100 летие Казахской АССР.

100 летие Казахской АССР.


26.08.2020 Все Новости


1920 жыл 26 тамыз - РКФСР БОАК ПЕН ХКК-НІҢ «АВТОНОМИЯЛЫ ҚЫРҒЫЗ (ҚАЗАҚ) СОЦИАЛИСТІК КЕҢЕСТІК РЕСПУБЛИКАСЫН ҚҰРУ ТУРАЛЫ» ДЕКРЕТІ ҚАБЫЛДАНДЫ.

1920 жылдың 26 тамызында РКФСР Орталық Атқару Комитетінің төрағасы М. И. Калинин мен РКФСР Халық Коммиссарлары Кеңесінің төрағасы В.И. Ленин қол қойған РКФСР құрамындағы, орталығы Орынбор қаласы болатын Қырғыз (Қазақ) Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасын құру туралы Декрет жарияланған тарихи күн. Бұл - қазақтар үшін «ақ түйенің қарны жарылған күн» еді. Өйткені, осыдан 100 жыл шамасы бұрын, нақтырақ айтқанда 1822-1824 жж. хандық биліктен айрылған салы суға кетіп, тал қармаған халқымыз 1920 ж. РКФСР құрамында болсақ та, соның ішіндегі қазақ мемлекеттілігінің сәулесі жарқырап, 1936 жылы КСРО дейтін алып империяның құрамына автаномиялықтан таза республикалық мемлекет дәрежесіндегі құқыққа қол жеткіздік, 1991 ж. күніміз оңынан туып, содан бері Егеменді ел болып отырмыз.

 Осы жоғарыдағы айтқан мемлекет болу кезеңдерінен өту оңай болмады. Әуелі мойындайтын шындық, Қазақстанның мемлекеттілігі деген ұғым, 1903 ж. (РСДЖРП-ның II съезінде) өмірге келген большевиктер партиясының ұлттық бағдарламасының негізінде пайда болды. Ол бағдарламада «Ресей империясына тәуелді ұлттық құрамалардың бәрі болашақта өз алдына жеке мемлекет болып бөлінуіне дейін құқы бар» делінген. Бірақ, 1917 ж. қазан айында билікке келген большевиктер партиясы оның жетекшісі В.И. Лениннің ұйғарымымен ұлттық мемлекеттілік деген ұғымды ортақ таптық-социалистік меммлекеттік ұғыммен ауыстырып жіберді. Дәл сол тұста бұның мәнісін әсіресе, «таптық», «социалистік» деген террминдердің нені меңзейтінін қарапайым қазақ тұрмақ, біздің арамыздағы сол кездегі көптеген алдыңғы қатарлы көзі ашық зиялылардың өзі ажырата алмады. Қазір айтуға болады,1991 жылы егемендік алғанға дейін қаншама жерден марксист-большевик болсақ та, көбіміз К. Маркс пен Ф. Эньгелстің тіпті В.И. Лениннің теориялық еңбектерінен «Жеке меншікке негізделінбеген тапсыз қоғам» дегенді түсінуден әріге бара алмағанымыз рас. Расында, алдымен неміс тілінен ағылшынға, одан орысшаға, кейіннен қазақшаға аударылған классикалық еңбектердің түсінуге қиын болғанын қазір де кеңес кезінде оқығандардың бәрі айтып жүр.

Тығырыққа тірелген 1917 жылдары РКФСР-дің дүниеге келуі Мұстафа Шоқай мен Мұхамтжан Тынышбаев сияқты зиялыларға ой салып, олар тәуелсіз ұлттық автономия деген идеяны көтерді. Ақыры көп кешікпей, осы идеяның жетегімен 1917-ші жылдың қарашасында өткен IV- ші Жалпымұсылмандық съезде Түркістан автономиясы («Қоқан автономиясы») дүниеге келді. Бірақ ұлттық идея негізінде құрылған осы автономиядан секем алған кеңес басшылығы оны орағыта келе, 1918 жылдың сәуір айында Ташкент қаласында болған Түркістан өлкелік Vсъезінде РКФСР үлгісіндегі Түркістан АКСР-ын құрып үлгірді. Ақыры осы құрылған автономияларды бір-біріне қарсы қойған кеңес басшылығы 1918 жылдың ақпан айында большевиктердің ықпалындағы Түркістан АКСР-нің әскери күштерінің басымдығымен Түркістан автономиясын («Қоқан автономиясы») талқандап, таратып жіберді. Оның басшысы Мұстафа Шоқай шет елге кетуге мәжбүр болды. Кейін жоғарыда айтқандай, 1920 жылдың 26 тамызында Қырғыз (Қазақ) Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасын құруға қол жеткіздік. Сөйтіп, бүкіл қазақ болып, КСРО-ның туы астында топтасу жылдары еркін ел болуға лайық екенімізді көрсетіп, бұл күнде бүкіл дүние жүзі танып отырған егеменді мемлекетке айналсақ, біз үшін кезіндегі Қырғыз (Қазақ) Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасы болып құрылудың маңызы мынада:

  1. Қырғыз (Қазақ) АКСР-«нің құрылуы біртұтас қазақ елінің қоғамдық- саяси және әлеметтік – эканомикалық дамуын өркендетудегі елеулі оқиға болып табылды;
  2. Ол – таптық-социалистік ұстаным негізіндегі Кеңестік формада құрылса да, қазақтың хандық мемлекеттіліктен кейінгі байырғы қазақ жерінің басым бөлігін қамтыған Қазақстан мемлекеттілігінің заманға сай түрі еді;
  3. Қырғыз (Қазақ) АКСР-нің құрылуымен Ресей империясының тұсындағы отарлаушылық салдарынан тоз-тоз болып ыдырап кеткен Қазақстанның аумақ тұтастығы қалпына келтіріле бастаса, бұның өзі қазақ халқының болашақ тарихи тағдыры үшін аса маңызды рөл атқарды;
  4. Мемлекеттілік сияқты аса қиын да күрделі мәселені шешуде өздерінің саяси және идеялық келіспеушіліктеріне қарамастан Алашорданың бұрынға қайраткерлері мен Кеңес өкіметінің белсенді жақтаушылары ұлттық мүдде жолында жан аямай жұмыс істесе, расында да олардың екі жағы бірдей әуелден-ақ бүкіл қазақты бір ту астына біріктірудегі біртұтас мемлекеттің болуын аңсаған көрегенді де көрнекті қайраткерлер болып табылады; (Егер осы оқиғадан кейінгі бірер жылдан соң бүкіл ел ішінде қуғын-сүргін басталып, жоғарыда біз айтқан екі жақтың (Большевиктер мен Алашордашылар) белсенділері бірінші болып тұзаққа ілінді...
  5. Қырғыз (Қазақ) АКСР-«нің құрылуы барысында дәл осы қайраткелерінің арқасында жерге қоныстандыру мәселесі жан-жақты қарастырылып, «патша үкіметінің отарлау саясатының қалдықтарын және ол тудырған басқа да әділетсіздік атаулардың бәрін жою» шаралары басыңқы айтылғандықтан, бірте-бірте өзінің әділ шешімін тауып, бүгінде жер аумағы жағынан әлемде 9-шы орынға ие болып отырмыз.

 Қорытындылай айтсақ, Алашордашылар өз кезегінде: «Жер тағдыры-ел тағдыры» деп ұран көтерсе, ендігі біздің және болашақ жас ұрпақтың міндеті-жерге қатысты байлығымызды көздің қарашығындай сақтап, оны шашау шығармай қорғай білуде. Сондай-ақ, бүкіл өмірлерін осы жолда сарп ете жүріп, мемлекеттілігіміздің іргесін көтеріп кеткен кезіндегі бүкіл қазақ зиялыларының біртұтас энцклопедиясын құрастырып, олардың еңбектерін өшпес мұра ретінде қарастыра білуде.

Берлібаев Б.Т., т.ғ.д., АЭжБУ-дегі

Әлеуметтік пәндер кафедрасының профессоры

(Суреттер тарихшы-ғалым Сәбит Шілдебайдың қорынан алынды)

ENERGO UNIVERSITY