11.05.2021 Барлық жаңалықтар
2021 жылдың 4-6 мамыр аралығында Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінде (АЭжБУ) «Тіл білімдері» кафедрасының оқытушылары 9-мамыр Ұлы Жеңіс күніне байланысты, Ұлы Отан соғысы батырларын еске алу мақсатында 1 курс студенттерімен тәрбие сағатын өткізді. Тәрбие сағаты онлайн форматта өткізілді, оған1 курс студенттері белсенді қатысты. Студенттер қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ерліктері ел есінде қалған батырларымыз, соғыс ардагерлері туралы хабарлама жасап, соғыс туралы өлеңдер оқып, презентациялар дайындап, қазіргі жастар үшін Жеңіс күні ең ардақты күндердің бірі деп түсінетіндерін жеткізді.
Бұл тәрбие сағатының мақсаты мен міндеттері: студенттердің Отан тарихына деген сүйіспеншіліктерін арттыру, жеңіс салтанатын көре алмай кеткен боздақтардың ерлік істеріне тағзым етуге, өз халқымыздың тарихын құрметтей білуге, оларға патриоттық тәрбие бере отырып, өз елін, өз жерін қастерлейтін саналы да парасатты азамат тәрбиелеу. Отанды қорғауға, сүйіспеншілікпен қарауға, сүюге, үлкенді құрметтеуге, Отан үшін шайқасқа түскен аға-апаларымыздың рухына бас июге, үлкенге – ізет, кішіге – қызмет етуге, адамгершілікке тәрбиелеу болып табылады.
Жеңіске жету жолында қазақстандықтардың асқан ерлігі мен әскери жанқиярлығы Отан соғысы тарихындағы жарқын беттерге айналды. Сондықтан бұл күннің маңызы өте жоғары. Жеңіс үшін шыбын жандарын құрбан еткен бірнеше миллиондаған адамдардың есімдерін есте сақтап, 1418 азапты күн мен түнді болашақ үшін ерен еңбекпен, қайсар ерлікпен өткізгендерін ұмытуға болмайды.
9-мамыр Жеңіс күні – бүкіл дүние жүзі бойынша ұлы мереке. Әсіресе, бұл мереке екінші дүниежүзілік соғыстың бар ауыртпашылығын өз мойнымен көтеріп, Отан үшін от кешіп, соғыстың қанға бөккен даласында қайсарлықпен шайқасқан, Жеңістің туын желбіреткен, Ұлы Отан соғысының ардагерлері үшін ерекше мейрам.
Отан алдындағы борышын ақтап, қанды қырғын соғысты тұншықтырып, ұрпағына бақыт әкелген батырларымызды еске ала кетсек. олар: Бауыржан Момышұлы, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Мәлік Ғабдуллин, Талғат Бигелдинов және т.б. Өзінің елі үшін осы майданға барған ата-бабаларымызға құрметпен бас иеміз.
Талай жанды қиды ажал балтасы.
Жауды жеңіп қайтты ауылға қаншасы.
Біздің мына бейбіт өмір алаңсыз.
Ел қорғаған батырлардың арқасы
Ұлы Отан соғысы, оның зардаптары, Ұлы Жеңіс туралы мағлұмат беріп, Отан үшін жан қиған қыршын боздақтар мен соғыстан оралған, қазіргі кезде арамызда жүрген ардагерлеріміздің ерлігін үлгі ете отырып, оларды құрметтеудің қаншалықты маңызды екенін жеткізе білдік деген сенімдеміз.
Біздің парызымыз – Ұлы Жеңісті ешқашан ұмытпай есте сақтау!