялық ұйымдардың (ASEAN, ШЫҰ, ЕҚЫҰ,ТМД және т.б.) рөлі мен маңызы талданған. Интеграциялық ұйымдардың аймақтық мәселелерді шешудегі тиімді және тиімсіз жақтары көрсетілген.
Қазіргі кезеңдегі ғаламдық өзекті мәселелерді кең түрде нақты мысалдармен және статистикалық деректермен қарастырылған. Атап айтатын болсақ:
Халықаралық және жаһандық қауіпсіздік мәселесі. Жаппай қырып жоятын қарулардың яғни, ядролық (АҚШ-тың алғашқы атом бомбасын 1945жылы Жапонияның екі қаласына тастауы), химиялық (алғаш бірінші дүниежүзілік соғыста Германия хлор газын пайдаланған кезден бері қолданылады) және биологиялық (алғаш 2001 жылы АҚШ-та жасалды) қаруларлың таралуы;
Терроризм және жаһандану мәселелері: терроризмнің түрлері, ислам экстремизмінің сипаты (АҚШ 2001 жылғы 11 қыркүйек), лаңкестік ұйымдардың (Әл-Каида, ДАИШ және т.б. ) іс-әрекеттері, терроризммен күрес, жаһанданудың терроризмнің аймақтық құбылыстан жаһандық құбылысқа айналуына себеп болуы мәселелері;
Қоршаған орта мәселелері: озон қабаты мәселесі, парниктік эффектінің күшеюі, климаттық өзгерістер және экологиялық бағдарламалар мен келісім шарттар (БҰҰ қоршаған орта бағдарламасы, Киото хаттамасы және т.б) негізіндегі жүргізіліп отырған іс-шаралар; кедейшілік пен аштық мәселері: әлем халқының жартысына жуығы кедейшілік жағдайда өмір сүруі, аштықтың азаймау (аштықтан зардап шеккендер 800 млн адам) себептері туралы әр түрлі көзқарастар, даму және кедейшілікпен күрес және т.б.
Қорыта келе, аталған оқулық студенттерге қосымша әдебиет ретінде оқуға және семестрлік, өзіндік жұмыстарын дайындауда қолдануға ұсынылады. Оқулық өте сапалы жазылған және қазақ тіліне сауатты әрі түсінікті аударылған. Мемлекеттік тілге аударылған оқулықтардың басты мақсаты – жоғары дәрежелі, жоғары сапалы білімнің қолжетімділігі болып табылады. Осындай бастамалардың арқасында еліміздің жастары заманауи білімнің көшіне еріп, еліміздің мәртебесін биікке көтеретініне мол сенім артуға болады.
Айнұр ӘБДІҚАЛЫҚ
ӘП кафедрасының аға оқытушысы с.ғ.к.
ТАРИХИ АНТРОПОЛОГИЯ БОЙЫНША ҚОС КІТАП
«Жаңа гуманитарлық білім» қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық жобасы
2021 жылдың 26 наурыз күні Ғұмарбек Дәукеев атындағы АЭжБУ-нің «Әлеуметтік пәндер» кафедрасының ұйымдастыруымен кафедра мәжілісінің аясында «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша жарық көрген оқулықтарды оқу үрдісінде қолдану бойынша әдістемелік семинар өтті.
2017 жылғы сәуірден ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бағыттарының бірі – әлемдік 100 жаңа оқулық гуманитарлық білім саласындағы айтарлықтай жаңа үрдіске себін тигізуде. Себебі, әлемнің ең үздік университеттерінің оқулықтарын қазақ тіліне аудару, ең алдымен, ЖОО орындарындағы оқу үдерісін жетілдіруге, екіншіден мемлекетік тілдің ғылыми қолданыс аясын кеңейте түсті. Үшіншіден, осы аударылған кітаптарды kitap.kz – онлайн платформасы арқылы оқытушылар мен студенттердің, жалпы оқырмандардың танысуына қолайлы мүмкіндіктер жасалынған. Кафедрада осымен екінші рет өткізілген семинардың кезекті тақылауы «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша 2020 жылы жарыққа шыққан Михаил Маркович Кромның «Тарихи антропология» (Алматы: «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры, 2020 жыл. – 204 бет) және 2018 жылы жарық көрген Алан Барнардтың «Антропология тарихы және теориясы» (Алматы: Ұлттық аударма бюросы, 2018 жыл – 240 б.) кітабына арналды.
Кеңестік және ресейлік тарихшы, Санкт-Петрбург Еуропа университетінің профессоры М.М. Кромның «Тарихи антропология» (Санкт-Петербург: «Издательство Европейского университета», 2010. 214 с.) атты оқу құралында негізгі басымдылық заманауи тарихи зерттеулердегі аса ықпалды бағыттардың бірі тарихи антропологиямен кеңінен таныстырады. Мұнда антропологиялық бағыттағы тарихтың бастапқы, яғни менталдылық тарихынан бастап, кейінгі түрлеріне - микротарих, күнделікті өмір тарихы, жаңа мәдени тарихқа дейін қамтылған. Кітапта тарихи-антропологиялық бағыттағы жұмыстардың жалпы сипатымен қатар, Франция, Италия, Германия, АҚШ, Ұлыбритания секілді жекелеген ұлттық мектептердің өзіндік ерекшеліктеріне де тоқталған. Осы мектептердің көрнекті өкілдері германиялық Карл Лампрехт, француздар Люсьен Февр мен Марк Блок, ұлыбританиялық Льюис Нэмир мен Ричард Тоуни, Мишель Вовель, Э.П. Томпсон, П. Берк пен итальян микротарихшыларының және К. Гинзбург, С. Козлов, Л.Февр, Р. Мандру, Ж. Дюби, ресейлік А.Я. Гуревич секілді көрнекті ғалымдардың тарихи антропология туралы жалпы түсінігін, сондай-ақ олардың әлеуметтік тарихтан менталдылық және мәдениет тарихына қарай даму тұжырымдарын салыстырмалы түрде көрсетеді. Сонымен А.Я. Гуревичтің тұжырымдамасымен қорыта айтқанда: «Тарихи антропологияның негізгі міндеттерінің бірі – әртүрлі кезеңдер мен мәдени дәстүрлерге тән әлем бейнесін біріктіру» болып табылатындағына көз жеткіземіз.
Келесі аударылған оқулық авторы, америкалық ғалым-антрополог, этнолог, Эдинбург университетінің Алан Барнард «Антропология тарихы және теориясы» (Cambridge University Press, 2000) атты еңбегінде антропология пәнінің қалыптасуындағы көзқарастардың даму тарихын тереңірек зерттейді. Бұл еңбекте антропология теориялары мен мектептердің шығу тарихын, осы ғылыми ілім төңірегіндегі пікірталастарға сараптау жасалынып, жүйеленген. Автор антропология ғылымының қалыптасу тарихын, ондағы эволюция теориясы туралы тұжырымдарды, диффузионистік және тарихи-мәдени аймақтар теорияларын, функционализм және құрылымды-функционализм, әрекетке негізделген теорияларды, процессуалдық және маркстік көзқарастағы зерттеулерді, релятивизм, структурализм мен постструктурализмнің түрлі салаларын және енді ғана қалыптасып жатқан интерпретациялық және постмодернистік көзқарастарға қатысты тақырыптарды кеңінен қамтыған.
Алан Барнардтың оқу құралымен танысу барысында антропология мен этнологияның тұтас бір ғылым емес екенін, бірақ екеуінің бір-бірінен алыстап кетер ғылым да емес екенін анық түсінуге болады. Автордың пікірі бойынша екі терминнің де бір, ортақ келісілген мағынасы жоқ. Қазір олар әртүрлі мәселелерді зерттейтін, бірақ зерттеу пәні жалпы - антропология және мәдениетке бағдарланған – этнология cекілді бағыттас салалар ретінде қарастырылады.
Жалпы алғанда, қазіргі таңда «антропология» әдетте төрт тармақты қамтиды:
1) биологиялық антропология;
2) археология;
3) антропологиялық лингвистика;
4) мәдени антропология.
Біз қарастырып отырған екінші кітаптың басты зерттеу нысаны – мәдени антропология.
Сонымен, екі оқулықты талдау барысында көз жеткізгеніміз «антропология» және «этнология» сөздерінің мәні ұзақ жылдар бойы әр елде түрлі мағынада, түрлі ұғымда қолданылып келгендігі.
Екі оқу құралы да тарихқа маманданатын студенттер мен магистранттарға, сондай-ақ әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдарды оқып-үйренуші жалпы қауымға арналғандықтан, техникалық оқу орындарында оны қосымша әдебиет ретінде таныстыра отырып, әдістемелік құрал ретінде тиімді пайдалануға болады. Аталмыш оқулықтардың мазмұнын «Қазақстанның қазіргі заман тарихы» курсын оқыту барысында «Қазақ мемлекеттілігі эволюциясының тарихи бастаулары, кезеңдері мен сабақтастығы» тақырыбындағы дәрістің «Қазақстанның қазіргі заман тарихы» пәні, мақсаты мен міндеттері» тармағын түсіндіруде қолданған өте тиімді. Осы дәріс барысында тарих, археология, этнология, антропология, тарихи демография секілді ұғымдармен қатар, пәннің мақсат-міндеттері, оның кезеңдері және деректері мен тарихнамасы мәселелерін тереңірек талдап, барынша кең мағлұмат беріледі.
Сонымен семинар-кездесуден түйген ой: тарихи антропология – «пәнаралық» ғылым; себебі оның басты бағыттары мен тұжырымдары әлеуметтік ғылымдардан, ең алдымен, этнологиядан басталады. Әрине бұл дәстүрлі тарихи ғылымның өзінің даму логикасымен толықтай сабақтасып, ұштасып жатыр.
Қорыта келгенде, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты еңбегінде айтылғандай: «Біз алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілден қазақ тіліне аударып, жастарға дүниежүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасаймыз. Жаңа мамандар ашықтық, прагматизм мен бәсекелестікке қабілет сияқты сананы жаңғыртудың негізгі қағидаларын қоғамда орнықтыратын басты күшке айналады. Осылайша болашақтың негізі білім ордаларының аудиторияларында қаланады...», - дегендей бүгінгі университет қабырғасында білім алып жатқан жастардың толыққанды маман болып шығуы сапалы оқулықтарды тиімді қолдану арқылы жүзеге асырылмақ.
Ұлттық аударма бюросының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңызды тармақтарының бірі – «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында тарих, философия, социология, психология, антропология, мәдениеттану, дінтану, лингвистика, инновация, медиа, экономика, менеджмент, кәсіпкерлік бағыттары бойынша аударылып басылған барлық оқулықтары осындай мақсаттарға арналған. Ал оларды өз сабақтарында тиімді пайдаланып, кәсіби шеберлігін арттыру әрбір ЖОО ұстаздардың абыройлы ісі.
Зира ТӨЛЕНОВА
тарих ғылымының кандидаты, доцент