Байқоңыр космодромының салыну тарихы туралы не білеміз?

Байқоңыр космодромының салыну тарихы туралы не білеміз?

12.04.2021 Барлық жаңалықтар


Байқоңыр космодромының салыну тарихы туралы не білеміз?

XX ғасырдың ортасына таман республикамызда өзіндік ерекше инфрақұрылымдары бар жабық қалалар мен орталықтар құрыла бастады. Сондай орталықтардың бірі – Байқоңыр, әлемдегі ең ірі жер бетіндегі ғылыми ғарыш сынақ алаңы болып табылады, оның басты және көмекші нысандарының жалпы ауданы 6 717 шаршы шақырымды құрайды.

Байқоңыр космодромының құрылуы Р-7 алғашқы құрлық аралық баллистикалық зымыранының пайда болуымен тікелей байланысты.

1954 жылдың 20 мамырында құрлық аралық баллистикалық зымыран (ҚБЗ) Р-7 жасау, өндіру және сынау туралы КОКП ОК мен КСРО МК № 956-408сс қаулысы шықты. Бұл жұмысқа 200-ден астам ҒЗИ, КБ және 25 министрліктер мен ведомствалардың зауыттары қатысты. 1954 жылдың 20 қарашасында Р-7 ҚБЗ (8К71 бұйымы) нобайлық жобасын КСРО МК-і мақұлдады.

Р-7 құрлық аралық қашықтыққа ұшырылатын жаңа көп сатылы баллистикалық зымыранның өмірге келуімен құрлық аралық зымыранды сынауға арналған сынақ алаңы (полигон) мәселесі туындады. Сынақ алаңының бұрынғы сынақ базасы жаңа зымыран үшін тарлық етті.

1954 жылдың 17 наурызында КСРО Министрлер Кеңесінің Қорғаныс министрлігі, орта машина жасау, авиация және радиотехника өнеркәсіптері министрліктерінің 1955 жылдың 1 қаңтарындағы қаулысымен ҒЗИ-88 (ОКБ-1, Бас конструктор С. П. Королев, қорғаныстық техника бойынша Мемкомитет), сондай-ақ «Буря» (КБ Лавочкин С. А.) және «Буран» (КБ Мясищев В. М., авиациялық техника бойынша Мемкомитет) Р-7 ҚБЗ-ын сынақтан өткізуге арналған жаңа сынақ алаңының орнын аныктап, 1955 жылдың 1 наурызында өз ұсыныстарын үкіметке баяндау туралы шешім шығарылды.

Жаңа сынақ алаңын анықтау үшін арнайы комиссия құрылып, жаңа полигонға қойылатын негізгі талаптар кешені даярланды. Жаңа сынақ алаңының орнын таңдау үшін арнайы комиссия құрылды. Комиссия үш нұсқаны талқылаудан өткізілді.

Бірінші нұсқа - Мордовия болды. Мұнда соғыс кезінде орасан зор қалың орман кесіліп, соған сәйкес халық сирек қоныстанатын. Керісінше, көлік қатынас жолдары жақсы жүргізілген еді. Алайда, егжей-тегжейлі талкылау барысында бұл нұсқа болашақ сынақ алаңына қойылатын барлық талаптарды толық қанағаттандыра алмайды деп шешілді.

Екінші нұсқа - Каспий теңізінің батыс жағалауы (Астрахань облысы мен Дағыстан) болды. Дегенмен құрлық аралық баллистикалық зымырандарды сынауға арналған ұшу кешендерін орналастыруда радиобасқару пункттері үшін қолайсыздықтардың орын алатындығы белгілі болды. Аталмыш аудандардың таулы және төбешікті болуына байланысты радиобасқару жер үсті станциясының радиосәулесі зымыранның кемеріндегі жекелеген бөліктеріне жете алмайды деп шешті.

Кейіннен мамандар егер нұсқаларды таңдау кезінде зымыран ұшырылуын радиобасқарудың уақытша шара екенін, кейін барлық баллистикалық зымырандарда басқарудың автономды жүйесі қолданылатынын, ол кезде жер үсті радиобасқару пункттері мүлде қажет болмай калатынын білгенде, онда аталған нұсқа өте тиімді болуы мүмкін еді, - деп есептейді. Оған себептер игерілген көлік магистралдары (теміржолдар, су және әуе жолдары), адамдардың өмір сүруі мен жұмыс істеуіне қолайлы ауа райы, ауыз су мен техникалық судың шектеусіз қайнар көзі - Волга өзені, зымыранның ұшу трассасы шөл және шөлейт жерлерден өтетін, сондай-ақ зымыранның басты бөліктері мен жекелеген блоктарының құлап түсуі үшін қажет алаңмен де еш кедергілер болмайтын. Алайда, бұл кезде жоғарыда көрсетілген себептерге байланысты бұл нұсқадан да бас тартуға тура келді.

Үшінші нұсқа - Қазақстан, яғни Арал теңізінен Қызылорда қаласына дейінгі аймақ сынақ алаңын орнатуға қолайлы жер болып табылды. Төретам бекетінен 30 шақырым қашықтықта, далалы жерде орналасқан кішігірім карьерге алып келетін кірме жолдың болуы да назардан тыс қалмады. Бұл нұсқаның үлкен жетістігінің бірі, Төретам аркылы Москва - Ташкент темір жолы өтетін, сондай-ақ болашақта тұрғызылатын тұрғын-жайлар мен қалаларды сумен қамтамасыз ету, зымырандарды ұшыру және сынау кездеріндегі технологиялық үрдістерді, құрылыс талаптарын қамтамасыз етуде аса қажет болатын судың кайнар көзі - Сырдарияның болуы еді. Ауданның экваторға жақын орналасуы да шығыс бағытта зымыранды ұшыру кезінде өте тиімді  болатын (энергетикалык жағынан өте тиімді, ұшырылған зымыранның бірден екпін алуы үшін Жердің табиғи айналымы барынша пайдаланылды). Зымыранның істен шыққан бөлшектері құлап түсу алаңдарын белгілеу, алыстан өлшеу (телеметрия) мен радиобасқару пункттерін орналастыру, радиоқұралдардың көмегі аркылы зымыранның ұшу траекториясын бакылауға байланысты еш кедергілер туындамайтын.

1955 жылдың 12 ақпанында КОКП ОК мен КСРО Министрлер Кеңесі № 292-18 сс бірлескен қаулысымен КСРО Қорғаныс Министрлігінің (КСРО ҚМ №5 ҒЗСА) зымыранды сынауға арналған №5 ғылыми-зерттеу сынақ алаңын құру туралы шешімін бекітті.

Сынақ алаңын салу үшін Қазақстанның Қызылорда облысындағы Қазалы және Жусалы аудандарының арасы, Мәскеу-Ташкент темір жолы бойындағы Төретам бекетінің маңындағы аймақ бөлінді. 1955 жылдың алғашқы жартысында болашақ сынақ алаңының орны «Тайга» шартты атауына ие болды.

КСРО Қорғаныс министрінің бұйрығымен 1955 жылдың 19 наурызында сынақ алаңының бастығы болып артиллерия гвардия генерал-лейтенанты А.И. Нестеренко тағайындалды.

А.И.Нестеренко 1955 жылдың маусымының басында болашақ сынақ алаңының орнын алғаш көрген сәтін былай деп есіне алады: «Жусалының далалық аэродромына қонып, ұшақтан түскен бетте күйіп тұрған даланың шыжыған ыстығы бетті шарпыды. Біз үшін үйреншікті емес аптап ыстықтан деміміз тарылып, жарқыраған күн көзді аштырмады. Маршал М.И.Неделиннің адъютанты «Бұл сізге Фин моншасы емес, Орталық Азияның құмды шөлі», - деді.

Сонымен қатар А.И.Нестеренко: «Дегенмен, алғашқы сапарым барысында менде түрлі сезімдер пайда болды. Үрей, үміт, болашаққа деген сенім,  еш қиындыққа қарамастан осы сынақ алаңын саламыз деген сенім», - деп жазады.

Маман-кадрларды іріктеу барысында да үлкен қиындықтарға тап болады. Көптеген офицерлер мен қызметкерлер сынақ алаңының шөл далалық аумақта салынатынын біле сала жұмыстан бас тартып, түрлі сылтаулар айта бастайды. Колит, гастрит, гипертония, малярия, туберкулезге бейімділік сияқты түрлі ауру түрлерін ойлап табады...  Мамандарды иландыру, көндіру және түсіндіру жұмыстары қиынға түседі...

Сынақ алаңындағы құрылыс жұмыстары 1955 жылдың қысының екінші жартысынан басталды. Алғашында құрылысшылар шатырларда тұрды, көктемде Сырдарияның жағасында алғашкы жер үйлер салына бастады, 5 мамырда тұрғын үй калашығының алғашқы іргетасы (ағаштан) қаланды.

1957 жылдың 15 мамырында кейін Р-7 «Союз» зымыран-тасымалдаушысының прототипі болған 8К71 № 5Л құрлық аралық баллистикалық зымыраны, артынша 4 қазанда Жердің тұңғыш жасанды серігі ғарышқа ұшырылды. Осы жылы 3 қарашада екінші ЖЖС ұшырылды. 1959 жылдың 4 қазанында Айдың арғы бетін суретке түсірген «Луна-3», 1960 жылы «Восток» зымыран-тасымалдаушысы ұшырылды.

5-ші ҒЗСА 1961 жылы 12 сәуірде космосқа тұңғыш адам - Ю. А. Гагарин ұшқаннан кейін полигон  «Байқоңыр космодромы» (баспасөзде жариялану және т.б. мақсаттар үшін) деген ресми атауға ие болды.

1966 жылы Франция Президенті Шарль де Голльдің сынақ алаңына сапарына байланысты Ленинский  поселкесіне қала лауазымын беру туралы мәселе туындады. Қаланы Звездоград атау туралы ұсыныс түседі, бірақ ҚазКСР-і үкіметі қарсылық танытып, Ленинск атауына тоқталады. 1966 жылдың 21 маусымында ҚазКСР Жоғары Кеңесінің Президиумы Бұйрығымен Ленинский поселкесі облысқа бағынатын қалалар санатына жатқызылып, Ленинск деп аталатын болды. Осы атаумен 29 жыл өмір сүрді. 1995 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Шешімімен Байқоңыр қаласы атанды. Байқоңыр космодромы қазақ жеріндегі ең үлкен және өте күрделі инженерлік құрылыс қана емес, ғылыми-техникалық орталық болып есептеледі.

Байқоңыр космодромынан ғарыш корабльдерімен қатар геостационарлық орбитаға барлық ғарыш аппараттары (байланыс, телехабар, ГЛОНАСС ғарыштық навигациялық жүйесіне) ұшырылады. Сонымен қатар космодром ғарыш аппараттарын төменгі және орта орбиталарға  (Метеор метеорологиялық жүйесіне, Жердің табиғи ресурстарын зерттеу, т.б.), автоматты планета аралық және коммерциялық ұшырылымдарды жүзеге асырады.

Байқоңыр космодромының ғарышты игерудегі салмақты үлесі - «Протон» зымыран-тасымалдаушыларының планета аралық станциялармен Айға, Венераға, Марсқа жіберілуі, ұзақ мерзімді «Салют» және «Мир» орбиталық станцияларының ұшырылуы болды. Космодром «Восток», «Восход», «Салют», «МИР», «Марс», «Венера», «Луна» и «Энергия-Буран»  ғарыштық бағдарламалары мен жобаларын жүзеге асыруда қолданылды.

Байқоңыр «Мир» жобасын жүзеге асыруда ерекше рөл атқарды. Бұл жобаға 220 ұйым мен 80 ғылыми-зерттеу мекемелері қатынасты. «Мир» станциясында 104 адам, олардың 62-і шетелдік азаматтар барып қайтты. Медицина, биология, техника және астрофизика салаларында 31 000 тәжірибе жүргізілді.

Космодромның маңызы ұлттық ғарыштық бағдарламаларды жүзеге асыруда әр бағдарлама бойынша ұшырылған ғарыш аппараттарының санымен бағаланады. Жерді ғарыштан бақылау және қашықтықтан алдын-ала бақылау мақсатында ұшырылатын ҒА 70%-дан астам болса, байланыс және телехабар бойынша ҒА  25% -ы, метеорологиялық қамтамасыз ету үшін ҒА 40% -ы, ғылыми зерттеулерде ҒА  30% -дан астамын құрайды екен.

Бүгінде Байқоңыр космодромын Ресей Федерациясы 2050 жылға дейін жалға алған.

Сауле БАЙДИЛЬДИНА

Әлеуметтік пәндер кафедрасының доценті, т.ғ.к.